![]()
Созақ ауданында дала жұмыстарының ең жауапты кезеңі – жиын-терім науқаны басталды. Теріскейдегі шаруалар жаз бойғы еңбектің нәтижесін таразылайтын науқанға кірісіп, піскен астықты ысырапсыз жинап алуға күш салуда. Қолайлы ауа райын тиімді пайдалану, техниканың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және өнімді уақытылы жинау – бүгінгі күннің басты міндеті.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Жон аймағындағы егіс алқаптарын аралап, егін жинау жұмыстарының барысымен танысты. Аудан басшысы «Камила РБР» ЖШС-нің алқабында болып, шаруашылықтың биылғы көрсеткіштері мен алдағы жоспарларын талқылады.
Шаруашылық биыл 120 гектар алқапқа арпа егіп, алғашқы өнімді жинауға кіріскен. Қожалық өкілдерінің айтуынша, көктемгі жауын-шашынның мол түсуі мен агротехникалық жұмыстардың дер кезінде жүргізілуі егіннің бітік шығуына оң әсер еткен. Қазіргі таңда әр гектардан орта есеппен 15 центнерден өнім алынуда. Бұл – табиғи жағдайды тиімді пайдаланып, жерді ұтымды игерудің нақты нәтижесі.
Жалпы, биыл Созақ ауданында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 107,6 гектарға артып, 14 746 гектарға жетті. Егіс алқаптарында арпа мен бидайдан бөлек, мал азықтық және бақша дақылдары да өсіріледі. Мемлекеттік қолдау шаралары аясында шаруаларға тұқым, тыңайтқыш және техника мәселесінде қолдау көрсетіліп, ауыл шаруашылығы өндірісін жаңғыртуға мүмкіндік жасалуда.
Аграрлық сектордағы негізгі бағыттардың бірі – суды тиімді пайдалану. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауданда ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына 2 млрд 35,5 млн теңге инвестиция тартылған. Сонымен қатар 341 гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізіліп, оның 308 гектарына жаңбырлатып, 33 гектарына тамшылатып суару жүйесі орнатылған.
Бұл көрсеткіштер Созақта ауыл шаруашылығының дәстүрлі бағыттармен ғана шектелмей, заманауи технологияларға бет бұрып келе жатқанын аңғартады. Мал шаруашылығы да аудан экономикасының маңызды саласының бірі. Өткен жылы мұнда 12,7 мың тоннадан астам ет, 8,1 мың тоннадан астам сүт және 1,9 млн-ға жуық дана жұмыртқа өндірілген.
Биылғы жиын-терім науқаны да осы қалыптасқан еңбек дәстүрінің жалғасы. Диқандар үшін ендігі міндет – егістіктегі өнімді белгіленген мерзімде жинап, ысырапқа жол бермеу. Алқаптағы әрбір гектардың қайтарымы шаруаның маңдай терімен қатар, техниканың дайындығына, агротехнологияның сақталуына және ауа райын ұтымды пайдалануға тікелей байланысты.
Өнеркәсібімен танылған Созақ үшін ауыл шаруашылығы да елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды салалардың бірі. Сондықтан бүгінгі егін орағы – тек өнім жинау науқаны емес, жердің әлеуетін тиімді пайдаланып, ауылдағы еңбекті жаңа деңгейге көтерудің тағы бір кезеңі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
