Түркістан қаласында «KÖNE ARBAT» туристік маршруты жобасы жүзеге аспақ

Loading

Түркістан облысында туризм саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын тауып келеді. Осы ретте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шаһардағы арбатқа арнайы барып, «KÖNE ARBAT» туристік маршутының жобасымен танысты.

Аталған нысан 0,98 гектар аумақты қамтиды. Жалпы ауданы – 8307,40 шаршы метр. Жоба туристер мен қала тұрғындарының жайлы демалуына қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ кәсіпкерлік пен мәдени туризмді дамытуға бағытталған.

Жоба аясында арбат аумағы кеңейтіліп, коммерциялық нысандар, террасалар, автотұрақ салу және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде. Мәселен, іске асырылатын коммерциялық үй-жайлардың жалпы ауданы 1090,94 шаршы метр болса, террасалардың жалпы ауданы – 368 шаршы метр. Автотұрақ алаңы 4225 шаршы метрді құрайды. Ал абаттандыру жұмыстары жүргізілетін аумақ көлемі 2283 шаршы метрді қамтиды.

Сонымен қатар жаңа туристік кеңестікте көрме мен кофехана, экспозициялық залдар мен ашық қоғамдық алаң, реставрациялық шеберханалар мен көлеңкесі бар демалыс аймақтары, мәдени іс-шаралар өткізуге арналған арнайы алаңдар қарастырылған.

Жоба сәулетшілері этномұражай салу ұсынысын да жеткізді. Бұл нысан мәдени жады мен заманауи сәулетті ұштастыратын берегей кеңістік ретінде жобаланған. Жоба Көне түрік дүниетанымындағы «Үш әлем» тұжырымдамасына негізделген. Су айдындары мен сәулеттік элементтер тарих пен қазіргі заман арасындағы үндестікті айқындап, келушілер үшін ерекше атмосфера қалыптастырады. Сондай-ақ жоба аясында заманауи креативті орталық салу ұсынысы да енгізілген. Нысан Түркістанның мәдени мұрасын қазіргі сәулет тілі арқылы жаңаша түсіндіріп, шығармашылыққа білім беруге, қарым-қатынас пен креативті индустрияларды дамытуға арналған ашық кеңістік қалыптастырады.

Өңір басшысы жобалармен танысып, Түркістанның туристік әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті. Сонымен бірге жауаптыларға жобаны жетілдіріп, тарихи сәулет үлгілерімен ұштастырып, жұмысты бекітілген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, заманауи туризм тарихи ескерткіштермен ғана шектелмейді. Туристер үшін жайлы қоғамдық кеңістіктер, жаяу серуендеу бағыттары, креативті индустриялар, ұлттық мәдениет пен жоғары деңгейдегі сервис те шешуші рөл атқарады. Сондықтан бүгінде көптеген елдер туристік маршруттарды жаңаша форматта дамытып, мәдени мұраны заманауи инфрақұрылыммен ұштастыруға басымдық беруде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді экономиканың жаңа өсу нүктесі ретінде дамытып, тарихи-мәдени мұраны халықаралық деңгейде тиімді дәріптеу қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда, «KÖNE ARBAT» туристік маршруты – Түркістанның сәулеттік келбетін жаңғыртып қана қоймай, кәсіпкерлік, креативті индустриялар мен мәдени туризмнің тоғысқан жаңа қоғамдық кеңістігін қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба. Мұндай бастамалар қаланың туристік тартымдылығын арттырып, келушілердің қалада ұзақ аялдауына, жергілікті бизнестің дамуына және өңір экономикасының өркендеуіне тың серпін беретіні сөзсіз.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You