
Бүгін Отырар ауданында «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК-ның ұйымдастыруымен дәстүрлі «Музей түні» халықаралық акциясы өтті.
«Отырар: Өткенге саяхат түні» тақырыбымен өткен шараның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы Құлмаханов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Уәлихан Жамалханұлы Ұзақов және «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК директоры Айбек Қыстаубайұлы Жандосов қатысып, қонақтар мен қатысушыларға тарихи құндылықтарымызды насихаттауға бағытталған шараның маңыздылығын атап өтті.
Шара аясында тарих тереңіне жетелеген тақырыптық көрмелер мен экскурсиялар ұйымдастырылып, жас ұрпақтың зияткерлік қабілетін шыңдаған танымдық викториналар мен ұлттық болмысқа терең бойлатқан деректі фильмдер көрсетілімі көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, ұлттық ойындар мен этнографиялық көріністер әсерлі кештің шырайын кіргізді.
Мерекелік кеште музей ісіне сіңірген еңбегі үшін музей ардагерлері мен қызметкерлеріне арнайы марапаттар табысталды.
Тарихи-танымдық тұрғыдағы музей түні мерекелік іс-шарасына қатысқан көпшілік түнгі тұнық аспан астында әуелеген әсем әндерге құлақ құрыштарын қандырып, театрландырылған көріністер мен музей жәдігерлерімен зейін қоя танысып, көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.
«Музей түні» – бұл бір түндік шара емес, бұл – тарих пен келешекті жалғайтын алтын көпір.
Келген әрбір қонақ өзімен бірге рухани байлық, тарихи мақтаныш және ұлттық болмысқа деген терең құрмет сезімін ала кетті.
Еске салайық, ауқымды мәдени оқиғаға айналған бұл шара елімізде биыл жиырмасыншы рет ұйымдастырылып отыр. Қазақстан бұл халықаралық акцияға алғаш рет 2006 жылы қосылып, алғашқы мерекелік іс-шара ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің бастамасымен өткен болатын. Ал ҚР Ұлттық музейі «Музейлер түнін» 2015 жылдан бері өткізіп келеді.
«Музей түні – 2025» акциясы – мәдениет пен тарихты тоғыстыра отырып, көрерменге ерекше рухани әсер, жарқын эмоциялар мен ұмытылмас кеш сыйлайтын маңызды мәдени оқиға!
1978 жылдан бастап бүкіл әлемдегі музей қызметкерлері 18 мамырда өздерінің кәсіби мерекелері Халықаралық музейлер күнін атап өтеді. Ол 1977 жылы мамырда Мәскеуде өткен Халықаралық музейлер кеңесінің (ICOM) XI бас конференциясында бекітілді. 1992 жылы ICOM кеңесі іс-шараны белгілі бір тақырыпта өткізуді ұсынды. Содан бері жыл сайын Халықаралық музейлер күнінің өз тақырыбы бар және Халықаралық музейлер кеңесі әрқашан тақырыпқа байланысты іс-шараларға шолу жасап, оларды барлығына қолжетімді етеді.
2020 жылдан бастап жыл сайын Халықаралық музейлер күні БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының бірқатар идеясын қолдайды.
Музей мерекесі саналатын “Музейлер түні” акциясы заманауи халықаралық музей тәжірибесінде кеңінен таралған. Акция ICOM қамқорлығымен өткізіледі. Бұл күні көптеген музей күн батқаннан кейін және таңертеңге дейін келушілер үшін ашық. Акцияның негізгі мақсаты – заманауи музейлердің мүмкіндіктері мен әлеуетін көрсету, жастарды музейге тарту.
1997 жылы Германия музейлері алғашқы болып түнде келушілерге есігін ашты. Халықаралық акцияға 2006 жылы Қазақстан да қосылды.
Қазір ел бойынша 294 музей жұмыс істеп тұр. Өткеннің өрнегін бүгінге жеткізіп, болашаққа аманаттар орындарда 4,5 млн жәдігер сақтаулы. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, былтыр Қазақстан музейлерінің табалдырығын 6,6 миллионнан астам адам аттаған.
Жалпы, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде де «Музей баршаға ашық» біркүндік акциясы өтті. Келушілер музей экспонаттарын шам жарығымен тамашалады. Осы мәдени ордаға қарасты аудандардағы 24 музейде де тағылымды шаралар мен арнайы бағдармаламар ұйымдастырылды.
Осылайша еліміздің түкпір-түкпіріндегі мәдениет ордалары 14:00-00:00 аралығында, түн ауғанша қалың қауымға қызмет көрсетті.
«Музей түні» – ұлт тарихын бүгінгі ұрпақтың жүрегіне жақындатудың жарқын үлгісі. Ол өткенге құрметпен, болашаққа сеніммен қарауды үйретеді. Демек, бұл – тек бір күндік шара емес, ұлттық тәрбиенің, тарихи танымның ұзаққа созылатын нәтижелі мектебі. Жоба бірте-бірте елдің ішкі туризм саласына серпін әкеледі. Әсіресе Астана мен Алматы қалаларындағы ірі музейлердің түн ортасына дейін жұмыс істеуі – тұрғындардың да, қала қонақтарының да қызығушылығын арттырады. Адамдар отбасымен, достарымен келіп, кешті мәдени демалысқа айналдырады. Бұл үрдіс – руханият пен отбасылық құндылықтың қатар өрілуінің бір көрінісі.
Орайы келгенде оқырмандарымыз үшін Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы туралы да кеңірек мағлұмат бере өтсек. Аталмыш мекеме әу баста 1967 жылы Түркістан облысы, Отырар ауданы, Темiр станциясында ашылған. Алғашқыда мектеп музейi, 1973 жылдан бастап аудандық музей қызметiн атқарса, 1979 жылы Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы болып құрылды.
Музейдiң негiзгi мақсаты — Отырар өңiрiндегi археологиялық, архитетуралық ескерткiштердi қорғау, ғылыми-зерттеу, мәдени-ағартушылық жұмыстармен айналысу. Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы құрамына Отырар қалажұрты, Арыстан баб кесенесi және осы өңiрдегi барлық ежелгi қала орындары, қорғандар, суландыру жүйелерi, шеберханалар енедi және бұлар көрермендерге экспозициялық қызмет атқарады.
Музейде бiрнеше бөлiмдер және кiтапхана жұмыс iстейдi. 1993 жылы музей қарамағына 110 тарихи ескерткiш бекiтiлiп берiлдi, қорғау аймағы 11547 гектар болып ұлғайды. Қазiргi кезде Отырар өңiрiнде 160-тан астам тарихи-мәдени ескерткiш бар.
Ал тарихына келсек, «Отырар» археологиялық мемлекеттік музей-қорығы 1979 жылы 11 мамырда Қаз КСР министрлер Кеңесі шешімімен ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту және археологиялық ескерткіштерді қорғау мекемесі ретінде құрылған. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі ғимаратының іргетасы 1979 жылғы 9 қазанда қаланып, 1982 жылы толық пайдалануға берілді. Музейге 1982 жылы 22 маусымда сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің біріншісі хатшысы Д.А.Қонаев келіп, археологиялық – этнографиялық көрмемен, болашақ экспозицияның жобасымен танысып, қонақтардың пікір кітабына өз қолтаңбасын жазып қалдырды.
Бұл Қазақстан аумағында құрылған алғашқы археологиялық музей-қорық. 1998 жылы 25 желтоқсанындағы №1335 Үкіметтің қаулысына сәйкес «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы республикалық бағыныстағы мемлекеттік мекеме болып қайта құрылды. Ол заңды мемлекеттік мекеме ретінде 1999 жылы 27 сәуірде қайта тіркелді. Музей-қорық мекемесі Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылы, Жібек жолы даңғылының бойында үш қабатты ғимаратта орналасқан.
Қорық-музей ашылғаннан бері республика көлемінде археологиялық жәдігерлерді зерттеу, қазба жұмыстарын жүргізу, реставрация және консервация арқылы ескерткіштердің сақталуын қадағалайтын, сонымен қатар, халқымыздың этнографиялық және рухани, мәдени мұраларын жинақтап, сақтау, зерттеу, насихаттау жұмыстарын жүргізетін бірден-бір мекеме болып қызмет істейді. Бүгінгі таңда музейде алты ғылыми-зерттеу бөлімі: қор сақтау; археология; тарихи ескерткіштерді қорғау; этнография, әдебиет және мәдени-көпшілік іс-шаралар; реставрация және консервация; экспозиция, экскурсия және қоғаммен байланыс бөлімдері мен кітапхана жұмыс істейді. Қорық-музей ашылған жылдары қорында 2000 жәдігер болса, қазіргі таңда олардың саны 24000-нан асты. Музейдегі әр жәдігер халқымыздың өмірі мен тұрмыс-салтынан құнды деректер береді. Олар әр заманнан бүгінгі бізге жоғалмай жеткен адамзат тіршілігінің іздері.
Көпшілік көрермендерге музей ғимаратымен қоса, Арыстанбаб кесенесі, Отырар қалажұрты, «Қоржын там» этнографиялық кешені қызмет көрсетеді. Қоржын үйдің жалпы ауданы — 3048,5 метр, экспозиция ауданы — 1052 метр, қор бөлімінің ауданы — 254 метр.
Музей ұжымы «Мәдени мұра» және «Көне Отырарды жаңғырту» бағдарламалары негізінде Отырар өңірінде жүргізілген археологиялық және реставрациялық жұмыстарға қатысып бірнеше ғылыми есептер жазды. 2004 жылы күзде осы жұмыстарға орай музей ішінен жаңа реставрация және консервация бөлімі ашылды.
Музей-қорықта қазақ халқының көне тарихы насихатталады.
Музей-қорықтың негізгі мақсаты — Отырар өңіріндегі археологиялық, архитектуралық ескерткіштерді қору, ғылыми зерттеу және насихаттау мен мәдени ағартушылық жұмыстарымен айналысу.
Қазір Отырар оазисінде 5 республикалық, 150-ден астам археологиялық-архитектуралық ескерткіштер анықталған. Ғасырлар қойнауынан жеткен, осы өңірдің тарихында ерекше маңызы бар, Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан Отырар аймағындағы ежелгі және ортағасырлық қалалар мен мекендер – Отырартөбе, Құйрықтөбе, Көкмардан, Алтынтөбе, Ақтөбе, Жалпақтөбе, Оқсызтөбе, Пышақшытөбе және ХІІ ғасырға тән ескерткіш Арыстанбаб әулие кесене-мешіті, тағы басқа тарихи-мәдени археологиялық ескерткіштер.
Сонымен қатар, Отырар қаласының маңында әулиелі, қасиетті орындар аз болмаған. «Отырарда отыз баб, Түркістанда түмен баб, Сайрамда бар сансыз баб, ең үлкені Арыстанбаб» деп дәріптелген бүкіл мұсылман қауымына белгілі шейх Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы әулие Арыстанбаб осында жерленген. Арыстанбаб тек Отырар өңіріне ғана емес, бүкіл түркі әлемінің исламдануына септігін тигізген ірі тұлға болған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.