Шымкент әкімі мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын тексеру мақсатында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан бірнеше білім ұяларын аралады.
Шаһарда үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесін 2023 жылы, ал орын тапшылығын 2025 жылға дейін толығымен шешу жоспарланған. Осы орайда қалада білім ұясының құрылысы қарқынды жүруде. Биыл Шымкентте 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Солардың бірі — №46 жалпы білім беру мектебі. Аталмыш білім ұясында 1,5 га аумаққа қосымша корпус салынуда. Жоба бойынша нысанда 300 оқушы орны, спортзал, 110 орындық асхана және 10 мың кітап қорына арналған кітапханасы 8 орындық оқу залымен қарастырылған. Жаңа ғимарат құрылысы аяқталумен 38 адамға тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады. Өткен жылы құрылысы басталған мектептің корпусы жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берілмек.
Қала әкімі құрылыс барысындағы кемшіліктер бойынша жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берді.
Келесі кезекте әкім 18 шағынауданда орналасқан № 38 орта мектепте болды. Мұнда 1,9 га жерге қосымша ғимарат салынуда. Жобаға сәйкес нысанда 375 оқушы орны, спортзал, 76 орындық асхана қарастырылған. Жаңа ғимарат құрылысы аяқталса 27 адамға тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады.
Құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталады деп күтілуде.
Айта кетейік, биыл қалада одан бөлек, 5 мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Жалпы, Шымкент қаласында 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарға сәйкес 75 015 орынға арналған 77 мектеп салу жоспарланған. Оның 54-і мемлекет есебінен, 4-уі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде, ал 19 мектеп жеке инвесторлар есебінен бой көтермек. Биылғы жылы 10 540 орынға арналған 16 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Құрылысы жүріп жатқан 11 мектептің есебімен жекеменшік білім мекемесінің саны 62-ге жетеді. Ал, бюджет есебінен биыл 5 мектептің жанынан қосымша ғимараттардың құрылысы жүргізілуде. Жаңа нысандар пайдалануға берілген тұста қалада үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендейді. Жалпы үш ауысымда білім беретін мектептер және мектебі жоқ шағын аудандар мәселесін 2023 жылы, ал орын тапшылығын (дефицит) 2025 жылға дейін толығымен шешу жоспарланған.