![]()
Шымкентте 10 тамыз – Абай күніне орай ұлы ақынның рухани мұрасын ұлықтауға арналған мәдени іс-шаралар легі жалғасты. Абайдың тағылымды шығармаларын жас ұрпаққа кеңінен насихаттап, ұлттық әдебиет пен өнерге деген қызығушылықты арттыруға бағытталған шаралар қала тұрғындарына рухани мазмұны терең кештер ұсынды.
Сондай шаралардың бірі – «Абай әлемі» қалалық байқауы. Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі ұйымдастырған байқауға жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері мен шығармашыл жастардан 42 үміткер қатысты. Оның 15-і екінші кезеңге жолдама алды.
Байқау барысында қатысушылар Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқып, әндерін орындап, ақын шығармаларының терең мазмұны мен тағылымын көрерменге жеткізді. Қатысушылардың көркем оқу шеберлігі, сахна мәдениеті, сөз саптауы, шығарманы түсіну деңгейі мен орындаушылық қабілеті қазылар тарапынан сараланды. Шара аясында «Абай мұрасы – мәңгілік құндылық» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған әдебиеттер көпшілік назарына ұсынылды.
Байқауға қазылық еткен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Анар Жаппарқұлова жастардың дайындығына жоғары баға берді. Оның айтуынша, қатысушылардың Абай мұрасына деген қызығушылығы айқын байқалады. Ұлы ақынның шығармаларын үнемі оқып, оның ой-тұжырымдарынан тағылым алудың маңызы зор.
Байқау қорытындысында Бас жүлде Шаншар Иса Жақсыгелдіұлына бұйырды. І орынды Қали Үмбетәлі Бақтиярұлы иеленді. ІІ орын Муслим Ләззат Шорақызы мен Лескенқызы Ұлбалаға берілсе, ІІІ орын Шахыдін Гүлжанат, Маханбетова Тұрарбек Әбілдаұлы және Толмачева Ангелина Андреевнаға табысталды. Қалған қатысушылар арнайы дипломдармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Абай мұрасын ұлықтаған мәдени шаралар «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде өткен «Шымқала кешінде» де жалғасты. Кеш ұлы ақынның рухани әлемін поэзия мен музыка арқылы танытуға арналды. Жастар театрының өнерпаздары сахнада «Қалың елім, қазағым» поэтикалық толғауын орындап, Абайдың ел тағдыры, халық болмысы мен адамдық қасиеттер туралы терең ойларын көрерменге көркем жеткізді.
Поэзиялық қойылымнан кейін кеш «Шымкент концерт» концерттік ұйымы өнерпаздарының орындауындағы әсем әндермен жалғасты. Бағдарламада «Көзімнің қарасы», «Оралшы махаббат», «Таң сыры», «Тәтті бақыт», «Ризамын», «Отаным», «Қазақ елі» сынды шығармалар шырқалды.
Әдебиет пен өнер тоғысқан бұл шаралар Абай мұрасының уақыт өткен сайын маңызы арта түсетінін тағы бір мәрте көрсетті. Шымкентте ұйымдастырылған тағылымды кештер ұлы ойшылдың шығармашылығын кеңінен насихаттап қана қоймай, жас ұрпақты ұлттық құндылықтарды қадірлеуге, білім мен өнерге ұмтылуға үндеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
