Шымкентте Ұлттық домбыра күніне арналған шеру «Mega Planet Shymkent» ойын-сауық орталығында жалғасты

Loading

Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік іс-шаралар аясында ұйымдастырылған «Домбыра – ұлттың үні, Конституция – елдің тірегі» атты домбырашылар шеруі «Mega Planet Shymkent» ойын-сауық орталығында жалғасты.

Іс-шара барысында өнерпаздар халық күйлері мен ұлттық шығармаларды орындап, сауда-ойын-сауық орталығына келген тұрғындар мен қонақтарға мерекелік көңіл күй сыйлады. Домбыраның әсем үні орталықты тербеп,  келушілер ұлттық өнерді зор ықыласпен тамашалады.

Шеруге қатысушылардың қатарында кәсіби күйшілермен қатар жас домбырашылар да болды. Олар қазақтың дәстүрлі әндерін шырқап, күй өнерін насихаттап, ұлттық мәдениеттің құндылығын көпшілікке таныстыруға үлес қосты.

Көпшілік алдында өткен мәдени шараға келушілер қызығушылық танытып, өнерпаздардың орындауындағы әндерді ықыласпен тыңдады. Бірқатар тұрғындар домбырашылармен естелік суретке түсіп, әндерді қоса шырқады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралардың мақсаты ұлттық өнерді кеңінен дәріптеу, жастардың домбыраға деген қызығушылығын арттыру және ұлттық мәдени мұраны насихаттау. Ұйымдастырылған мәдени бағдарламалар қала тұрғындарының мерекелік көңіл күйін көтеріп, ұлттық құндылықтарды ұлықтады.

Айта кетейік, Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік бағдарламалар Шымкент қаласының бірнеше қоғамдық орындарда жалғасып жатыр.

Шымкентте Ұлттық домбыра күніне арналған іс-шаралар ұлттық өнердің қоғамдағы орны мен рухани құндылығын тағы бір мәрте айшықтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Домбыра – ұлтымыздың рухани болмысын айшықтайтын ең қастерлі мұралардың бірі» екенін атап өтіп, ұлттық мәдениетті дәріптеу ел бірегейлігін нығайтудың маңызды бағыты екенін бірнеше рет айтқан болатын. Осы тұрғыдан алғанда, Шымкентте ұйымдастырылған мәдени бағдарламалар жастардың ұлттық өнерге қызығушылығын арттырып, тарихи жады мен дәстүр сабақтастығын күшейтуге қызмет етеді. Қала тұрғындарының белсенді қатысуы мұндай бастамалардың қоғам сұранысына сай екенін көрсетті. Ұлттық домбыра күні аясындағы мерекелік жобалар ұлттық мұраны ұлықтап, өскелең ұрпақтың бойына елдік рух пен мәдени құндылықтарды сіңіруге жол ашып келеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You