![]()
Түркістанның тарихи-рухани мұрасы мен туристік әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға бағытталған жұмыстар жаңа мазмұнмен толығып келеді. Қасиетті шаһардың 2027 жылы Ислам әлемінің мәдени астанасы атануы және Қырғызстанның Манас қаласымен бауырластық байланыс орнатуы – осы бағыттағы маңызды қадамдар. Бұл бастамалар Түркістанның халықаралық мәдени кеңістіктегі орнын нығайтып қана қоймай, туризм, білім, өнер және іскерлік қатынастар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде Түркістан қаласының 2027 жылы Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болатынын мәлімдеді. Бұл шешім Ислам әлемі білім, ғылым және мәдениет ұйымы – ИСЕСКО аясында қабылданған. Президенттің айтуынша, аталған мәртебе аясында түркі өркениетінің рухани мұрасы мен мәдени сабақтастығын дәріптейтін ауқымды халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылады. Олардың қатарында әдебиет пен тіл мәселелеріне арналған Қожа Ахмет Ясауи халықаралық форумы және түркі мен ислам әлемінің музей мамандарының кездесуі бар.
Бұл бастаманың маңызы зор. Өйткені Түркістан – қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұрты мен мұсылман әлемінің тарихи жадында айрықша орны бар шаһар. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бастаған тарихи-мәдени мұра нысандары қаланың рухани келбетін қалыптастырып, оны халықаралық деңгейдегі танымал туристік бағыттардың біріне айналдыруға негіз болып отыр. Сондықтан мәдени астана мәртебесі тарихи мұраны кеңінен таныстырумен қатар, оны сақтау, зерттеу және келер ұрпаққа жеткізу ісіне де тың серпін беруге тиіс.
Бұл бағыттағы дайындық жұмыстары да басталып кетті. 2026 жылғы қарашада ИСЕСКО-ның бас директоры Салим әл-Мәлик пен Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі өкілдері Түркістанның 2027 жылғы мәдени астана ретіндегі іс-шаралар бағдарламасын талқылады. Кездесуде мәдени қойылымдар, дәстүрлі қолөнер көрмелері, жастар бастамалары және мәдени туризмді дамыту мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар Қазақстанның 2027 жылы ИСЕСКО-ның Ислам әлеміндегі мұра жөніндегі комитетінің кезекті сессиясын өткізуі және еліміздің тарихи-мәдени мұрасына қатысты он нысан бойынша ұсыныс әзірлеуі де халықаралық мәдени ынтымақтастықтың ауқымын кеңейте түседі.
Түркістанның халықаралық байланыстарын нығайтуда бауырлас қалалармен әріптестік орнатудың да өзіндік орны бар. Қазақстан мен Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен ІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы осы тұрғыдан маңызды нәтижелерге қол жеткізді. «Стратегиялық әріптестікті дамытудағы өңірлердің рөлі» тақырыбымен ұйымдастырылған жиынға екі елдің үкімет басшылары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, өңірлер мен қалалардың әкімдері, кәсіпкерлер қатысты.
Форум аясында өткен туризмді дамытуға арналған панельдік сессияда Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы шаһардың туристік мүмкіндіктерін таныстырып, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өңіраралық байланысты тереңдетудің басым бағыттарын ұсынды. Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі – Түркістан мен Қырғызстанның Манас қалалары арасында бауырластық байланыстар орнату және ынтымақтастықты дамыту жөніндегі меморандумға қол қойылуы болды.
Бұл құжат екі қаланың қарым-қатынасын ресми деңгейде бекітіп қана қоймай, алдағы уақытта туризм, мәдениет, білім беру, инвестиция және іскерлік байланыстар салаларында ортақ жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, тарихи-мәдени мұраларды таныстыру, туристік бағыттарды өзара насихаттау, шығармашылық ұжымдар мен жастар арасындағы алмасуды жолға қою бағыттарында бірлескен бастамаларға негіз қалайды.
Қазақстан мен Қырғызстанды ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи тамырластық, ортақ мәдени құндылықтар мен тату көршілік қарым-қатынас байланыстырады. Бұл байланыстардың экономикалық және туристік әлеуеті де жоғары. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында екі ел арасындағы өзара туристік ағын төрт миллион адамнан асқан. Мұндай көрсеткіш көршілес мемлекеттер азаматтарының сапарға шығу белсенділігін және туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік мол екенін аңғартады.
Түркістан қаласының Қырғызстаннан келетін шетелдік туристер саны бойынша алғашқы бестіктегі елдердің қатарына кіруі де бауырлас қалалар арасындағы байланыстың практикалық маңызын арттырады. Манас қаласымен әріптестік орнату осы қалыптасқан туристік қызығушылықты жаңа деңгейге көтеруге ықпал етуі мүмкін. Ол үшін екі қала арасындағы мәдени іс-шараларды үйлестіру, туристік ұйымдар мен кәсіпкерлердің байланысын жандандыру, ортақ туристік маршруттар әзірлеу маңызды.
Жалпы, Түркістанның 2027 жылы Ислам әлемінің мәдени астанасы атануы мен Манас қаласымен бауырластық қарым-қатынас орнатуы бір-бірін толықтыратын бастамалар. Бірі қаланың халықаралық мәдени беделін арттыруға бағытталса, екіншісі сол әлеуетті өңіраралық ынтымақтастық арқылы нақты мазмұнмен байытуға мүмкіндік береді. Алдағы кезеңде бұл мүмкіндіктерді жүйелі пайдалану тарихи мұраны дәріптеуге, туристік қызмет сапасын арттыруға және Түркістанның халықаралық мәдени-гуманитарлық байланыстар орталығы ретіндегі орнын нығайтуға қызмет етеді.
Түйін. Түркістанның халықаралық байланыстары бір ғана өңірмен немесе мемлекетпен шектелмейді. Қала бұған дейін Әзірбайжанның Шуша, Тәжікстанның Худжанд, Қытайдың Юэцин, Пәкістанның Лахор қалаларымен, Түркияның Ыстанбұл қаласы және Үскүдар мен Зейтинбурну аудандарымен бауырластық қатынас орнатқан. Сондай-ақ Өзбекстанның Самарқанд қаласымен және Қытайдың Чжэнчжоу, Ляочин, Линьань, Вэйнань қалаларымен достық ынтымақтастық жөніндегі келісімдер жасалған. Кейінгі жылдары бұл қатарға Өзбекстанның Риштан, Қытайдың Ухань және Қырғызстанның Манас қалалары қосылды.
Аталған байланыстардың әрқайсысы Түркістанның халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттырып қана қоймай, мәдениет, туризм, білім, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді. Ендігі міндет – қол қойылған меморандумдарды нақты жобалармен толықтырып, бауырлас қалалар арасындағы байланысты тұрақты әрі нәтижелі серіктестікке айналдыру. Ал 2027 жылғы Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесі осы жұмыстарға жаңа серпін беріп, Түркістанның рухани мұрасын әлемге кеңінен танытуға жол ашады.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
