
Отырар ауданында «Отырар ауданының 90 жылдығы» аясында Әселхан Қалыбекованың туғанына 75 жыл толуына орай «Желегін кір шалмаған көңілімнің» атты облыстық «Әселхан оқулары» байқауы өтті. Шараға келген көпшілік алдымен аудандық орталық кітапхананың кітап көрмесі мен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің құнды жәдігерлер көрмесімен танысты.
Байқаудың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев арнайы қатысып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Ақындық — Алладан келген үлкен сый» деп дана бабаларымыз айтқандай, қазақ халқы қашанда ақынын құрметтеген, қастерлеген, еркелеткен. Сондай арқалы ақындарымыздың бірі — Қазақстан Республикасының халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері, Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты, жерлесіміз Әселхан Әлшеріқызы Қалыбекова еді. Ақын тірі болғанда биыл 75 жасқа толар еді.
Аудандық «Отырар» кітапханасының ұйымдастыруымен өткен шараның мақсаты — Әселхан Қалыбекованың өмір жолы мен жауһар жырларын кейінгі ұрпаққа өнеге ету болды.
Байқауға Отырар ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, ақын, ұстаз Жұмакүл Нәлібаева және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Айгүл Құрманбек, ақын, «Отырар әдебиеті және өнері» бірлестігінің төрағасы Дәурен Полатбаевтар қазылық етті.
Байқауға Түркістан өңіріндегі қала-аудандардан 13 үміткер қатысып, бақтарын сынады. Мәнерлеп оқу шеберлігі мен ізденісі сынға түскен байқауда ерекше қабілетімен көзге түскен Отырар ауданының тумасы Дариға Шерехан бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал, қазылар алқасының шешімімен І орын иегері Созақ ауданынан келген Жүрсін Амангелдіге, ІІ орын Түркістан қаласынан келген Бекзат Індемесовке бұйырса, Қазығұрт ауданынан келген Талғат Әбдуәлі ІІІ орынды иеленді.
Байқаудың «Сұлу сөздің шебері» номинациясымен Ордабасы ауданынан келген Салтанат Қайырлиева, «Көркем сөз шебері» номинациясымен Сауран ауданынан келген Ғазиза Іңкәрбекова, «Жас талант» номинациясымен Кентау қаласынан келген Ақмарал Шамаханова марапатталып, арнайы сыйлықтарға ие болды. Бұдан бөлек жарысқа қатысушы өзге де үміткерлер алғыс хаттармен марапатталды.
Еске салайық, Әселхан Қалыбекова 22 сәуір 1950 жылы Отырар ауданында дүниеге келген. Белгілі халық ақыны Ергөбек Құттыбайұлының ұрпағы. Көксарай елді мекеніндегі Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебін 1966 жылы бітірген. 1970 жылдары аудандық мәдениет бөлімінде, аудандық газет редакциясында қызмет етті, 1971-1991 жылдары аралығында аудандық ауа райы мекемесінде бақылаушы қызметін атқарған. 1981-1982 жылдары суырып салма айтыс ақындарының додасына қатыса бастады. Әселханның айтыс өнеріне қосқан үлгі-өнегесі мол. Ақын апа айтыс әлемінде алып самұрыққа ұқсайтын, қанатымен дауыл тұрғызып, екпінімен найзағай ойнататын, елінің ең сүйікті перзентіне айналған. Республикамызға танымал белгілі ақындардың бәрімен кездесіп, аймақтық, республикалық, халықаралық көптеген дүбірлі айтыстарда намысты қолдан бермеген, от ауызды орақ тілді, арқалы ақын.
1989 жылы Жазушылар одағы Жамбыл атындағы сыйлығының тұңғыш иегері. 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Советі Президиумының 6 сәуірдегі Указымен «Қазақ КСР-ның Халық ақыны» құрметті атағы берілді. Әселхан Қалыбекова тек айтыскер ғана емес, жазба ақын ретінде де жақсы қырынан танылған. Ақынның екі жыр жинағы бар. Айтыс өнерінің ақтаңгері Әселхан Әлішерқызы Қалыбекованың «Отырар аспаны» (1994 жылы), «Басыңды тікпей бақ қайда?!» (1990-2000 жылдары), «Алладан пәрмен сұраған» (2000 жылы), «Сырттан кеткен тамырлар» (2004 жылы), «Жыр-Шапағат» (2008 жылы), «Әселхан Әлемі» (2008 жылы) атты кітаптары жарық көрді. 1981-1984 жылдары аралығында аудандық, облыстық және облысаралық ақындар айтыстарында жүлделі орынды уысында бекем ұстап тұрды.
Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова Отырар аудандық мәдениет бөлімі жанынан ашылған ақындар мектебіне жетекшілік етті. Аталмыш мектептен көптеген айтыс саңлақтары шықты. Бүгінгі айтыс көкжиегіндегі шоқ жұлдыздар – Маржан Есжанова, Анар Жаппарқұлова, т.б. Әселхан мектебін көрген шәкірттер. Әселхан Қалыбекова Отырар ауданының Құрметті азаматы. 2005 жылы «Парасат» орденімен марапатталған.
Қазақтың арқалы айтыскер ақын қызы Әселхан Қалыбекова 2021 жылы 5 шілдеде дүниеден озды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
