
«Ақылдыммен ақылдымын» балаларға арналған облыстық білім мен шығармашылық байқауы өтті
Мәселен, бүгін Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының концерттік залында балаларға арналған «Ақылдыммен ақылдымын» облыстық білім мен шығармашылық байқауы өтті.
Іс-шара Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, республикалық «Ақылдым» балалар журналының бастамасымен және Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен үшінші жыл қатарынан өткізілді. Байқаудың негізгі мақсаты — балалардың кітап пен баспасөзге деген қызығушылығын арттыру, оқуға баулу, шығармашылық қабілеттерін дамыту, сондай-ақ жас таланттарды қолдау және олардың дарынын ашуға мүмкіндік беру.
Салтанатты шара кітапхана фойесінде ұйымдастырылған инсталляциялық кітап көрмесімен басталды. Көрмеде балалар әдебиетінің алтын қорындағы және заманауи басылымдар, сондай-ақ республикалық «Ақылдым» балалар журналы көпшілік назарына ұсынылды. Ашылу рәсімінде қатысушылар мен қазылар алқасы қызыл кілем арқылы салтанатты түрде қарсы алынды.
Байқау үш кезең бойынша өтті. Алғашқысы: «Мен қандай адам боламын» — шығарма жазу. Екіншісі: «Баспасөзбен бірге өсіп келемін» — қабырға газеттерін таныстыру. Үшіншісі: Балалар әдебиетінен немесе «Ақылдым» журналынан оқыған шығармаларын сахналау.
Аудандық іріктеу кезеңдерінің қорытындысы бойынша Түркістан облысының 18 ауданынан үздік деп танылған жас оқырмандар ақтық сынға жолдама алды. Қатысушылардың білімін және шығармашылық деңгейін бағалау үшін қазылар алқасы жұмыс істеді. Қазылар құрамында журналистер, ақын, білім және кітапхана саласының білікті мамандары болды.
Айта кетейік, фойеде өткен екінші кезең — «Баспасөзбен бірге өсіп келемін» бөлімі жас ұрпақтың кітапқа, оқуға және шығармашылыққа деген қызығушылығын арттырған мазмұнды әрі әсерлі кезең ретінде көрермен көңілінен шықты.
Естеріңізде болса, желтоқсанның 1-інде Түркістан облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасында республикалық «Ақылдым» журналы мен «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының бастамасымен ұйымдастырылған «Ақылдыммен ақылдымын» атты акция-байқаудың іріктеу кезеңі өткен болатын. Байқаудың мақсаты — оқырман балаларды кітаппен және балаларға арналған баспасөзбен таныстыра отырып, олардың сөздік қорын молайтуға, шығармашылық қабілетін дамытуға және ертегілер арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ықпал ету.
Байқауға кітап пен мерзімді басылымдарды сүйіп оқитын жас оқырмандар қатысып, 4 кезең бойынша өз білімдері мен тапқырлықтарын көрсетті. Әр кезеңде олардың логикалық ойлау қабілеті, сөздік қоры, әдеби шығармаларды меңгеруі және шығармашылық дарыны бағаланды.
Қазылар шешімі бойынша байқаудың жеңімпаздары төмендегідей анықталды:
Бас жүлде – Әлинұр Омар (№5 мектеп);
І орын – Раяна Қалила (№1 мектеп);
ІІ орын – Нұрсая Зұлхарнай (№8 мектеп);
ІІІ орын – Айкөркем Нағашбек (№24 мектеп) және Раяна Талғатқызы (№28 мектеп-лицей).
Барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Айта кетейік, алдағы уақытта да осындай байқаулар арқылы балалардың білімін, тапқырлығы мен шығармашылығын қолдауды жалғастыра береді.
«Ұлттық рух — басты құндылық» кітабының таныстырылымы өткізілді
Ал 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күніне орай «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында «Ұлттық рух — басты құндылық» кітабының салтанатты таныстырылымы өткізілді. Іс-шараны Түркістан облыстық мәдениет басқармасының тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау бөлімінің басшысы Нұрдәулет Келдібекұлы ашып, құттықтау сөз сөйледі.
Рухани-танымдық сипаттағы бұл жинақ сұхбат жанрында дайындалып, өңірдің түрлі салаларында қызмет етіп жүрген 31 тұлғаның өмірбаянын, елге қосқан үлесін және ұлттық рух туралы көзқарастарын қамтиды. Олардың қатарында желтоқсан оқиғасының куәгерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері, ардагерлер мен ерлік иелері бар.
Іс-шара барысында оқырмандарға кітап кейіпкерлері таныстырылды. Сонымен қатар еңбектің жарық көруіне бастамашы болған «Серпіліс» қоғамдық қорының жетекшісі, «Қызмет» газетінің бас редакторы Бейсенкүл Жақсыбекқызы сөз сөйлеп, кітаптың мақсаты мен мазмұны туралы ақпарат берді. Бағдарлама аясында кітап кейіпкерлерімен ашық сұхбат ұйымдастырылып, оқушылардың сұрақтары талқыланды.
Айта кетейік, аталған шара ұлттық құндылықтарды насихаттауға, елдік сана мен рухты дәріптеуге бағытталған маңызды мәдени іс-шара ретінде өткізілді.
«Ақпарақ — менің майданым» танымдық ашық сабағы ұйымдастырылды
Сонымен қатар кітапхананың ұйымдастыруымен «Ақпарақ менің майданым» атты кітапханалық танымдық ашық сабақ өтті. Бұл шара көрнекті журналист, қаламгер Төрекелді Байтасовтың туғанына 70 жыл толуына арналды.
Сабаққа арнайы қонақ ретінде Қазақстан Республикасы Журналистер одағының, Түркі әлемі Жазушылар одағының мүшесі, ҚР-ның еңбек сіңірген қызметкері, «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгінің иегері Несіпкүл Мейманханқызы, журналист, Түркістан облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінің жетекшісі, ҚР Ақпарат саласының үздігі, Төрекелді Байтасовтың ұлы – Төребек Байтас, сондай-ақ кітапхана қызметкері, өлкеміздің ақыны, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Сирдаш» сыйлығының иегері Сайлаухан Жоланов қатысты. Сонымен қоса, кештің кейіпкері – Төрекелді Байтасов туралы естелік әңгімелер айтып, оқушыларға тағылымды ойларын жеткізді.
Сабақ LED-экран арқылы ұсынылған Төрекелді Байтасовтың өмірін баяндайтын бейнеролигімен басталды. Оқушылар үш топқа бөлініп, нақыл сөздер арқылы өз топтарының атауларын анықтады.
Шара барысында Төрекелді Байтасовтың «Қарлығаштың хикаясы» шығармасы бойынша талдау жүргізіліп, оқушылар сұрақ-жауапқа қатысып, шығармадан түйген ойлары мен алған тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар ақынның өлеңдері мен нақыл сөздері бойынша қызықты танымдық тапсырмалар өткізілді. Іс-шара соңында қатысушылар сабақтан алған әсерлерін айтып, қонақтарға шынайы алғыстарын білдірді. Танымдық мәні зор, рухани әсері терең, мазмұны бай бұл ашық сабақ жоғары деңгейде өтті.
«Аңыз бен ақиқат» және «Жаңғырық» журналдарының ресми таныстырылымы өтті
Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында Бас редактор, Созақ ауданының «Құрметті азаматы», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Қаршығабек Қамбарбек дайындаған «Аңыз бен Ақиқат» және «Жаңғырық» журналдарының ресми таныстырылымы өткізілді.
Аталған шараның мақсаты — журналдардың құрылымы мен мазмұнын көпшілікке таныстыра отырып, олардың ұлттық руханиятқа қосатын үлесін айқындау. Сонымен бірге, қос басылымның негізгі бағыты болып табылатын тарихи деректер мен рухани мұраны зерделеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау, сондай-ақ өткен мен бүгіннің сабақтастығын тереңірек түсіндіруге бағытталған міндеттерді кеңінен жеткізу болды.
Таныстырылымға Түркістан облысы мәслихат депутаты, AMANAT партиясы Түркістан облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Калыйма Жантөреқызы, облыстық Мәдениет басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы, сондай-ақ өңірдің зиялы қауымы, мәдениет және өнер саласының өкілдері, ғылыми-педагогикалық орта, ардагерлер мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты. Қатысушылар басылымдардың жарық көруін құптап, олардың ұлттық сананы нығайтудағы маңыздылығын атап өтіп, құттықтау лебіздерін білдірді.
Іс-шараның соңында Бас редактор Қаршығабек Қамбарбек журналдардың келешектегі жұмысы, басылымдардың рухани миссиясы және ұлттық мұраға қатысты көзқарастарымен бөлісті. Сонымен қатар, оқырман қауым үшін жаңа жобалардың маңызы мен қоғамға берер рухани серпіні туралы өз ой-пікірін жеткізді.
Айта кетейік, «Аңыз бен Ақиқат» және «Жаңғырық» журналдары ұлттық тарихтың тұғырын нығайтып, рухани құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды ақпараттық-танымдық жобалар ретінде өз оқырманын табарына сенім мол.
P.S. Түркістанның облыс орталығы болуына орай елімізде теңдесі жоқ жаңа заманауи білім алу орталығы «Farab» кітапханасы ашылды. Кітапхана өз қызметін 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап, бүгінгі таңда оқырманның өз үйінен, өз жұмыс орнынан, өзінің білім алу ошағынан кейінгі үшінші орынға айнала отырып, оқырман өз уақытын емін-еркін аймақта өткізіп, білімін толықтырып және көпетеген ізденімпаз жаңа достар таба алатын орынға айналып та үлгерді. Жалпы аумағы 8462 шаршы метрді құрайтын 4 қабатты ғимарат. Кітапханада: — 24/7 кітап қабылдау пункті — Кітапхана фойесінде тіркеу орны және коворкинг аймақ — Өзіне-өзі қызмет көрсету пункті — Кітап стерилизатор — Петроглифтер мен бейнелер — Fablab өндірістік зертханасы — Фараби әлемі — Атамұра — Dybyslab студиясы — Kitap and relax бөлімі — Балалар әлемі — Ғылыми зерттеу бөлімі — Абонемент залы — Оқу залы — Мерзімді басылымдар залы — Кітапхана үдерістерін автоматтандыру бөлімі қызмет көрсетеді.
Кітапхана озық технологиялармен жабдықталған және оқу залы, интернет залы, балалар және абонемент бөлімі, өлкетану бөлімі, 400 орындық концерт залы, дыбыс жазу студиясы, кофехана, «Атамұра» керамика үйірмесі және «Fablab» зертханасы бар.
2024 жылы Өзбекәлі Жәнібек пен Мархабат Байғұт атындағы залдар ашылды. 480 мың дана кітап қоймасы телелифтпен жабдықталған, жалпы қорында 330 мыңға жуық кітап, оның ішінде 354 сирек басылымдар бар. Қор «Кітап сыйла» акциясы және жаңа басылымдардың келуі арқылы толықтырылады.
«Фараб» атауы әл-Фарабидің білімге деген ұмтылысының құрметіне таңдалды және жастарды білімге, гуманистік құндылықтарға ұмтылуға баулуды көздейді.
Бүгінде Түркістан қаласындағы облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында 235 348 кітап қоры бар. Ал, оқырман саны 10 мыңнан асады. Бүгінде кітапханада «Қолжазба — тарихтың үні мен сыры», «Өлкені тану — өркениетті тану» және «Ғылым мінбері» жобалары тұрақты түрде жүргізілуде. Осы ретте, көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған «Тең қоғам — мінсіз мүмкіндіктер» және «Кітап үні» жобалары жүзеге асып келеді. Сонымен қатар, «Бір ел — бір кітап» акциясы аясында Тәкен Әлімқұлов пен Жұмекен Нәжмеденовтің шығармалары кеңінен насихатталуда. Айта кетерлігі, жыл соңында белсенді оқырмандар марапатталады. Бұдан бөлек, «12 айда — 12 кітап» жобасы жыл бойы жалғасын табады. Түркістан қаласындағы Президент саябағында — «Оқырман іздеймін» жобасы, «Түнгі кітапхана» жобасы аясында бірқатар шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Абаймен ойлан, Абаймен толған» атты 10 күндік мәдени-ағартушылық шара өтті. Рухани шара облыстық, қалалық, аудандық кітапханаларда жүйелі түрде ұйымдастырылды. Республикалық жас кітапханашылар арасында «Жас кітапханашы форумы» шарасы өткізілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
