![]()
Түркістан қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен ашық аспан астындағы жаңадан ашылған ескек есу алаңында қала жастарының қатысуымен кітап талқылау іс-шарасы өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, әдебиетке деген қызығушылықты арттыру, рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру.
Кездесу барысында қатысушылар оқылған кітаптың мазмұны мен негізгі идеяларын талқылап, өзара пікір алмасты. Сонымен қатар, кітаптың тәрбиелік мәні мен қоғамдағы маңызы жөнінде ой бөлісіп, өз көзқарастарын білдірді. Аталған іс-шара жастардың зияткерлік әлеуетін арттыруға, кітап оқуға деген қызығушылығын дамытуға және мазмұнды бос уақыт қалыптастыруға бағытталған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды ұлттың зияткерлік әлеуетін арттырудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде бағалайды. Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы: «Озық ойлы ұлт боламыз десек, кітап оқу мәдениетін қоғамның ажырамас құндылығына айналдыруымыз керек» деп атап, оқырман ұлт қалыптастыру ісіне мемлекет пен қоғам болып жұмылудың маңызын ерекше айтты. Сондай-ақ «Адал азамат» тұжырымдамасының негізінде білімге құштарлық, үздіксіз ізденіс пен рухани кемелдену басты құндылықтардың бірі ретінде айқындалды.
Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар елімізде жүйелі түрде жүргізілуде. Қазақстан бойынша мыңдаған кітапхана цифрлық форматқа көшіріліп, жастардың әдебиетке қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған жаңа жобалар іске асырылуда. Соңғы жылдары кітап фестивальдері, әдеби клубтар, буккроссинг алаңдары мен ашық аспан астындағы кітап талқылаулары сияқты жаңа мәдени форматтар кеңінен таралып келеді. Бұл жастардың кітапты тек оқу құралы емес, пікір алмасу мен зияткерлік дамудың маңызды алаңы ретінде қабылдай бастағанын көрсетеді.
Түркістандағы ашық аспан астында өткен кітап талқылауы да осы үрдістің жарқын көрінісі. Мұндай кездесулер жастардың әдеби шығармаға сыни көзқарасын қалыптастырып қана қоймай, еркін ой айту, пікірталас мәдениетін меңгеру және қоғамдық мәселелерге саналы көзқарас қалыптастыру қабілетін дамытады. Әсіресе табиғи ортада ұйымдастырылатын осындай форматтағы іс-шаралар жастардың бос уақытын мазмұнды өткізуге жаңа серпін береді.
Рухани астана мәртебесіне ие Түркістан үшін мұндай бастамалардың мәні ерекше. Қала тарихи-мәдени мұраның ғана емес, білім мен руханияттың, шығармашылық пен интеллектуалдық дамудың орталығына айналуды мақсат етеді. Сондықтан кітап оқу мәдениетін насихаттайтын жобалар жастардың жеке дамуына ғана емес, өңірдің мәдени ортасын байытып, білімді, ойлы әрі жауапкершілігі жоғары азаматтар тәрбиелеуге қызмет етеді.
Өйткені кітап оқитын қоғам – ойлайтын қоғам. Ал ойлайтын, талдайтын және білімге ұмтылатын жастар көбейген сайын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «Адал азамат» қағидаттары да берік орнығып, білімді әрі бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру мақсатына жету мүмкіндігі арта түседі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
