Түркістан облысы: Отырар ауданында тұрғындар қаржылық сауаттылық жөнінде жан-жақты ақпарат алды

Қаржылық және құқықтық сауаттылық дегеніміз – азаматтың жеке қауіпсіздігі, жауаптылығы мен өмір сапасының кепілі. Бүгінгі таңда қоғамда туындайтын көптеген әлеуметтік-экономикалық қиындықтардың негізінде қаржыны тиімді басқару дағдысының жетіспеушілігі мен құқықтық білімнің төмендігі жатыр. Бұл мәселелерді шешудің басты жолы – уақтылы ақпарат беру, тұрғындардың сауатын арттыру және нақты тәжірибелік көмек көрсету.

Осы мақсатта Түркістан облысының Отырар ауданында «Қаржылық сауаттылықты арттыру және борышкерлерге құқықтық қолдау көрсету» жобасы аясында ауқымды семинар-тренинг өтті. Аталған шара аудан тұрғындарына қаржылық қиындықтарды еңсеру мен алаяқтық әрекеттерден қорғану, несие шарттарын түсініп оқу, келісімшартқа қол қояр алдында неге назар аудару керектігі, сондай-ақ банк немесе салық органдары тарапынан есепшоттары бұғатталған жағдайда қандай әрекеттер жасау қажет екендігі жөнінде нақты әрі кәсіби кеңес берілді.

Семинарға заңгер Жандос Әзімбай, «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысындағы үйлестірушісі мен педагог-психолог Шара Абдирахманова арнайы шақырылып, тұрғындармен ашық әрі еркін форматта сұхбат құрды.

Жандос Әзімбай өз сөзінде: «Қазіргі таңда кез келген азамат қаржылық келісімшарттарға қол қойған кезде оның мазмұнын түсініп, өз міндеті мен құқықтарын нақты білуі тиіс. Есепшоттар бұғатталса, оған не себеп болғанын анықтап, құзырлы органдарға тиісті өтініштер мен шағымдарды уақтылы беруге машықтануы қажет. Біз бүгін осындай жағдайлардан шығудың заңды жолдарын түсіндіріп, тұрғындарға нақты алгоритмдер ұсынып отырмыз. Әр азамат өзінің қаржылық және құқықтық қауіпсіздігіне өзі жауапты екенін түсінуі керек», – деді.

Педагог-психолог Шара Абдирахманова болса, қаржылық сауаттың психологиялық денсаулыққа тікелей әсерін тілге тиек етті:

«Бүгінде несиеге тәуелділік, қарыздардан арылмау мәселесі көптеген отбасыларда дау-дамайға, күйзеліске, өз-өзіне сенімсіздікке алып келіп жатыр. Бұл адамның ішкі күйіне кері әсер етеді. Сондықтан қаржылық білім – тек ақшаны басқару ғана емес, өмірдің сапасын арттыру жолы. Адам өзін сенімді, тұрақты сезіну үшін алдымен өзінің табысын, шығынын, міндеттемелерін сауатты басқара білуі керек», – деді.

Семинар барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жағдайларына қатысты кәсіби кеңестер алды. Сондай-ақ заңгер тарапынан банктерге немесе салық органдарына берілетін өтініштердің үлгілері, шағым жолдау тәртібі, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардан көмек сұрау механизмдері туралы толық ақпарат берілді.

Атап өтер жайт, азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы 2023 жылы мамыр айында Қазақстанның 8 өңірінде басталды. Ол азаматтарға білікті қаржылық және құқықтық көмек көрсетуді, халық­тың қаржылық сауатын арттыруды, азаматтарға банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша проблемалық берешекті реттеуге жәрдемдесуді көздейді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында жобаның ауқымын кеңейтуді тапсырды. Қазіргі таңда жоба барлық облыстарда, сондай-ақ республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге асырылып келді. Жұмысқа 11 мемлекеттік орган, 12 банк, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы мен Қазақстанның микроқаржы ұйымдарының қауымдастығы қосылды.

«Біз ел азаматтары арасындағы проблемалық несиелердің үлесін азайтуға әрі халықтың қарызға белшеден батуына жол бермеуге тырысамыз. Бұл ең маңызды әлеуметтік мәселе және осы ретте партия шетте қала алмайды. Қазір біз оның салдарымен күресіп жатырмыз. Сондықтан қаржылық сауаттылықты мектептерде, колледж­дерде және ЖОО-да оқыту қажет деп санаймыз. Осылайша, қоғамдағы қаржылық мәдениет деңгейінің үлесін айтарлықтай арттыра аламыз», — дейді жоба жауаптылары.

Өз кезегінде «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұр­заева әлемдік озық тәжірибелерді ескере отырып, қаржылық сауаттылық бойынша әдістеме мен оқу-практикалық материалдарды әзірлеудің маңыздылығына тоқталды.

«Біз 513 мың адамның арасында сауалнама жүргіздік. Олардың ішінде мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар бар. Білім беру үдері­сіне қатысушылар арасында қаржы­лық сауаттылықты оқытудың ұйым­дас­тырылуы мен нысаны туралы бірың­ғай түсінік жоқ. Мұғалімдердің 80%-ы «Жаһандық құзыреттілік» пәні аясын­да сауаттылықты оқытуға арнал­ған оқу­лықтар мен әдебиеттердің жоқ­тығын айтады. Оқушылардың 60%-ы пәнге қызығушылық танытқанымен, оның форматы әрі материалдардың ұсынылуы ұнамайтынын көрсеткен», — дейді «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі А.Бекмұрзаева.

Ал Түркістан облысында «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында бірқатар ауқымды шаралар атқарылып келеді. Бүгінгі таңда қарыздары 90 күннен асқан 589 облыс тұрғынына дәріс беріліп, қатысушылар арасында есепшоттары бұғатталған азаматтардың шоттары ашылды. Сондай-ақ, азаматтардың атынан банкроттық жариялауға құжаттары жолданып жатыр.

Облыс тұрғындарына қаржылық сауаттылық бойынша білім беру сабақтары Түркістан қаласы, Төлеби, Сауран және Сайрам аудандарында ұйымдастырылған. Бүгінгі таңда «Қарызсыз қоғам 2.0» жобасы қолға алынып, азаматтарды офлайн оқытудан бөлек, онлайн білімін жетілдіруге мүмкіндік жасалып отыр. Ол үшін qogamfin.kz сайтына тіркеліп, қаржылай сарапшы мен заңгердің қызметіне жүгінуге болады.

Айта кетейік, 2024 жылы елімізде «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында түрлі заң мәселелері бойынша 70 мыңнан астам жеке консультация өткізілген. Жоба 8 мыңнан астам қазақстандыққа 90 күн мерзімі өткен несие мәселелерін шешуге септігін тигізген. Алаяқтықтан зардап шеккен 1500 адамға заң көмегі көрсетіліп, 6 мыңнан астам шот бұғаттан шешілген.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You