![]()
Түркістан қаласында әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ әлеуметтік тұрғын үй қорын тиімді әрі мақсатты пайдалануға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл ретте көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетумен қатар, мемлекет есебінен берілген тұрғын үйлердің заң талаптарына сай пайдаланылуы да тұрақты бақылауда.
Сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында биыл Түркістан қаласында 58 азаматқа қорғаншылық тағайындау туралы бұйрықтар тіркелді. Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 15 қарашадағы №427 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылуда. Салыстырмалы түрде, 2025 жылы осы санаттағы 74 азаматқа қорғаншылық тағайындалған.
Қорғаншылық белгілеу – өз құқықтары мен заңды мүдделерін өз бетінше толық қорғай алмайтын азаматтардың әлеуметтік және тұрмыстық тұрғыдан тиісті қолдау алуын қамтамасыз ететін маңызды тетік. Осы арқылы олардың заңды мүдделері қорғалып, қажетті әлеуметтік көмекке қолжетімділігі қамтамасыз етіледі.
Әлеуметтік қолдаудың тағы бір маңызды бағыты – тұрғын үй қорын әділ әрі мақсатты пайдалану. Осыған байланысты облыс және қала әкімдерінің тапсырмалары негізінде әлеуметтік тұрғын үйлерге зерделеу жүргізілді.
Арнайы жұмысшы топ әлеуметтік пәтерлердің белгіленген нысаналы мақсатына сай пайдаланылуын, сондай-ақ тұрғын үй берілген азаматтардың онда тұрақты тұрып жатқанын тексерді. Мұндай бақылау әлеуметтік тұрғын үйді шын мәнінде мұқтаж азаматтарға мақсатты түрде ұсыну және мемлекеттік тұрғын үй қорының сақталуын қамтамасыз ету үшін қажет.
Егер зерделеу барысында пәтердің нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылмағаны немесе тұрғын үй берілген азаматтың онда тұрақты тұрмайтыны анықталса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті актілер рәсімделеді. Анықталған фактілер бойынша тұрғын үйді босату және заңсыз пайдаланылып отырған пәтерлерді қайтару жөнінде сотқа талап қою үшін қажетті материалдар жолданады.
Әлеуметтік қорғау саласындағы бұл жұмыстардың барлығы азаматтардың құқықтарын сақтауға және мемлекеттік қолдаудың нақты мұқтаж жандарға жетуіне бағытталған. Бір жағынан, әрекетке қабілетсіз азаматтарға қорғаншылық белгілеу арқылы олардың заңды мүддесі қорғалса, екінші жағынан, әлеуметтік тұрғын үйдің мақсатты пайдаланылуына бақылау күшейтіледі. Мұның өзі әлеуметтік саясаттағы жауапкершілік пен әділдік қағидаттарының қатар жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
