Шымкентте 40 отбасы көптен күткен баспанасының кілтін алды

Loading

«Көрме» орталығында бұл күні қуаныш пен толқыныс қатар сезілді. Залда көпбалалы аналар балаларымен, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар, жетім балалар және өзге де әлеуметтік осал санатқа жататын кезекте тұрған тұрғындар жиналды. Олар үшін бұл кезекті ресми шара ғана емес, жылдар бойы күткен баспанаға бастар жолдың нақты нәтижесі еді.

Рәсім барысында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Бозарық шағынауданында салынған жаңа жалдамалы тұрғын үйлердің 40 отбасына кілтін табыстады. Осылайша, ондаған отбасы үшін баспана мәселесін шешуге мүмкіндік беретін жаңа кезең басталды.

Тұрғын үй бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Көпжан Төлебаевтың айтуынша, жаңа пәтерлер мүгедектігі бар азаматтарға, көпбалалы отбасыларға, мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға, жетім балаларға және тұрғын үй кезегінде тұрған басқа да әлеуметтік санаттарға берілді. Ең маңызды ерекшелігі – бұл баспаналар кейін сатып алу құқығымен ұсынылады.

Яғни тұрғындар пәтерді бірден сатып алмай-ақ, салыстырмалы түрде төмен жалдау ақысы арқылы пайдалана отырып, болашақта оны өз меншігіне айналдыруға мүмкіндік алады. Бір бөлмелі пәтердің ай сайынғы жалдау ақысы 10 мың теңгеге дейін, екі бөлмелі пәтердікі – 15 мың теңгеге дейін, үш бөлмелі пәтердікі – 20 мың теңгеге дейін белгіленген. Бұған қоса, жалдау мерзіміне шектеу қойылмаған.

Бұл мүмкіндікпен бірге белгілі бір жауапкершілік те жүктеледі. Тұрғындар жалдау ақысын және коммуналдық қызметтер төлемін уақытылы өтеуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға және пәтерді қосалқы жалға бермеуге тиіс. Талаптар бұзылған жағдайда әкімдік заң аясында шара қолдануға құқылы.

Баспаналы болғандардың бірі – 28 жастағы бес баланың анасы Евгения Жолдасова. Үй шаруасындағы келіншек пәтер кезегінде тоғыз жыл тұрған. Осы уақыт ішінде отбасы үшін жеке баспанаға қол жеткізу үлкен арман болды. Енді сол арман Бозарықтағы үш бөлмелі пәтердің кілтіне айналды.

«Мен өте қуаныштымын. Енді біздің Бозарықта үш бөлмелі пәтеріміз бар. Барлығымызға орын жетеді. Оны тезірек өз меншігімізге сатып алуға тырысамыз», – дейді Евгения.

Бұл отбасы үшін жаңа үй – жай ғана төрт қабырға емес, бес баланың алаңсыз өсіп-жетілуіне мүмкіндік беретін тұрақты орта. Ал оны кейін жеке меншікке айналдыру мүмкіндігі отбасының ертеңіне деген сенімін күшейтіп отыр. Жолдасының жүргізуші болып еңбек етуі енді отбасы үшін бұрынғыдан да маңызды. Өйткені олардың алдында нақты мақсат бар – бүгін жалға алған баспананы ертең өз үйіне айналдыру.

Шымкентте әлеуметтік санаттағы азаматтарды баспанамен қамтуға бағытталған мұндай тетіктердің маңызы да осында. Олар кезектегі тұрғынға бір мезетте пәтер берумен шектелмей, отбасының ұзақ мерзімді тұрғын үй тұрақтылығына жол ашады. Бозарықтағы 40 пәтер – 40 отбасы үшін жаңа мекен ғана емес, өз үйіне деген үміттің нақты негізі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You