Түркістан облысы: Ордабасы ауданында «Ұлы жеңіс – ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты салтанатты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды

Ордабасы ауданында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиында тағылымы терең, рухы асқақ шарада ел қорғаған ерлердің ерлігі ұлықталып, Отан үшін жанын қиған батыр бабалардың рухына тағзым жасалды.

Елдік пен бірлікті дәріптеген мерекелік жиынға аудан әкімі Азат Оралбаев пен аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, құқық қорғау органдарының басшылары мен зиялы қауым өкілдері, тыл ардагерлері мен ауған соғысының ардагерлері, мекеме басшылары мен аудан тұрғындары қатысты.

Салтанатты шара барысында Саз колледжінің үрмелі аспаптар оркестрі патриоттық шығармаларды орындап, кештің рухын асқақтатты. Сонымен қатар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Бақдәулет Ташпулатов аудан әкіміне салтанатты түрде рапорт берді. Қатысушылар сұрапыл соғыс жылдарында майдан даласында ерлік көрсеткен боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Аудан әкімі Азат Оралбаев жиналған жұртшылықты қос мерекемен құттықтап, Ұлы Жеңіс – батыр бабалардың қанымен, аналардың көз жасымен келген қасиетті жеңіс екенін атап өтті. Майдангерлердің қайсарлығы мен тыл ардагерлерінің ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын айтып, бүгінгі бейбіт өмір мен тәуелсіз елдің берік тұғыры сол буынның жанқияр ерлігінің арқасында қалыптасқанын жеткізді. Сонымен қатар ел тыныштығы мен бірлігін сақтау — баршаға ортақ міндет екенін атап өтіп, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік рухты сіңірудің маңыздылығына тоқталды. Ардагерлерге көрсетілген құрмет — тарихқа тағзым мен елдік рухқа деген адалдықтың айқын көрінісі екеніне назар аударды.

Мерекелік кеш барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары театрландырылған көріністер мен мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынды. Концерттік шарадан кейін арнайы дастархан жайылып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың рухына құран бағышталды. Сондай-ақ ауданның қоғамдық өміріне белсене атсалысып жүрген бірқатар азаматтар аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Ұлы Жеңіс – батыр бабаларымыздың қайсар рухы мен Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің мәңгілік символы. Ер есімі – ел жадында, ерлік рухы ұрпақ жүрегінде мәңгі сақтала бермек.

Бұдан бөлек бүгін 9 мамыр – Жеңіс мерекесіне орай аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей тыл ардагері Кембіл Айжанбек Тұрлыбекұлының шаңырағына арнайы барып мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.

Кембіл Айжанбек Тұрлыбекұлы 1932 жылы Сарыағаш ауданына қарасты Келес ауылында дүниеге келген. 1935 жылы отбасы Боген ауылына қоныс аударған. Соғыс жылдарында ауыл шаруашылығында еңбек етіп, әкесіне қолғабыс болған. Соғыс аяқталған соң әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын өтеген.

1957 жылы Арқа қаласында темір жол саласында еңбек жолын бастап, сол жылы отбасын құрған. Бүгінде 4 ұл мен бір қыздан тараған 10 немере, 14 шөбере сүйіп отырған ардақты қария.

1970 жылы Темірлан ауылына қоныс аударып, ПМК мекемесінде ұзақ жылдар еңбек еткен. Автогрейдер техникасын меңгеріп, кейін ПМК мекемесінде бас жабдықтаушы қызметін абыроймен атқарған. Сонымен қатар, Бөген ауылындағы қойма құрылысына өз үлесін қосқан.

Кездесу барысында қарияның ел дамуына сіңірген еңбегі мен өнегелі ғұмыр жолы ерекше аталып, жылы лебіздер мен ізгі тілектер айтылды. Ардагерге сый-сияпат табысталып, жас ұрпаққа үлгі болатын еңбек жолы үшін алғыс білдірілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You