Түркістан қаласында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды

Бүгін Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Ұлы Дала Елі» орталығында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Бұл мереке – ел руханиятына, мәдени мұраға, өнерге қалтқысыз қызмет етіп жүрген жандардың еңбегіне деген шынайы құрметтің көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде: «Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету» – деп, мәдениет пен өнердің қоғамдағы рөлін ерекше атап өткен болатын.

Салтанатты жиынға мемлекеттік қызметшілер мен зиялы қауым өкілдері, мәдениет ардагерлері, ақ жаулықты аналар мен қала тұрғындары қатысты. Ә дегенде Түркістан қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Қабдырұлы Мұсағалиев алғы сөз алып, сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады.

Іс-шара аясында көрермендерге жергілікті ақын, жазушы Елтай Бимаханбетұлының «Қырсық келін» драмалық пьесасы ұсынылды.

Мәдениет саласында қызмет еткен зейнеткерлер мен мәдениет қызметкерлері Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы Сәрсенбаевтың, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлының, Түркістан қаласы «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы Сұлтанхан Батырханұлы Таштеевтің, Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Қабдырұлы Мұсағалиевтің, Мәдениет үйінің директоры Лиза Төлегенқызының арнайы мерекелік Алғыс хаттарымен марапатталды.

Ары қарай өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасқан кеш рухани әсерге толы болды.

Мәдениет – елдің рухани тірегі. Өнер – халықтың жан жүрегі! Осындай тағылымды мерекелер сала қызметкерлеріне шабыт, жаңа серпін берері сөзсіз.

Осы тұста Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының ізгі тілегін назарларыңызға ұсына кетсек.

«Құрметті мәдениет саласының қызметкерлері мен ардагерлері!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Мәдениет – ұлт руханиятының тірегі, өркениеттің өзегі. Сіздердің өлшеусіз еңбектеріңіз арқылы халқымыздың салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтары мен тарихи мұрасы жас ұрпаққа аманатталып, мәдени өміріміздің дамуына зор үлес қосылуда.

Сахна мен сахна сыртындағы еңбектеріңіз, өнерге және руханиятқа деген адалдықтарыңыз ерекше құрметке лайық. Әрбір ұйымдастырылған шара, көрме, қойылым – сіздердің кәсібиліктеріңіз бен жанкешті еңбектеріңіздің нәтижесі.

Осы мереке күні сіздерге зор денсаулық, шығармашылық шабыт, жаңа табыстар мен биік белестер тілеймін! Қала халқының рухани өмірін байыту жолындағы еңбектеріңіз жана берсін! Түркістанымыздың атын әлемге таныта беріңіздер!» — деді өз құттықтауында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы.

Сонымен қатар Түркістанда 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған іс-шара өтті. Салтанатты жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, сала қызметкерлерін құттықтады.

Жиын барысында елдің әлеуметтік-мәдени және қоғамдық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар мәдениет қызметкерлері мемлекеттік наградаларға ие болды.

Өңір басшысы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директор орынбасары Нұрлан Дүкенбаевқа «Ерен еңбегі үшін» медалін, «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айгорим Мусагажиноваға және «TURKISTAN SILK WAY HARBOR» ЖШС-нің бөлім меңгерушісі Махсад Халметке «Шапағат» медалін, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әртісі Айжан Ахмухановаға табыстады. Сондай-ақ бір топ өнерпаз ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, Түркістан облысы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов пен «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев те мәдениет өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, Алғыс хатпен марапаттады.

Алдымен қонақтар арнайы жасақталған кітап көрмесін тамашалады. Мерекелік шарада мәдениет саласындағы жетістіктер туралы бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды. Түркістан музыкалық драма театрының әртістері музыкалық-хореграфиялық қойылымды сахналады. Кеш барысында қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Ғазизхан Шекербеков, «Сарын» тобы, «Фараб» би ансамблі, «Саялы Сарыағаш» ансамблі, «Жаңа леп» ұжымы және тағы басқа облыс таланттары өнер көрсетті.

Бұдан бөлек Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Ақордада да салтанатты жиын өтті. Президент ұлтымыздың болмыс-бітімін сақтауға, халқымыздың руханиятын байытуға зор үлес қосып жүрген сала қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.

– Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі. Қазір төл мәдениетіміз дүние жүзіне танылып жатыр. Талантты музыканттарымыз әлемдік сахналарда табысты өнер көрсетіп жүр. Қазақ киногерлері түрлі халықаралық байқауларға қатысып, сарапшылардың жоғары бағасына ие болуда. Елордамызда Дүниежүзілік көшпенділер ойындары табысты өтті. Ақтау қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Рухани мұраларымыз цифрлық форматқа көшіріле бастады. Таяуда ұлтымыздың бір жарым мың ән-күйі мен фольклорлық мұрасы ең танымал халықаралық платформаларға салынды. Төл өнеріміз креативті индустрия арқылы барынша насихатталуда, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекет өнер саласын өркендетуге әрдайым ерекше мән береді. Өйткені мәдениеті озық елдің рухы биік болады.

– Былтырдың өзінде 45 жаңа мәдениет нысаны салынды. Бұл жұмыс болашақта да жалғасын табады. Театр – руханиятымыздың негізгі тірегінің бірі. Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен отырысында аймақтағы театрларды дамыту туралы нақты тапсырма берілді. Театрлардың көпшілігі толық жаңғыртуды қажет етеді. Кейбіріне жаңа ғимарат керек. Осы жұмысқа кәсіпкерлер мен меценаттарды жұмылдырған абзал. Бұл – әлемде кең таралған тәжірибе. Мұндай жобаларға инвестиция салуға дайын азаматтар аз емес. Мен бизнес өкілдерін руханиятымызды дамыту ісіне атсалысуға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент елімізде іргелі мәдениет ошақтары көп екеніне назар аударып, олар талай жылдан бері көрермен қауымға тағылымды қойылымдар ұсынып келе жатқанын жеткізді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев музейлер тарихымыз бен мәдениетіміздің асыл қазынасы екенін атап өтіп, мемлекет олардың дамуына ерекше мән беріп отырғанын айтты.

– Осыған дейін еліміздің жетекші үш музейі ұлттық мәртебеге ие болды. Бұл олардың қызметіне орасан зор серпін берді. Ғылыми-зерттеу саласында, тарихи және мәдени ескерткіштерімізді зерделеу ісінде музейлердің әлеуетін толық пайдалану маңызды. Сарайшық қалашығы зерттеушілердің ерекше қызығушылығын тудырады. Оған жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар Орталық Азия елдерінің тарихи-мәдени мұрасына арналған бірыңғай цифрлық платформа құру туралы бастаманың берері мол,– деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, төл тарихымыз бен мәдениетімізді насихаттауда ЮНЕСКО-мен өзара ықпалдастық ерекше рөл атқарады. Бұл ретте Президент Бүкіләлемдік мұралар тізіміне еліміздің тарихи және мәдениет ескерткіштерін енгізу үшін күш-жігер жұмсалып жатқанына тоқталды. Бұдан бөлек, «Әлем жады» тізбесіне құжат күйіндегі мұраларымызды енгізу ісі қолға алынды.

Мемлекет басшысы елімізді көркейту – баршаға ортақ міндет екенін атап өтіп, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының мақсаты да осыған негізделгенін айтты.

– Жалпы, тазалық пен мәдениет – егіз ұғым. Мәдениеті жоғары қоғамның табиғаты да, таным-түсінігі де таза болары анық. Ұлтты өрге бастайтын қасиеттің бірі – білімге, оқуға деген құштарлық. Шерхан Мұртазаның «Мәдениеттің мәйегі – кітап» деген сөзі бар. Біз озық ойлы ел боламыз десек, ең алдымен, кітап оқитын ел болуымыз керек. Әрине, қазіргі ғаламтордың үстемдігі кезінде бұл мақсатқа қол жеткізу оңай емес, күрделі, бірақ бәріміз соған жетуіміз керек. Қазір бұл бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр. Жас қаламгерлерге арнайы Президент сыйлығы беріле бастады. Биыл алғаш рет «Ұлттық кітап күнін» атап өттік. Халқымыз осы маңызды бастамаға барынша қолдау білдірді. Әсіресе, жастарымыз ерекше белсенді. Осындай игі істер алдағы уақытта да жалғаса береді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы елімізде соңғы жылдары ауқымды реформалар жүзеге асырылғанын еске салып, бұл үдеріс саясат пен экономикадан бастап, барлық салаға әсерін тигізгеніне тоқталды.

– Ұлттық болмысымыз заманға сай өзгере бастады. Мұны реформаның тағы бір маңызды нәтижесі деуге болады. Мәдениет пен өнердің ағартушылық әлеуеті орасан зор. Бұл сала ұлт санасын жаңғыртуға ерекше ықпал етеді. Өскелең ұрпақ сіздердің туындыларыңыздан тәлім-тәрбие алады. Қоғамда жаңа этика мен құндылықтар қалыптасады. Өнер-білім арқылы жастарымыз жасампаз, жаңашыл әрі еңбекқор болып өседі. Сонда біз шын мәнінде Әділетті, Қауіпсіз, Таза және Өркениетті мемлекет боламыз. Мәдениет және өнер қызметкерлері осы маңызды жұмысқа зор үлес қоса береді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта өтейік, елімізде 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні болып бекітіліп, кәсіби мереке ретінде 2013 жылдан бері аталып келеді. Бұл – шығармашылық адамдарына деген айрықша құрметтің белгісі және әрбір мәдениет қызметкері үшін ерекше күн.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You