Шымкент қаласында түнгі уақытта балалардың қауіпсіздігін бақылау бойынша құқық қорғау органдары «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс шарасын жүргізді

Шымкент қаласының аумағында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес жалпыұлттық 2025 жылдың шілде айының 27-29 күндері аралығында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ кешкі және түнгі уақытта жасалатын құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесу болып табылады.

Рейдтік іс-шаралар барысында қалалық Полиция департаментінің, бес аудан бойынша жергілікті полиция қызметі бөлімшелерінің, ерікті жастардың қатысуымен мейрамханалар, ойын-сауық орындары, саябақтар мен көшелерге тексеру жүргізілді. Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың, прокуратура, білім және денсаулық сақтау басқармаларының, сондай-ақ Жастар ресурстық орталығының өкілдері тартылды.

Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықовтың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында кешенді шаралар қабылданып, бақылау күшейтілуде. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, кәмелетке толмағандарға сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық мекемелерінде және компьютерлік клубтарда, ал 23:00-ден кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз қоғамдық орындарда жүруге тыйым салынған.

Іс-шара аясында рейдтік жұмыстар ұйымдастырылып, полиция және білім беру ұйымдарының өкілдерімен бірлесіп, жастар көп жиналатын орындар, ойын-сауық орындары тексерілуде. Сондай-ақ, профилактикалық есепте тұратын «Қолайсыз отбасылар» және жасөспірімдердің тұрғылықты мекен-жайларынан профилактикалық бағыттағы тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Рейд барысында тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандармен профилактикалық әңгімелер жүргізіп, олардың түнгі уақытта сыртта жүру себептерін анықтады. Нәтижесінде, ата-анасының қарауынсыз жүрген 12 жасөспірім Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Сонымен қатар, құқықбұзушылық жасауға бейім 10 жасөспірім және балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған 4 отбасы анықталып, олар Ішкі істер органдарының есебіне алынды.

Іс-шара қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласында барлығы 154 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі тіркелді. Соның ішінде, түнгі сағат 22:00-ден кейін заңды өкілінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында болған 16 жасөспірім және түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде болған 138 жасөспірім анықталды. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасуда.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You