
Отырар ауданында «Отырар алқабының туристік әлеуеті: көне мұраға жаңаша көзқарас» тақырыбында ауқымды баспасөз туры ұйымдастырылды. Тағылымы терең іс-шараны «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы өткізді. Іс-шараға жергілікті және республикалық БАҚ өкілдері, интернет-басылым журналистері, сондай-ақ, музей-қорықтардың баспасөз хатшылары қатысты.
Тағылымды шараның мақсаты Отырар алқабының бай тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау, өңірдің туристік әлеуетін жаңа қырынан таныту және бұқаралық ақпарат құралдары мен жаңа медиа өкілдері арасында тиімді ақпараттық байланыс орнату болып табылады.
Бағдарлама аясында қатысушылар алдымен ғасырлар сырын бойына бүккен қасиетті Арыстанбаб кесенесіне зиярат жасап, мұнда атқарылып жатқан жаңғырту жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда кесене ішіндегі төсеніштер жаңартылып, келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы құрбандық шалу орны жабдықталып жатыр. Сонымен қатар, ұлт руханиятының жанашыры, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібекке арналған кесенеде де алдағы уақытта жөндеу жұмыстары жүргізілетіні айтылды.
Бұдан кейін туристерге қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған Сапар орталығының жұмысы таныстырылды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған орталықта келушілерге арналған қолайлы инфрақұрылым қарастырылған. Сондай-ақ орталық жанынан археологтар мен ғалымдарға арналған екі қабатты арнайы жатын орын салынған. Қатысушылар орталықтағы тарихи экспозициялар мен бірегей жәдігерлерді тамашалап, өңір туризмін дамыту бағытында жасалып жатқан игі бастамаларға оң бағасын берді.
Іс-шара барысында көне өркениеттің куәсі саналатын Отырар қалажұртына барып, тарихи-археологиялық маңызы зор ескерткіштермен танысты. Көне шаһардың тарихынан сыр шертетін нысандарға шолу жасалып, Отырардың Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды мәдени және сауда орталығы ретіндегі рөлі кеңінен баяндалды. Сонымен қатар, қатысушылар «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының жаңартылған экспозициялық залдарын аралап, 2025 жылғы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған құнды жәдігерлерді тамашалады. Бұл тың жәдігерлер көне Отырар тарихының тереңдігін айқындап, өңірдің ғылыми және мәдени маңызын арттыра түсті.
Баспасөз туры аясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен тарихи нысандарға орнатылған заманауи турникеттер мен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат беретін QR-код жүйелері таныстырылды. Мұндай цифрлық мүмкіндіктер туристерге тарихи орындар туралы жан-жақты әрі қолжетімді ақпарат алуға жол ашады. Сонымен қатар Отырар өңірінің туризм саласын дамыту, тарихи-мәдени мұраны сақтау және оны келер ұрпаққа жеткізу бағытындағы өзекті мәселелер мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды.
Айта кетейік, маңызды іс-шарада Отырар алқабының тарихи-мәдени құндылықтарын кеңінен дәріптеп қана қоймай, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған маңызды ақпараттық алаңға айналды. Көне тарих пен заманауи мүмкіндіктер үндескен Отырар алқабы бүгінде ұлттық мұраны ұлықтайтын әрі халықаралық туризмді дамытуға әлеуеті зор киелі мекен ретінде жаңа қырынан танылып келеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
