ШЫМКЕНТТЕ БЕСІНШІ АУДАН ҚҰРУ ТУРАЛЫ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАНДЫ

Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс он сегізінші сессиясы өтті. Сессияға Шымкент қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Шыңғыс Мұқан, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова қатысты. Оны мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов ашып берді. Күн тәртібінде Шымкент қаласында бесінші ауданды құру және аудандардың шекараларын белгілеу туралы мәселе қаралды.

Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұловтың айтуынша, шаһардағы демографиялық өсім жоғары, қала тұрғындарының саны жыл сайын 2,5-3 пайызға дейін көбейіп келеді. Оның үстіне Шымкент республикалық маңызға ие қалалар арасында аумағының кеңдігі жағынан бірінші орында тұр. Қалаға кейіннен қосылған  ауыл типтес 41 елдімекен бар. Бұл шағынаудандар мен тұрғын алаптарды дамыту –кезек күттірмейтін мәселе. Аппарат басшысы осыған байланысты жаңадан бесінші аудан құру қажеттілігі туындап отырғанын атап өтті. Жаңа ауданның құрылуы қаланы басқаруды жетілдіріп, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға септігін тигізеді.

Бұл мәселе Шымкент қаласы мәслихаты тұрақты  комиссияларының бірлескен отырысында қаралып, жан-жақты талқыланғандықтан халық қалаулылары ұсынысты бірауыздан қолдады. Осылайша, Шымкентте бесінші аудан құрылатын болды. Жаңадан құрылатын ауданның аумағы 36 мың гектарды құраса, ондағы тұрғындар саны шамамен 210 мың болмақ. Оған 16 елдімекен мен тұрғын алабы кіреді. Даңғылдар мен көше саны — 533 болса, тұрғын үй саны — 39 883. Ал әлеуметтік нысандар бойынша 25 мектеп, 18 балабақша, 6 колледж, 6 денсаулық мекемесі, 5 саябақ болады. Ал бесінші ауданға атау беру бойынша мәселе қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес, алдағы сессияда Республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылатын болады.

 

«Anyq.kz» — ақпарат

 

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.