![]()
Шымкент қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылым жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің кезекті жұмыс сапары барысында баспана мәселесі, жылу жүйелерін жаңғырту, жол құрылысы және кәріз инфрақұрылымын дамытуға қатысты бірқатар нысанның жұмысы сараланды.
Аралау барысында қала әкімі тұрғын үй кезегінде тұрған 40 отбасыға жаңа пәтерлердің кілтін табыстау рәсіміне қатысты. Бозарық шағынауданындағы көпқабатты үйлер сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы аясында пайдалануға берілді. Қоныс иелерінің қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, сондай-ақ Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген азаматтар бар.
Баспана қорын ұлғайту – тұрғын үй кезегін кезең-кезеңімен қысқартудың және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдаудың маңызды тетігі. Биылдың өзінде Шымкентте тұрғын үй кезегінде тұрған 2865 отбасы баспаналы болды. Оның 1800-і несиелік тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, 1065 отбасы жалға берілетін пәтерлерге ие болды. Жыл соңына дейін тағы 4521 азаматты баспанамен қамту жоспарланған. Осылайша, 2026 жылы тұрғын үй бағдарламалары арқылы жалпы 7386 кезектегі азаматтың тұрғын үй жағдайын жақсарту көзделіп отыр.
Қала инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жүйелі жалғасуда. Отырар шағынауданында жылу желілерін жөндеу барысы тексерілді. Жылыту маусымына дайындық аясында қала бойынша жалпы ұзындығы 18,5 шақырым жылу желісін жаңғырту жоспарланған. Жауапты мекемелерге жұмысты белгіленген мерзімде аяқтап, қазылған аумақтарды сапалы нығыздау, жол жабындысы мен іргелес аумақтарды толық қалпына келтіру тапсырылды.
Еңбекші ауданындағы Исраилов көшесін қайта жаңғырту және Қарабастау шағынауданындағы жол құрылысы да назарға алынды. Мердігерлерге құрылыс сапасын қамтамасыз ету және бекітілген жұмыс кестесін қатаң сақтау міндеттелді. Жол сапасы – қаланың көлік қатынасы ғана емес, тұрғындардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін маңызды фактор.
Сонымен қатар «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС жүзеге асырып жатқан сұйық тұрмыстық қалдықтарды қабылдау станциясының құрылысы қаралды. Нысан орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылмаған үйлер мен басқа да объектілерден келетін ағынды суларды қабылдап, оларды тазарту құрылыстарына жеткізуге мүмкіндік береді.
Жоба әзірлену барысында тұрғындардың ұсыныстары да ескерілген. Қоршаған ортаға әсерді барынша азайту үшін желдету жүйесімен жабдықталған жабық қабылдау боксын салу көзделген. Бұл жағымсыз иістің таралуын төмендетіп, санитариялық-экологиялық талаптарды сақтауға және қаланың су бұру жүйесінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Осы жобалардың барлығы бір мақсатқа – тұрғындарға қауіпсіз, жайлы әрі заманауи орта қалыптастыруға бағытталған. Қала басшысы жауапты құрылымдарға жұмыстардың сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстап, әр нысанның нақты нәтижемен аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
