![]()
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы облыстық Ақсақалдар алқасының жұмысымен танысып, аға буын өкілдерінің қоғамдағы бірлік пен берекені нығайтуға, қайырымдылықты дамытуға және әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған бастамаларына оң бағасын берді.
Кездесу барысында Ақсақалдар алқасының ұйымдастыруымен атқарылып жатқан әлеуметтік жобалар таныстырылды. Соның бірі – демеушілердің қолдауымен тұрақты жұмыс істеп келе жатқан «Үлес» қайырымдылық қоры. Қор аз қамтылған және асыраушысынан айырылған отбасыларға айына бірнеше рет қайырымдылық көмек көрсетіп, қиын жағдайда қалған азаматтарға қолдау білдіреді.
Қайырымдылық жұмыстары мұнымен шектелмейді. Әлеуметтік осал топтарға арналған арнайы киім дүкені де жұмыс істеп тұр. Демеушілердің көмегімен ашылған дүкеннен тұрмысы төмен және қажеттілігі бар азаматтар өздеріне керекті киім-кешекпен қамтамасыз етіледі.
Аға буын өкілдерінің бұл игі бастамасы жаңа оқу жылы қарсаңында да жалғасын тауып отыр. Қазіргі таңда 250-ден астам оқушыға мектеп формасы мен оқу құрал-жабдықтарын беру жоспарланған. Ай соңына дейін қайырымдылық көмегін алатын балалардың санын 500-ге жеткізу көзделіп отыр.
Қала әкімі әлеуметтік бағыттағы бұл жұмыстардың қоғам үшін маңызына тоқталды.
«Мен үшін мұндай бастамалардың мәні – тек көмек көрсетуде емес. Бұл – қоғамдағы жанашырлықты күшейтіп, үлкенге құрмет пен кішіге қамқорлықты нақты іспен көрсетудің үлгісі. Ақсақалдарымыз елдің бірлігіне, қаладағы қоғамдық келісімге және әлеуметтік мәселелердің шешілуіне өз үлестерін қосып келеді. Осындай игі бастамалардың әрқайсысы қолдауға лайық», – деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Қала басшысы ақсақалдардың елдік мәселелерге белсенді араласып, қоғамдық маңызы бар бастамаларды жүзеге асырып жүргенін атап өтіп, аға буын өкілдеріне азаматтық белсенділігі мен елге сіңіріп жүрген еңбегі үшін алғысын білдірді.
Өз кезегінде Ақсақалдар алқасының өкілдері қала әкіміне ақ батасын беріп, Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстарға сәттілік тіледі. Аға буынның осындай қоғамдық бастамалары кейінгі ұрпаққа өнеге болып, өзара көмек пен қайырымдылық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
