Шымкентте полицейлер «Адам саудасын бірге тоқтатамыз!» атты ақпараттық түсіндіру акциясын өткізді

30 шілде — дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай Шымкент қаласы Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері мен ҮЕҰ мүшесі болып табылатын «Сана Сезім» ҚБ-нің қызметкерлері, Шымкент қаласының әкімдігінің қызметкерлері мен Абай ауданы әкімдігінің қызметкерлері теміржол вокзалында және әуежайда арнайы атты ақпараттық түсіндіру акциясын өткізді.

Шара барысында тәртіп сақшылары жолаушылар мен қала тұрғындарына адам саудасының қауіптілігі, оның түрлері мен белгілері туралы мәлімет беріп, аталған жағдайдан сақтану жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ адам құқықтарын қорғауға бағытталған жадынама парақшалар таратылып, тұрғындармен профилактикалық әңгіме жүргізілді.

Акцияның басты мақсаты — қоғамда адам саудасы туралы түсінікті қалыптастыру, қылмыстың алдын алу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Шымкенттік полицейлер адам саудасына байланысты қылмыстың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі сұрақтар бойынша «102» нөмірі бойынша хабарласу қажеттігін ескертеді.

Адам саудасы демекші, Шымкентте 15 және 16 жастағы жасөспірім қыздар жыныстық құлдықтан құтқарылды. Бұл туралы қаладағы адам саудасына түскендерге пана болатын №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы басшысының орынбасары Ғалия Муталиева айтты.

Оның сөзінше, биыл 11 наурыз күні екі қызды қалалық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері орталыққа алып келген. Олар жалдамалы пәтерден табылған. Тергеп-тексеру кезінде олардың адам саудасына тартылып, соның құрбаны болғаны анықталған. Орталыққа ата-анасының өтінішімен жеткізілген.

«Оларға медициналық, психологиялық, құқықтық көмек берілді. Екі қыз да жыныстық тұрғыда адам саудасына тартылғаны анықталды. Бірі – Тараз қаласының, екіншісі Алматы қаласының тұрғыны. Оларды 22 жастағы қыз Шымкентке алып келген. Қыздар қайда, не үшін бара жатқанын білмеген», – дейді орталық басшысының орынбасары.

Ғ.Муталиеваның айтуынша, орталыққа жылына құлдыққа түскен 3-4 адам түседі екен. Олардың ішінде жыныстық құлдыққа түскендерден бөлек еркінен тыс еңбекке жегілгендер де бар.

Шымкент қалалық әлеуметтік қорғау басқармасының дерегінше, соңғы 5 жылда қалада 15 адам осындай жағдайға тап болған. Олар Қазақстан және Өзбекстан азаматтары екен. Дені – әйелдер. Кейбірінің балалары өздерімен бірге адам саудасына түскен.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You