Шымкент қаласының әкімі тұрғын үй және көлік инфрақұрылымы нысандарының құрылыс барысын тексерді

Loading

Шымкентте тұрғындарды баспанамен қамту және көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар қатар жүргізілуде. Кезекті қаланы аралау барысында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылыс барысын тексеріп, олардың сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуына баса назар аударды.

Аралау барысында тұрғын үй кезегінде тұрған 40 отбасыға жаңа пәтер кілттерін табыстау рәсіміне қатысты. Бозарық шағынауданындағы жаңа көпқабатты үйлерден баспана сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы аясында ұсынылды. Қоныс иелері қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Жаңа үйлер қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған.

Қала басшысы бұдан кейін бірқатар маңызды көлік инфрақұрылымы нысандарындағы құрылыс жұмыстарының барысын зерделеді. Тіленшин көшесіндегі автокөлік өткелінің құрылысына ерекше назар аударылып, нысанның сапалы орындалуы, жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай қалыптастыру және аумақты кешенді абаттандыру мәселелері қаралды.

Сонымен қатар Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысында салынып жатқан жолайрықтың құрылыс барысы тексерілді. Қазіргі таңда мұнда қажетті жұмыс күші мен арнайы техника толық жұмылдырылған. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беру жоспарланған.

Бұдан бөлек Тұран ауданындағы А-2 айналма автожолын реконструкциялау жобасының V кезеңі мен Қонаев даңғылының жалғасын салу жобасының V кезеңі қаралды. Бұл ірі жобалар қаланың көше-жол желісін кеңейтіп, көлік ағынын тиімді қайта бөлуге, негізгі магистральдарға түсетін жүктемені азайтуға және шаһардың әр бөлігіндегі көлік байланысын жақсартуға мүмкіндік береді.

Аралау қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға барлық нысандардағы құрылыс сапасын тұрақты бақылауда ұстау, анықталған кемшіліктерді жедел жою және жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Тұрғын үй құрылысы мен көлік инфрақұрылымын қатар дамыту Шымкенттің заманауи, жайлы әрі қауіпсіз мегаполис ретінде қалыптасуының маңызды бағыттарының бірі болып отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You