
2025 жылдың 14-15 мамыр күндері Отырар ауданы әкімдігі мен “Белсенді ұзақ өмір” әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ұйымдастыруымен «Ұлы Жеңістің 80 жылдығы» аясында ардагерлерге арналған тарихи-танымдық сапар сәтті өтті.
Іс-шараға ауданның 13 ауылдық округінен қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі және әжелер алқасының белсенді мүшелері, сондай-ақ тыл және еңбек ардагерлерінен құралған 50-ге жуық ардагер қатысты. Бұл жолы ардагерлер көршілес Өзбекстан Республикасының рухани мұраларымен танысып, тарихи және киелі орындарды аралап қайтты.
Сапардың басты мақсаты – ардагерлердің рухани тынығуын қамтамасыз ету, олардың ел үшін сіңірген еңбегіне құрмет көрсету, сонымен қатар жастарға патриоттық тәрбие беру жолында ардагерлердің өмір жолын үлгі ету болып табылады.
Саяхат бағдарламасы Ташкент қаласындағы Төле би бабамыздың кесенесіне зиярат жасаудан басталып, қаланың көрнекті тарихи орындарын аралаумен жалғасты.
Назар аударар жайт, Шейхантаур кесенесі — Ташкентте осы уақытқа дейін сақталған ең көне мемориалдық кешен. Бұл кешеннің басты ерекшелігі — мұнда қазақ халқының қара қылды қақ жарған әділ биі Төле би Әлібекұлы жерленген. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Қарлығаш би кесенесі, жергілікті жұрт биді осылай атайтын, қазақтар мен жақын аймақтардан келетіндер үшін ерекше құрметке ие болды.
Айтпақшы, Төле бидің Ташкент қаласын 1743 жылдан 1749 жылға дейін алты жыл билеп және осында жерленгенін бірі білсе, бірі білмейді.
Кесененің салыну уақыты XV ғасырдың басына сәйкес келеді. Аңыз бойынша, жоңғар шапқыншылығы кезінде жергілікті тұрғындар дүрбелең күйінде үйлерін тастап кеткен, бірақ Төле би өз үйінде қалған. Сот барысында Жоңғар әскерінің бастығы одан басқа тұрғындармен бірге неге қашпағаны туралы сұрайды, Төле би өзінің киіз үйін бұзғысы келмейтінін, өйткені жаңа туған балапандары бар қарлығаштың ұясы пайда болғанын айтты. Бұл жағдай жоңғарлардың басшысын таң қалдырғаны соншалық, ол бұл әділ адамға да, оның туыстарына да зиян тигізбейді.
Содан бері Төле би Қарлығаш би деген атпен танымал болды — «Қасиетті қарлығаш». Кейіннен Қарлығаш би халықты жоңғарларға қарсы күресуге шабыттандырды, ал шетелдіктер қуғынға ұшырағаннан кейін ол Ташкент губернаторы болып сайланды. Ол қайтыс болғаннан кейін, үлкен құрметпен Әулие Шейх Ховенди Тахур қабірінің қасына жерленді.
Кесене XIV ғасырда өмір сүрген қасиетті шейх Ховенди Тахурдың мемориалдық кешеніне жатады және үш ғимараттан тұрады.
Төле би кесенесінің ғимараты пирамидаға ұқсас ерекше күмбезі бар тікбұрышты болып келеді. Құрылыстың қасбеті іс жүзінде қапталмаған, күмбездің тұсында XV ғасырдың төбесінен сүңгі түрінде салбырап тұратын әк тұнба сақталған. Кесененің күмбезі қатты қираған. Ол XX ғасырдың 70-жылдарында ғана қалпына келтірілді.
Мұнан кейін ғасырлар куәсі һәм өркениет бесігі болып саналатын Самарқан қаласында жалғасып, ардагерлер әйгілі Регистан алаңын, XV–XVII ғасырларда салынған Ұлықбек, Шердор, Тилля-Кари медреселерін, сондай-ақ Әмір Темірдің “Гүр Әмір” кесенесін тамашалап, ата-баба мұрасымен тереңірек танысты.
Осы ретте тарихқа көз жүгіртсек, біздің заманымызға дейін VII ғасырда Соғды мемлекетінің Марақан қаласы болған. Ол кезде өркениет дамып, тіршілік қайнап жатқан. Ал бүгінде тек қалдықтарды байқауға болады. Алайда ғасырлар өтіп, шахар атауын ауыстырғанымен, бұл өңір өз дамуын тоқтатқан жоқ. Бүгінде ол әлемнің ең ежелгі қалаларының бірі – Самарқан.
Самарқан сан ғасырлық ғұмырында сан мәрте құлдырады да, қайта қалпына келіп отырды. Ұлы Жібек Жолы дәуірінде Парсы, Қытай, Үнді елдерінен шығатын сауда керуендерінің тоғысатын нүктесі дәл осы жер еді.
Әлем тарихында өздерінің атын қалдырған Ескендір Зұлқарнайын, Шыңғыс хан, Әмір Темір сияқты қолбасшылар алып империяларының астанасын осы шаһар қылған еді.
Бүгінде Самарқан – ежелгі тарихи жәдігерлері сақталған, рухани және материялдық құндылықтары жойылмаған қала ретінде ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мұралар тізіміне еніп отыр.
Самарқан (өзбекше — Samarqand) — Өзбекстандағы ежелгі қала, Самарқан облысының әкімшілік орталығы. Зерафшан өзені аңғарында орналасқан. Халық саны бойынша Өзбекстанның үшінші қаласы.
Самарқанның ежелгі Афрасиаб атанған солтүстік-шығыс бөлігінде қала тарихының мұражайы, Шаһи Зинда ғимараты, Бибі ханым мешіті сияқты тамаша сәулет ескерткіштері шоғырланған. Ескі Самарқанның орталығында Регистан, одан оңтүстікке қарай Гүр Әмір, Ақсарай, Рухабат; оңтүстік-шығысында Ишарат хан мазарлары, т.б. орналасқан. Самарқанда Жалаңтөс Баһадүр салдырған «Ширдор» медресесі өзінің көркемдігімен ерекшеленеді. Онда машина жасау зауыты, жеңіл өнеркәсіп фабрикасы, химиялық комбинат, 4 театр, 6 жоғары оқу орны бар.
Ал біздің заманымыздың 4-ші ғасырында Марканд деген атпен белгілі болды. Біздің заманымыздың 330 жылы Ескендір Зұлқарнайын жаулап алып, өз мемлекетінің құрамына енгізді. Б.з.б. I ғасырдан біздің заманымыздың IV ғасырына дейінгі аралықта Кушан патшалығының ірі сауда орталығы болды. IV ғасырдан VI ғасырға дейін Түрік қағанатының құрамына енген Соғды мемлекетінің астанасы болды. Самарқанды VIII ғасырдың басында арабтар, IX ғасырда Самани әулеті, XI ғасырда Қарахан әулеті, одан соң селжүктер, XII ғасырдың орта шенінде қидандар басып алды. XIII ғасырдың бас кезінде Хорезм шаһтары билік етті. 1220 жылы Шыңғыс хан әскерлерімен жауланды. XIV ғасырдың аяғы мен XV ғасырдың басында Әмір Темір мемлекетінің астанасы болды. 1500 жылы Шайбани мемлекетінің, XVI ғасырдың аяғында Бұхара хандығының құрамына кірді. 1868 жылы патшалық Ресей әскерлері басып алды да, Ресей империясының қарауына енді. 1924–1930 жылдары Өзбек КСРның астанасы болды. 1970 жылдың қазанында Самарқанның 2500 жылдығы аталып өтілді.
Қалай десек те, Самарқан – Өзбекстан Республикасының ежелгі қаласы. Жаугершілік заманды, сауда-саттық қызған шақтың куәсі болған қалаға ат басын бұрып, тарихпен танысқысы келетін туристердің қарасы қалың қашанда. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Самарқан көктем-жаз айларында ерте кездегідей сауданың мекеніне айналады. Қаланың символы саналатын – Регистан әрбір қонаққа құшағын кеңінен ашып қарсы алады.
Орта Шығыс қалаларында Регистан деп негізгі алаңдарды атаған. Самарқандағы алаң солардың ішінде ең үлкені саналады. Оған XV-XVII ғасырлардағы сәулет өнері себеп болып отыр. Себебі мұнда үш кесене бар.
Регистан алаңына келген адам үш сәулет өнеріне тәнті болмай қоймайды. Себебі Ұлықбек медресесі, Шердор медресесі және Тиллә Кари медресесінің құрылысы бір-бірімен үйлесіп тұр.
Самарқан Әмір Темірдің билігі тұсында елдің астанасы болған. Әмір Темір қаланың гүлденуіне барын салып, жаулап алған елдерінің ұста-құрылысшыларын астанасына алдыртқан. Сол сәулет өнерінің бірі – Әмір Темір кесенесі. Жергілікті тұрғындар мұны Гур Эмир деп атайды.
Әмір Темір билік құрған кезеңде Самарқан гүлдене түсті. Аңыз бойынша Әмір Темір өмірінде үш істі жақсы көрген екен. Соның бірі – биік ғимараттар салу. Ол тарихтан жақсы белгілі. Себебі 14-15-ші ғасырда бой көтерген ғимараттың басым бөлігі Темір бұйрығымен салынған. Екіншісі – жорық. Мұны да тарих Темірдің жаулап алған жері арқылы көрсетіп тұр. Үшіншісі – шахмат. Аңызда Әмір Темірдің соғыс жорықтарында жеңуіне осы ойынға деген құштарлығы көмектескен делінеді.
Әмір Темір кесенесіне келіп жатқан адам көп. Себебі мұнда Әмір Темір мен оның ұрпақтары жерленген. Бастапқыда бұл кесенені Әмір Темір ұлы қайтыс болғаннан кейін салуға бұйрық берген. Бір деректер кесененің алғашқы нұсқасы билеушіге ұнамаған соң қайтадан салынғаны айтылады. Қазір мұндағы басты бөлмедегі сәулет өнері ешкімді бейжай қалдырмайды.
Самарқандағы тағы бір танымал жер – Шахи Зинда мемориалды кешені. Кешен ішінде 14-15-ші ғасырда салынған 11 кесене бар. Бірінен соң бірі қатар салынған кесенелер арасында белгілі бір аралықта баспалдақ орнатылған. Аңыз бойынша көтерілгенде және түскен кезде баспалдақ саны бірдей шықса, адамның күнәдан жаны таза деп есептелген. Мұнда Мұхаммед пайғамбардың немере ағасы Кусама ибн Аббастың қабірі бар. Оны “Шахи Зинда” деп атаған. Парсы тілінен аударғанда «тірі патша» дегенді білдіреді. Ол Самарқанға исламды насихаттау үшін келіп, осында қайтыс болған. Бірақ мүрдесі табылмаған. Соған байланысты кешеннің аты “шахид” болуы да мүмкін дейді. Ал «тірі» ұғымы да аңыздан туған. Ол Орталық Азияға исламды насихаттауға келгенде қарсылыққа тап болған, сонда қашқан кезде осы жердегі құдыққа жасырынған. Өткен-кеткен адам оның дауысын естіген, бірақ көрмеген. Соған байланысты оны «тірі» деп атаған. Сондай-ақ мұнда Әмір Темірдің ұрпақтары жерленген.
Шахи Зинда мемориалды кешенінде 14-15-ші ғасырдағы сәулет өнері толық сақталған. Арасында есіктің ескі тұтқасын да, түрлі ою-өрнекті де көруге болады.
Ардагерлер Отырар ауданы әкімдігіне ризашылықтарын жеткізіп, көрсеткен ілтипат пен қолдау үшін «Белсенді ұзақ өмір» орталығының қызметкерлеріне ақ баталарын берді.
Айта кету керек, бұл іс-шара – ардагерлерге деген құрмет пен қамқорлықтың жарқын көрінісі. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – тек тарихи оқиғаны еске алу емес, бұл – бүгінгі ұрпақтың елге, ерлікке, бірлікке деген шынайы құрметінің айғағы.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.