Түркістан қаласының әкімі арнайы жасақ қызметкеріне 2 бөлмелі пәтер табыстады

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы халықаралық деңгейде ел намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтижеге қол жеткізген полиция қызметкері Айнұр Қабылқызын қабылдап, 2 бөлмелі пәтер кілтін табыстады.

Дубай қаласында өткен халықаралық «SWAT Challenge» чемпионатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі құрамындағы «Томирис» командасының сапында өнер көрсеткен Түркістан облысы Полиция департаментінің арнайы жасақ инспекторы Айнұр Қабылқызы үздік нәтижеге қол жеткізіп, жүлделі ІІ орынды иеленген болатын.

Отан алдындағы абыройлы қызметі мен батылдығы үшін Айнұр Қабылқызы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Батыр қыздың бұл жетістігі ескерусіз қалмай, Түркістан қаласының әкімі әкімдік пен қала тұрғындары атынан өз алғысын білдіріп, облыс әкімінің атынан 2 бөлмелі жаңа пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстады.

Сонымен қатар, Айнұр Қабылқызының ата-анасы — Қабыл Атынбекұлы мен Шолпан Аманбайқызы да елге лайықты ұрпақ тәрбиелегендері үшін қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Атап өтерлігі, 2025 жылғы 1-5 ақпан аралығында Дубайда (БАӘ) UAE SWAT Challenge-2025 алтыншы жыл сайынғы халықаралық тактикалық жарысы өтті, оған әлемнің түрлі елдерінен арнайы бөлімшелердің 100-ден астам командасы қатысты.

Беделді турнирге ҚР ІІМ Ұлттық ұланының үш командасы қатысты. Бес күн бойы арнайы күштердің жауынгерлері нақты жауынгерлік операцияларды модельдейтін ең қиын сынақтарды жеңе отырып, күш, төзімділік және тактикалық шеберліктерін көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша “Ұлттық ұлан» командасы қазақстандық әскери қызметшілерді даярлаудың жоғары деңгейін растай отырып, әлемдегі ең мықты командалардың ондығына кірді.

Айта кетейік, Ішкі істер министрлігінің арнайы бөлімшелерінің «Сұңқар» командасы жүлдегерлер үштігіне кіріп, 2 орын алды. Сонымен қатар Қазақстан атынан сынға түскен «Арыстан», «Сардар» және «Арлан» бөлімшелері де үздік ондыққа еніп, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Дубайда өткен бұл сайыс әлемнің түрлі елдерінен келген арнайы жасақ сарбаздарының шеберлігін сынайтын беделді дода саналады. Қазақстандық жауынгерлер алғашқы кезеңде-ақ өз шеберліктерін дәлелдеп, 1 минут 34 секунд ішінде кедергілерді еңсеріп, нысандарды атып, шартты тұтқындарды құтқарды. Бұл көрсеткішке тек Қытайдың арнайы жасағы ғана жақындай алды, алайда олардың нәтижесі біздің сарбаздардан төмен болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған арнайы жасақтар физикалық және тактикалық дайындықтарын шыңдап, кәсіби шеберліктерін көрсетіп, бақ сынады.

«UAE SWAT Challenge» арнайы күштер олимпиадасы болып саналады, онда арнайы күштердің үздік жауынгерлері іс-әрекеттің дәлдігі, жылдамдығы, тактикасы мен үйлесімділігі бойынша бақ сынайды.

Турнирдің басты мақсаты — элиталық бөлімшелердің жауынгерлік тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Айта кету керек, бұл жарыстарға қатысу әлемнің жетекші арнайы бөлімшелерімен тәжірибе алмасу мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Ұлттық ұланының арнайы бөлімшелері жауынгерлерінің жоғары кәсібилігінің тағы бір дәлелі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You