Түркістан облысы: Ұлы Отан соғысының Созақтағы соңғы сарбазына ерекше құрмет көрсетілді

Созақ ауылындағы «Талапты» мейрамханасында еліміздің ерен ерлерінің бірі, Ұлы Отан соғысының ардагері, созақтық соңғы сарбаз, қарт майдангер Мырзахмет Жылысбаевтың 100 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті.

Шараны Созақ ауданы әкімдігі мен өңірдегі өндіріс орындары бірлесіп ұйымдастырып, батыр қартқа су жаңа темір тұлпардың кілтін табыстады.

Шара барысында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ардагерге ыстық ықыласын білдіріп, ел үшін сіңірген еңбегін ерекше атап өтті:

«Бүгінгі бейбіт күн – Сіз секілді жауға қарсы күрескен майдангерлердің жанқиярлық ерлігінің жемісі. Сіздердей ерлердің арқасында біз бейбіт өмір сүріп келеміз. Сіздің ерлігіңіз бен еліне сіңірген еңбегіңіз ешқашан ұмытылмайды. Бұл той – тұтас елдің, тұтас ұрпақтың алғысы мен құрметі. Ел болып, жұрт болып, Сізді құрмет тұтамыз!» – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, ардагерге арнайы дайындалған автокөліктің кілтін салтанатты түрде табыстап, өнегелі ғұмырына тағзым білдірді.

Аталған мерейлі тойға Түркістан облыстық «AMANAT» партиясы филиалы төрағасының орынбасары Қалима Жантөреева, облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімінің салалық орынбасарлары, мекеме басшылары, мәслихат депутаттары, ардагердің туған-туыстары мен ауыл тұрғындары қатысты. Барлығы да ардагерді құттықтап, ел үшін еткен еңбегіне бас иіп, шынайы ықыластарын білдірді.

Өз кезегінде қарт майдангер Мырзахмет Жылысбаев — «Мына жасқа жеткізген Аллаға шүкір. Елге аман келіп, бейбіт өмір сүргеніме қуанамын. Осындай құрмет көріп, ел-жұрттың алғысына бөленіп отырғаныма жүрегім толқып тұр. Аудан басшыларына, ұйымдастырушыларға, ауылдастарыма үлкен рахмет! Ел аман, жұрт тыныш болсын. Тәуелсіздігіміз баянды болсын!» – деп алғысын тебіреніспен жеткізді.

Ал Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Сызған ауылына арнайы келіп, аудандағы сұрапыл соғыстың соңғы майдангері, ғасыр жасаған қария Мырзахмет Жылысбаевты Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойымен құттықтады.

– Тарихтағы ең алапат майданда бейбітшілік орнатуға біздің батырларымыз ерекше үлес қосты. Солардың арасында сіз де барсыз. Біздің ержүрек ардагерлеріміздің ерліктері – ұрпақтың мәңгілік мақтанышы. Сіздер қан майдандағы жанқиярлық батырлығыңыз арқылы елімізге тыныштық, болашаққа үміт сыйладыңыздар. Бұл Жеңіс – ардагерлеріміздің қажыр-қайраты, батылдығы, төзімділік пен Отанға деген шексіз махаббатының жемісі. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Сондай-ақ, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков тәуелсіздік тұғырының берік, еліміздің еңсесі биік болуы – батыр бабалардың ұлы ерліктерінің заңды жалғасы екенін атап өтіп, ардагерге деген шынайы құрметін жеткізді.

Айтулы мереке қарсаңында ардагер Мырзахмет Жылысбаев көрсетілген ілтипатқа ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Шара барысында жас сақшылар сап түзеп, патриоттық көріністер мен әсерлі әндер орындалып, жиналған жұртшылықтың жүрегіне ерекше әсер сыйлады.

Расында да, Созақ даласы — тарихтың үнсіз шежіресі. Осы өңірде, Қозмолдақ ауылында ғасыр жүгін арқалаған бір ғана майдангер қалды. Ол — Мырзахмет Жылысбаев. Жасы жүзге таяса да, жанары нұрлы, жүрегі ел деп соққан, бүкіл саналы ғұмырын білім мен тәрбие ісіне арнаған ұлағатты ұстаз. Ұлт руханиятына еселі үлес қосқан, ел есінде мәңгілік сақталатын асыл азамат.

Жуырда осы ардагер қарияның үйіне ерекше қонақ келді. Аққолтық ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің 1-сынып оқушысы — 6 жасар Түйеші Жігер Бекжанұлы. Ұстаздар әулетінде тәрбиеленіп жатқан балапан жүрегімен жазған хатын майдангер атасына өз аузымен оқып берді. Саф алтындай мөлдір сөздермен өрілген хатты тыңдаған Мырзахмет ата тебіреніп, көзінен жас алды. Ол жас ұрпақтың ізгілігіне, елжандылығына риза болып, аталық ақ батасын берді.

Жігердің жазған хаты – бейбіт өмірде өсіп келе жатқан ұрпақтың шынайы ықыласы мен алғысының дәлелі іспеттес:

“Мырзахмет ата, сіз соғыста елді қорғадыңыз. Бізге бейбіт өмір сыйладыңыз. Сол үшін сізге алғыс білдіремін. Мен сабағымды жақсы оқып жүрмін. Сіз секілді батыр болғым келеді. Сізді мақтан тұтамын. Сізге денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін,” – деп жазған бала жүрек мереке қарсаңында ел қорғаған ер жүректі атаның жүрегін елжіретті.

Шын мәнінде, ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз – осы. Ұлы Отан соғысының азабын көрген қарт жауынгер мен ертеңгі елдің иесі болатын бүлдіршіннің арасындағы осындай жанды байланыс – елдің рухани тұтастығының көрінісі.

Елімізде тыныштық пен татулық мәңгілік болғай! Ардагерлеріміз аман болсын! Жас ұрпақ олардың ерлігіне лайық болып өссін!

Атап өтерлігі, Созақ ауданындағы «Даңқ» мемориалында Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 80 жылдық мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Жиын барысында соғыс жылдарында жанқиярлықпен ерлік көрсеткен жауынгерлерге құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, гүл шоқтары қойылып, жиналған қауымға жеңіс лентасы таратылды. Одан бөлек, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандар мен бейбіт өмірде дүниеден өткен ардагерлердің рухына құран бағышталды.

Салтанатты жиынға арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жұртшылықты мерекемен құттықтап, ардагерлерге құрмет көрсету — ұрпақ парызы екенін атап өтті. Шара барысында аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер орындап, шараның маңыздылығын көрсете білді.

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күніне орай ардагерлерге құрмет көрсетілді. Аудан орталығындағы «Іңкәр» мейрамханасында Қарулы Күштер ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне және ауған соғысының қатысушыларына арналған мерекелік дастархан жайылып, ерекше құрмет көрсетілді.

Мерекелік шарада аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков: «Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – еліміздің тыныштығы мен тұтастығын қорғауда ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсеткен жауынгерлерге, бейбіт күннің бағасын білетін әрбір азаматқа деген құрметтің нышаны. Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы. Ел тыныштығы мен ұрпақ болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүрген барлық сарбаздар мен ардагерлерге, құқық қорғау саласының қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Тәуелсіз еліміздің іргесі берік, болашағы жарқын болсын! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге сәттілік тілеймін!» — деп құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар тыл еңбеккерлеріне «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін табыс етті.

Аудандағы 143 тыл ардагерінің барлығы да бұл марапатпен қамтылатын болады.

Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, және еңбек ардагерлері ізгі тілектерін білдіріп, жиналған қауымға жүрекжарды лебіздерін арнады.

Шарада аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер орындап, қонақтар назарына арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды.

Орайы келгенде тағы бір алып-қосар ақпарат, Құмкент ауылындағы Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-гимназияда Ұлы Отан соғысының ардагері Рахманберді Сатыев атындағы тарих дәрісханасы ашылды. Ардагердің өмір жолы мен елге сіңірген еңбегін ұлықтау, есімін кейінгі ұрпаққа өнеге ету мақсатында ұйымдастырылған шара аясында мектептің тарих кабинеті жаңартылып, жабдықталды.

Шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жиналған жұртшылықты 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, соғыс ардагерінің ерен еңбегі мен білім беру саласына қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті.

Іс-шара барысында ардагердің шәкірттері, ауыл қариялары мен туыстары да сөз алып, ұлағатты тұлғаның өнегелі өмір жолы туралы естеліктерімен бөлісті. Ардагер қалдырған рухани мұра мен тәрбиелік маңызы зор істер жайлы ой қозғап, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Сатыев Рахманберді 1914 жылы қазіргі Түркістан облысы, Созақ ауданы, Құмкент ауылында дүниеге келген. Әр жылдары Самарқанд медресесінде, Қызылорда және Алматыдағы партия мектептерінде, Жамбыл зоотехникумы мен Қызылорда педагогикалық институтының тарих факультетінде білім алған. Еңбек жолын пионер вожатыйдан бастап, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Рота командирі дәрежесіне дейін көтеріліп, бірнеше әскери марапаттарға ие болған.

Соғыстан кейін халық тергеушісі, мектеп директоры, мәдениет бөлімінің басшысы, колхоз төрағасы, аудандық тұтынушылар одағының төрағасы, халық сотының заседателі сынды лауазымды қызметтер атқарған. Өмірінің соңында тарих пәнінің мұғалімі болып, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге үлес қосқан.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You