![]()
Созақ ауданында 10 тамыз – Абай күніне орай «Абай әлемі» атты әдеби-мәдени кеш өтті. Созақ аудандық орталық кітапханасы ұйымдастырған тағылымды шара ашық аспан астында, ұлттық нақыштағы киіз үйде өткізіліп, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын дәріптеуге арналды.
Рухани кешке кітапхана оқырмандары, ұстаздар, жастар, ардагерлер, ақ жаулықты әжелер мен аналар, өнерпаздар және мәдениет саласының өкілдері қатысты. Шараның негізгі мақсаты – Абай Құнанбайұлының мол мұрасын кеңінен насихаттап, оның тағылымды ойларын жас ұрпақтың санасына сіңіру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Кештің ашылуында кітапхана директоры Нұржамал Әбілжанқызы сөз сөйлеп, Абай шығармашылығын ұлықтаудың маңызына тоқталды. Ол ұлы ақынның әдеби мұрасы халықтың рухани өмірінде айрықша орын алатынын айтып, кітапхананың оқырман мен әдеби мұра арасындағы байланысты нығайтудағы рөлін атап өтті.
Шара барысында Абайдың өмір жолы мен шығармашылығы туралы тағылымды әңгімелер айтылып, ақынның өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқылды. Оның адамгершілік, білім, еңбек, ғылым туралы ойлары көпшілікке тағы бір мәрте ой салды.
Рухани кеш ұлттық өнермен де сабақтасты. Ахмет Жұбанов атындағы саз мектебінің оқушысы, Түркияда өткен халықаралық байқаудың “Super Grand Prix” жүлдегері Гүлім Өлке күй орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Кеш аясында «Абай ауылы» ұйымдастырылып, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеден Абайдың шығармалары мен ол туралы зерттеу еңбектері орын алып, оқырмандар ұлы ақынның әдеби мұрасымен кеңірек танысты. Сонымен қатар кітапхана оқырмандары арасында Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты танымдық сұрақтар қойылып, әдеби кештің мазмұны тереңдей түсті.
Абай мұрасы – уақыт өткен сайын маңызы арта түсетін рухани құндылық. Ұлы ақынның шығармалары адамды білімге, еңбекке, ізгілікке үндеп, ұлттық сананы қалыптастыруға қызмет етеді. Сондықтан Абайды оқу – оның сөзін тану ғана емес, өзіңді тануға бастайтын рухани жол. Созақтағы «Абай әлемі» кеші осы ұлы мұраны кейінгі буынға жеткізудің мазмұнды бір үлгісі болды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
