Шымкент қаласының әкімі тұрғындарды жұмыспен қамту шараларын жалғастыруды тапсырды

Loading

Шымкентте Еңбек күніне орай өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілердің тікелей байланыс орнатуына мүмкіндік беретін алаңның жұмысымен танысты. Жәрмеңкеде 100-ден астам мемлекеттік және жекеменшік ұйым, оның ішінде индустриялық аймақтардағы 20 кәсіпорын 3 100-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Оның 2 мыңға жуығы — тұрақты, 1 100-і — уақытша жұмыс орындары.

Абай, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Павлодар облыстарынан келген 20-дан астам делегация өкілдері тұрғындарға жұмысқа орналасу, ерікті түрде қоныс аудару және жұмыспен қамтуға арналған мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде кеңес берді. Жәрмеңке азаматтарға еңбек нарығындағы мүмкіндіктермен танысып, өзіне лайықты жұмыс табуға жол ашты.

Қалада жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл 31 398 адамды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына тарту жоспарланған. 21 қыркүйектегі жағдай бойынша 26 412 азамат түрлі бағдарламалармен қамтылды. Жоспарланған 9 446 жұмыс орнының 7 732-сі құрылды. Тұжырымдама мен даму бағдарламасы аясында 813 адам жұмысқа орналастырылса, жеке бастамалар есебінен 6 919 адамды жұмыспен қамту жоспары толық орындалды.

Еңбек нарығына қажетті дағдыларды дамытуға да басымдық берілген. Бұл бағытта 4 149 адам қамтылып, 450 азамат жұмыс берушілердің өтінімі бойынша оқуға жіберілді, тағы 160 адам тікелей жұмыс орнында білім алды. Enbek.kz порталы арқылы 3 454 азамат онлайн оқудан өтті. Кәсіби біліктілікті тану бағыты бойынша 85 адам оқытылды.

Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шараларына 2 726 азамат тартылып, оның 2 623-і «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алды. Әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мемлекеттік гранттар қарастырылған. Жоспарланған 400 алушының 103-іне грант берілді.

Сонымен қатар субсидияланатын жұмыс орындарына 3 229 азамат жолданды. «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша 1 404 адам, қоғамдық жұмыстар аясында 1 479 тұрғын жұмыспен қамтылды. Жалпы, биыл 11 427 адамды тұрақты жұмысқа орналастыру көзделсе, есепті кезеңде олардың 8 575-і жұмысқа тұрған.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасына сәйкес, жаңа жұмыс орындарын ашу, сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадр даярлау және кәсіпкерлікке қолдау көрсету жұмыстары жалғасады. Басты міндет – тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына жағдай жасап, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың өзара сәйкестігін арттыру.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You