Түркістан қаласында көпбалалы аналар марапатталды

Түркістан қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Байдулла Оразбековтың қатысуымен елдің ертеңі – жас ұрпақты тәрбиелеуде өлшеусіз еңбек сіңіріп жүрген көпбалалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапаттау рәсімі өтті.

Іс-шара барысында аналардың отбасындағы және қоғамдағы рөліне ерекше тоқталған Байдулла Оразбеков анаға деген шексіз алғыс пен құрметтің бұл рәсім арқылы көрініс тапқанын атап өтті.

– Бүгін біз ел болашағын тәрбиелеуде өлшеусіз үлес қосып келе жатқан асыл аналарымыздың еңбегін лайықты бағалап, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес “Алтын” және “Күміс” алқаларымен марапаттау мақсатында бас қосып отырмыз. Бұл – тек марапаттау шарасы ғана емес, сіздерге деген шынайы алғысымыздың, зор құрметіміздің белгісі. Ананың мейірімі мен төзімі – ұлттың баға жетпес байлығы, – деді Байдулла Оразбеков.

Қазіргі таңда Түркістан қаласында көпбалалы аналардың жалпы саны 15 739 адамды құрайды. Олардың ішінде 1 098 ана – «Алтын алқа», 2 366 ана «Күміс алқа» иегері атанса, 71 анаға «Батыр ана» атағы берілген. Сонымен қатар, 95 ана І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған. Бұдан бөлек, 18 жасқа дейінгі 4 және одан да көп баласы бар аналардың саны 12 109 адамға жетіп отыр. Бұл – өңірдегі демографиялық өсім мен аналардың қоғамдық рөлін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі.

Қисыны келгенде атап өтер жайт, 2025 жылдың басынан бастап көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылармен орта есеппен 857,9 мың отбасы жалпы сомасы 304,8 миллиард теңге мөлшерінде алған екен. Оның ішінде: көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақымен – 615,4 мың отбасы 265,8 миллиард теңгеге; наградталған анаға берілетін жәрдемақымен – 242,5 мың адам 39 миллиард теңгеге қамтылып отыр. Бұл жөнінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

2025 жылдың маусым айында жоғарыда аталған жәрдемақылармен 867,4 мың отбасы жалпы сомасы 51,3 миллиард теңге мөлшерінде, оның ішінде: көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақымен 623,5 мың отбасы 44,8 миллиард теңгеге; наградталған анаға берілетін жәрдемақымен 243,9 мың адамға 6,5 миллиард теңге мөлшерінде қамтылды.

Көпбалалы отбасыға берілетін мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.

Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді және 2025 жылы:

— 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;

— 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;

— 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;

— 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;

— 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 15 728 теңге мөлшерінде төленді.

Наградталған анаға берілетін жәрдемақы «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға тағайындалады.

Наградталған анаға берілетін жәрдемақы ай сайын келесі мөлшерде төленеді:

«Күміс алқа» алқасымен наградталған аналарға – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;

«Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға артқан.

Осы ретте Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметтерін назарларыңызға ұсынғанды жөн көріп отырмыз. 2025 жылғы 1 маусымға облыс халқының саны 2151 мың адамды құрады, соның ішінде қалалықтар – 543,5 мың адам (25,3%), ауылдықтар – 1607,5 мың адам (74,7%).

Халықтың табиғи өсімі 2025 жылғы қаңтар-мамырда 15372 адамды құрады (өткен жылдың сәйкес кезеңінде — 18160 адам).

2025 жылғы қаңтар-мамырда туылғандар саны 19417 адамды құрады (2024 жылғы қаңтар-мамырдағыдан 13,1% кеміді), қайтыс болғандар саны 4045 адамды құрады (2024 жылғы қаңтар-мамырдағыдан 3,1% кеміді).

Теріс көші-қонның айырмасы қалыптасты және – 18421 адамды құрады (2024 жылғы қаңтар-мамырда – -11122 адам), оның ішінде сыртқы көші-қонда – 167 адам оң көші-қон айырмасы (214 адам), ішкі көші қонда теріс көші-қонның айырмасы – 18588 (-11336 адам).

Ал биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Түркістан қаласының халқы 240 422 адамға жеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда өсіп келе жатқанын білдіреді. 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You