2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе берілген шаһар: Түркістан қаласында жаңадан ашылған «Дара ұрпақ» инклюзивті театры «Жарық» мюзиклінің премьерасын жұртшылық назарына ұсынды

Түркістан шаһарында тұңғыш рет инклюзивті бағыттағы «Дара ұрпақ» театрының тұсауы кесілді. Театрдың ашылу салтанатында ерекше жандардың қатысуымен «Жарық» мюзиклінің премьерасы сахналанды. «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, театрдың ашылуымен құттықтады.

– Бұл — жай ғана театр емес, өнер мен жігер тоғысқан мүмкіндіктер алаңы. Мемлекет басшысы ерекше балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында оңалту орталықтарының желісін кеңейтуді тапсырған. Біз ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Бүгінде өңірімізде бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп, қажетті қолдау шаралары көрсетілуде. Қасиетті қаламызда инклюзивті бағытта ашылған алғашқы өнер ұжымы бүгін «Жарық» қойылымын ұсынып отыр. Өнерде де тең мүмкіндіктер қалыптастырып, ерекше қабілетті балалардың талантын танытуды мақсат еткен театрдың болашағы жарқын болады деп сенемін. Биылғы жылдың өзінде облыстағы кәсіби 3 театрда 310 қойылым көрсетіліп, 30-ға жуық перемьера көрермен назарына ұсынылды. Қойылымдар еліміздің бірнеше аймақтарында сахналанып, халықтың ерекше ықыласына ие болды. «Дара ұрпақ» театры да осы өнер ұжымдары cияқты биік шыңдарды бағындырады деп сенемін. Себебі бұл театрда өнерлі, қайсар және аса талантты балаларымыз өнер көрсетеді, – деген облыс әкімі театр ұжымына шығармашылық табыс тілеп, құрылтайшылар мен жас таланттарға алғысын білдірді.

Театрдың құрылтайшылары — әлеуметтік кәсіпкер Рухабза Қалдарбек пен «Дара ұрпақ» қоғамдық қорының басшысы, Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Ербол Көкенов сөз сөйлеп, бұл премьера жүректен туған өнердің һәм үзілмеген үміттің, ерекше жандардың жеңісі екенін атап өтті.

Мюзикл LED экраннан қатысушыларды таныстыратын бейнероликпен басталып, Әлидің әсерлі сахналық көрінісімен жалғасты. Қоларбадағы бишілердің топтық биі мен «Ерекше балалардың» нөмірі көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар бейнеролик арқылы балалардың сурет байқауындағы ең үздік шығармалары көрермен назарына ұсынылды. Сахна төрінде ДЦП, Даун синдромы, аутизм, РАС, ЗПР диагнозы бар, көру және есту қабілеті шектеулі 70 талантты бала өнер көрсетті. Бұл қойылым әр жүректегі үміт отын үлкен алауға айналдырады. Қайсар балаларды облыстың театр әртістері мен жас өнерпаздары да қолдап, бірге өнер көрсетті.

Қойылым соңында барлық қатысушылар «Өмір сүр» әнін орындап, сахнаны жарықпен көмкерді. Шара соңында өңір басшысы Нұралхан Көшеров өнерпаздармен естелікке суретке түсіп, сыйлықтар табыстады.

Ал Әзімбек Пазылбекұлы өзінің «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында: «…Қаламызда жүрекке жылу сыйлайтын, ерекше, инклюзивті бағыттағы алғашқы «Дара ұрпақ» театры ашылып, көрерменге «Жарық» мюзиклінің премьерасын ұсынды. «Дара ұрпақ» – жай ғана театр емес, бұл – өмірге деген құштарлықтың, үміт пен шынайы таланттың сахнасы болмақ. Ерекше балаларымыздың өнерін көріп, олардың қайсарлығына, батылдығына айрықша тәнті болдық. Қоларбамен билеген бишілер, әсерлі әндер мен көріністер, 70 баланың өнері көрерменнің жүрегіне жол тапты. Әр нөмір – үлкен еңбек пен таза сезімнің нәтижесі. Осындай бастамаларды қолға алған театр құрылтайшыларына, ұйымдастырушыларға және ата-аналарға үлкен алғысымды айтқым келеді. Балаларымыздың бойындағы талантты ашып, оларға сенім сыйлау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Қаламызда ерекше балаларға арналған оңалту орталықтары, «Қамқорлық» мекемелері, спорт клубтары, үйірмелер жұмыс істеп тұр. Бұл бағытта алдағы уақытта да қолдау жалғасын табатын болады. «Дара ұрпақ» театрының ұжымына сәттілік тілеймін! Балаларымыздың өнері шыңдалып, белестерге жетелей берсін!», — деп пікір қалдырды.

Айта кетейік, өңірде мүмкіндігі шектеулі 15 мыңнан аса бала бар. Облыста балаларға арналған 5 оңалту және 6 «Қамқорлық» орталықтарында 15 мыңнан астам балаға қызмет көрсетілді. Түркістанда балалардың денсаулығын нығайтуға барлық жағдай жасалған заманауи оңалту орталығы ашылды.

Сонымен қатар ерекше балалар мен жастарға арналған «Сауран» спорт клубы жұмыс атқарып келеді. Республикалық және халықаралық жарыстарда спортшылар жүлделі орындар алып жүр. Түркістан облыстық мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубы коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2021 жылдың наурызында құрылып, ерекше қажеттілігі бар жандарды спортқа баулуда аймақ бойынша жетекші орталықтардың біріне айналды.

2024 жылы клубта 37 жаттықтырушы мен 301 спортшы тіркелсе, 2025 жылы 32 жаттықтырушы 203 спортшымен жұмыс жүргізуде. Спортшылар 21 спорт түрі бойынша жаттығады. Олардың қатарында бочча, пара дзюдо, пара жеңіл атлетика, пара таеквондо, пара жүзу, пара пауэрлифтинг, сурдо спорт түрлері, шахмат, тоғызқұмалақ, шоудаун және өзге де бағыттар бар.

203 спортшының 76-сы — 18 жасқа дейінгі, 127-сі — ересектер. Бүгінде клуб құрамында 1 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 11 ҚР спорт шебері, 23 спорт шеберіне кандидат, 81 ұлттық құрама мүшесі бар.

Клуб мамандары Түркістан облысының 10-нан астам қала-ауданында ерекше жандарды спортқа баулып, кәсіби деңгейде дайындап келеді. Сонымен қатар бірқатар арнайы мекемелермен және мектеп-интернаттармен меморандум негізінде жұмыс істелуде. Жаттығулар Кентау, Ордабасы, Шардара, Сауран аудандарындағы спорт кешендерінде, Түркістан қаласындағы «OLҮMPIС CENTER», «TURKISTAN ARENA» нысандарында және өзге де орындарда өтеді.

2025 жылы «Сауран» спорт клубы үшін ерекше табысты жыл болды. Спортшылар халықаралық және республикалық додаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, облыс абыройын асқақтатты:

2025 жылғы басты жетістіктер:

Сурдлимпиада: 1 алтын, 1 күміс;

Әлем чемпионаты: 3 алтын, 1 қола;

Азия чемпионаты: 1 күміс;

Әлем кубогі: 12 алтын, 9 күміс, 7 қола;

Халықаралық Гран При: 1 күміс, 3 қола;

ҚР чемпионаты: 30 алтын, 20 күміс, 18 қола;

ҚР Кубогі: 14 алтын, 9 күміс, 7 қола;

ҚР VII Спартакиадасы: 15 алтын, 12 күміс, 9 қола;

Республикалық турнирлер: 7 алтын, 3 күміс, 2 қола;

Жалпы нәтиже: 57 алтын, 39 күміс, 35 қола.

2025 жылдың 1 мамырынан бастап мекеме Түркістан қаласындағы Б.Саттарханов атындағы спорт кешеніне көшіп, жаңа ғимаратта жұмысын жалғастыруда.

Тәжірибелі басшы Абай Қазиев жетекшілік ететін «Сауран» спорт клубы — ерекше жандардың спорттағы қабілетін ашып, ел намысын қорғауға мүмкіндік беретін маңызды орталық. Спортшылардың жарқын жеңістері мұнда жүргізіліп жатқан еңбектің жоғары деңгейін дәлелдейді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You