![]()
Шымкентте ауыл шаруашылығы жануарлары мен олардың қора-жайларын кенеге қарсы өңдеу жұмыстарының екінші кезеңі басталды. Қалалық «Ветеринариялық қызмет» мекемесі жүргізіп жатқан жоспарлы шаралар малдың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, кенелер мен өзге де зиянды жәндіктердің таралуының алдын алуға бағытталған.
Залалсыздандыру жұмыстары жылына екі рет – көктем және күз мезгілдерінде жүргізіледі. Екінші кезең аясында мал ұстайтын аулалардағы қора-жайлар мен оған іргелес буферлік аумақтар арнайы препараттармен өңделуде. Жұмыстарға 18 дезинфектор маман мен 6 арнайы техника жұмылдырылған.
Жоспарлы өңдеу ауыл шаруашылығы жануарлары ұсталатын және арнайы қорасы бар үйлерге тегін жүргізіледі. Мамандар белгіленген аумақтарды санитарлық талаптарға сай өңдеп, кенелердің таралу қаупін барынша азайтуға күш салады.
Жалпы дезинфекциялық шаралар барысында 74 850 бас ірі қараны бүрку, 77 660 бас ұсақ малды тоғыту жоспарланған. Сонымен қатар 2 325 750 шаршы метр қора-жай мен оған жапсарлас аумақ, сондай-ақ 2 311 161 шаршы метр саябақ пен гүлзар арнайы химиялық препараттармен өңделеді.
Мұндай профилактикалық жұмыстардың маңызы, әсіресе, жылы мезгілде арта түседі. Себебі кенелер тек малға зиян келтіріп қана қоймай, адам денсаулығына қауіп төндіретін бірқатар жұқпалы аурудың таралуына себеп болуы мүмкін.
Солардың бірі – Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы. Қауіпті инфекция адамға кене шаққан кезде ғана емес, қанға тойған кененің қаны зақымдалған теріге немесе шырышты қабыққа түскен жағдайда да жұғуы ықтимал. Атап айтқанда, малдағы кенені қолмен тазалау, алып тастау немесе малдың жүнін қырқу кезінде қауіп туындайды.
Осыған байланысты мамандар тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады. Аула мен қора-қопсыны таза ұстап, қи-қоқысты уақытылы шығару, малды күтіп-баптау кезінде жеке қауіпсіздік талаптарын сақтау – кенеден тарайтын аурулардың алдын алудың маңызды шарттарының бірі.
Шымкентте жүргізіліп жатқан жүйелі ветеринариялық-профилактикалық шаралар мал шаруашылығының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрғындардың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін сақтауға да бағытталған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
