![]()
2026 жылғы 18 шілде күні сағат 19:00-де Түркістан қаласындағы «Керуен Сарай» кешенінде қазақ музыкасының көрнекті өкілі, ән әлемінің дара тұлғасы Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Шәмші әндері» өнер фестивалі өтеді.
Фестивальдің басты мақсаты – композитордың мол музыкалық мұрасын кеңінен насихаттау, ұлттық өнерді дәріптеу, жас орындаушылардың шығармашылық әлеуетін қолдау және көрермен қауымға Шәмші Қалдаяқов әндерінің мәңгілік құндылығын паш ету.
Фестиваль аясында еліміздің танымал эстрада жұлдыздары мен жас орындаушылар қазақ ән өнерінің алтын қорына енген Шәмші Қалдаяқовтың көпшілік сүйіп тыңдайтын әндерін орындайды. Концерттік бағдарламада «Жігіттер» квартеті, Мөлдір Әуелбекова, Ғазизхан Шекербеков, Асқар Жүнісбеков, Қанай, Маржан Арапбаева, Досымжан Таңатаров, Әли Оқапов, «Melomen» тобы, Алтынай Жорабаева, «Сарын» тобы, Руслан Ақынбаев, Аяжан Нұрмаханбет, Маржан Ерланқызы, Данияр Барыс, Эльвира Мамытова және «Turan Boys» тобы өнер көрсетеді.
Мерекелік кешті Нұрсұлтан Есжан мен Алла Гаврина жүргізеді.
“Барша түркістандықтар мен қала қонақтарын қазақ ән өнерінің алтын қорына енген жауһар туындылар шырқалатын «Шәмші әндері» өнер фестиваліне шақырамыз”, — дейді ұйымдастырушылар.
Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін тағы бір құлаққағыс жасай кетейік. Сіздерді ашық аспан астында өтетін «Түркістан әуендері» мерекелік концерттік бағдарламасына да шақырамыз!
Концерттер 23 шілде – 26 тамыз аралығында сағат 19:00-де қаланың әр секторында ұйымдастырылады.
- 23 шілде – Жаңа қала секторы, «Жасанды көл» маңы;
- 31 шілде – Отырар секторы, «Жібек жолы» саябағы;
- 5 тамыз – Яссы секторы, «Парасат» саябағы;
- 13 тамыз – Сауран секторы, «Жеңіс» саябағы;
- 21 тамыз – Бекзат секторы, «Жаңа» саябағы;
- 26 тамыз – Шауғар секторы, Тұңғыш Президент саябағы.
Баршаңызды ерекше, көңілді кешті бірге өткізуге шақырамыз!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мәдениетті дамыту, тарихи-рухани мұраны сақтау және өнер арқылы жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға құрметін қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін үнемі атап келеді. Президенттің бастамасымен елімізде мәдени инфрақұрылымды жаңғырту, шығармашылық ұжымдарды қолдау және өңірлердегі мәдени өмірді жандандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде Қазақстанда 3,9 мыңнан астам мәдениет ұйымы (театрлар, музейлер, кітапханалар, мәдениет үйлері, концерттік ұйымдар және өзге де нысандар) халыққа қызмет көрсетсе, Түркістан облысында 700-ден астам мәдениет және өнер мекемесі жұмыс істейді. Бұл өңірдің елдегі ең ірі рухани-мәдени орталықтардың бірі ретіндегі мәртебесін айқындай түседі.
Осындай игі бастамалардың қатарындағы «Шәмші әндері» фестивалі мен «Түркістан әуендері» концерттік бағдарламасы ұлт руханиятын байытып қана қоймай, қаланың мәдени туризмін дамытуға да тың серпін береді. Түркістан бүгінде тек тарихи шаһар ғана емес, халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылатын рухани орталыққа айналып келеді. Қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын ұлықтау – ұлттық музыка өнерінің сабақтастығын сақтап, жастардың өнерге қызығушылығын арттырудың жарқын үлгісі. Мұндай жобалар Түркістанның мәдени келбетін жаңа деңгейге көтеріп, қаланың туристік тартымдылығын арттырумен бірге, Президент айқындаған ұлттық бірегейлікті нығайту міндетіне де қызмет етеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
