![]()
Шымкент қаласында ауа температурасының жоғарылауына байланысты тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және аптап ыстықтың әсерін азайту бағытында тиісті шаралар қолға алынған. Солардың бірі – қала аумағындағы каналдарға су жіберу арқылы табиғи микроклиматты жақсарту.
Қазіргі таңда Бадам су қоймасынан бастау алатын БМК каналы арқылы Шымкент және Жаңа шек каналдарына секундына 350-400 литр көлемінде су жіберілуде. Су ағыны қала көшелері мен қоғамдық кеңістіктер арқылы өтіп, ыстық күндері қоршаған ортаның жайлылығын арттыруға ықпал етеді.
Атап айтқанда, Шымкент каналы арқылы Дулати және Қазыбек би көшелерінің басынан Шағын Самал шағынауданына дейінгі аумаққа, сондай-ақ Абай саябағы арқылы ағын су жеткізілуде. Бұл бағыттағы су арналары қаланың бірқатар бөлігін қамтып, жазғы кезеңдегі табиғи салқындату әсерін күшейтуге мүмкіндік береді.
Жаңа шек каналы арқылы да қаладағы негізгі көшелерге су жіберу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Аймауытов, Ақпан батыр, Иляев, Адырбеков, Тәуке хан даңғылы, Толстой, Тәшенов, Қазыбек би, Дулати, Шәймерденов, Желтоқсан көшелері және Темірлан тасжолы қамтылды.
Сонымен қатар БМК каналы арқылы Кәусар каналына секундына 120-150 литр көлемінде су жіберілуде. Бұл да қала аумағындағы су арналарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыстардың негізгі мақсаты – аптап ыстықтың әсерін барынша төмендетіп, қала аумағындағы микроклиматты жақсарту. Су арналарының жұмысын қамтамасыз ету көгалдандырылған аумақтардың жай-күйіне де оң әсерін тигізіп, тұрғындар үшін жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жазғы ыстық кезеңде мұндай шаралардың маңызы арта түседі. Қаладағы су арналарының тиімді пайдаланылуы қоршаған ортаның табиғи тепе-теңдігін сақтауға және тұрғындардың жайлылығын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстардың бір бөлігі болып отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
