Түркістан облысы: Кентаулықтар 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнін салтанатты түрде атап өтті

Кентау қаласындағы С.Қожанов саябағында орналасқан “Азалы ана” ескерткіші маңында 9 Мамыр – Ұлы Жеңіс күніне арналған тағылымды іс-шара өтті. Мерекелік жиында Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан боздақтар бір минут үнсіздікпен еске алынып, батыр бабалардың рухына тағзым жасалды.

Салтанатты жиынға қала әкімі Жандос Тасов пен қалалық мәслихат төрағасы Қаблан Елеусізов, қалалық Ардагерлер үйі төрағасының орынбасары Мамыржан Юлдашев пен қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Мұхтар Молжігітов, “Қарулы Күштерінің ардагерлері” республикалық қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бабай Тәңірбергенұлы Алдабергенов қатысып, мерекелік құттықтау сөз сөйледі.

Жиында сөз алған азаматтар сұрапыл соғыс жылдарында ел мен жерді қорғау жолында жанын қиған батырлардың ерлігі мен қайсарлығы ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Сонымен қатар, бейбіт өмір мен ел тыныштығының қадірін ұғындырып, кейінгі ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды.

«Ұлы Жеңіс – халқымыздың қайсар рухы мен бірлігінің айқын көрінісі. Майдан даласында ерлік көрсеткен ардагерлеріміздің жанқиярлығы мен тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегі, бүгінгі бейбіт өмірдің негізі. Батыр бабалардың ерлігі әрдайым ұрпақ жадында сақталады», – деп атап өтті шара барысында.

Мерекелік іс-шара соңында қатысушылар “Азалы ана” ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, майдангерлер рухына құрмет көрсетті. Сонымен қатар, қала әкімі бастаған зиялы қауым өкілдері мен тыл еңбеккерлері С.Қожанов саябағына тал отырғызу шарасына қатысты. Бұл күн – ерлік пен елдіктің, батырлық пен тағзымның символы.

Сонымен бірге Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай ғасыр жасаған тыл ардагері, ұлағатты ұстаз Бимолда Амангелдиевтің шаңырағына арнайы барып, 9 Мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, құрмет көрсетті. Кездесу барысында қала әкімі ардагердің ел болашағын тәрбиелеу жолындағы ұзақ жылғы еңбегіне ризашылығын білдіріп, соғыс жылдарындағы қиындықтарға қарамастан білім саласында аянбай еңбек еткенін ерекше атап өтті.

«Сіздердің өмір жолдарыңыз бен ерен еңбектеріңіз – кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге. Елдің дамуына, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлестеріңіз әрдайым құрметке лайық» – деді қала әкімі.

Ардагер Бимолда Амангелдиев көрсетілген құрметке алғысын білдіріп, ел амандығы мен жұрт тыныштығын тілеп, ақ батасын берді.

Бимолда Амангелдиев 1926 жылдың 1 қаңтарында Түркістан қаласында дүниеге келген. 1935-1944 жылдары Киров атындағы орта мектепте білім алған. 1944-1947 жылдары педагогикалық училищеде оқып, кейін білімін Алматы қаласындағы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде жалғастырған.

1953 жылы Оқу министрлігінің жолдамасымен Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданына жіберіліп, еңбек жолын қазақ тілі пәнінің мұғалімі әрі оқу меңгерушісі қызметінен бастаған.

Еңбек жолында: 1953-1955 жылдары – Созақ ауданында қазақ тілі мұғалімі және оқу меңгерушісі; 1955-1956 жылдары – Кентау қалалық комитетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі; 1957-1965 жылдары – Кентау қаласындағы мектеп-интернатта қазақ тілі пәнінің мұғалімі; 1965-1967 жылдары – Кентау қаласындағы №2 мектепте мұғалім; 1968-1986 жылдары – Түркістан қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған.

Бүгінде ардақты қария 4 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан тараған 20 немере мен 14 шөберенің қызығына бөленіп отыр. Ғасыр жасаған ардагердің өнегелі өмір жолы мен ел игілігі жолындағы еңбегі – жас ұрпаққа үлгі, елге құрмет.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You