Түркістан облысы: «Отырар» балалар лагерінің жазғы маусымға дайындығы қаралды

Санаулы күндерден соң оқу жылы аяқталып, балалардың жазғы демалысы басталады. Бұл -балғындардың бос уақытын тиімді өткізуге қолайлы жағдай туғызатын сәт. Осы орайда бүгін аудан әкімі Жолдыбай Қайрат Жолдыбайұлы Түлкібас ауданының Машат шатқалында орналасқан «Отырар» балалар лагеріне барып, ол жердің жазғы балаларды қабылдау маусымына дайындық барысымен танысты.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Құдайберген Қайыпбекұлы Шербаев аталған лагерьге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тиісті қаржы қаралып, шатыр ауыстыру, әктеу-сырлау жұмыстары жүргізіліп жатқаны жөнінде баяндады. Сондай-ақ кереуеттер мен төсек орындары жаңартылатынын айтып өтті.

Қайрат Жолдыбайұлы жауапты мамандармен лагерьді толық аралап шығып, балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығына ерекше мән беруді алға тартып, лагерь айналасының тазалығын толық реттеп, өзен бойындағы көпір қоршауларын күшейту, бейнебақылау камераларын орнату, ас бөлме, жатын орындағы санитарлық талаптардың сақталуын және балаларға қарайтын тәрбиешілер балалардың уақытын тиімді пайдалануды, сонымен қатар ас мәзірін қатаң бақылауды ескертті.

Осы тұста атап өтерлігі, Түркістан облысында алғаш рет модульдік лагерь қолға алынды. Жаңа бастама арқылы 5 мемлекеттік лагерьге 52 модульді жатақхана қойылды. Нәтижесінде мемлекеттік лагерьлерде 7500-ден астам қосымша орын ашуға жағдай жасалуда. Бұл туралы Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қасымбекова мәлімдеді.

Облыстағы 1-10-ші сыныптарда білім алатын 439 мыңнан астам оқушының 93,5% жазғы демалыспен қамтылады. Бюджет есебінен 10 мемлекеттік, 21 жекеменшік лагерьде 43 мыңнан астам бала демалса, мектеп жанындағы лагерлер мен танымдық экскурсиялар, басқа да түрлі шараларға қатысады. Одан бөлек, 300 мыңнан астам оқушы мектеп жанындағы лагерьлер мен арнайы экскурсиялар, танымдық шараларға қатысады. Бүгінгі күні Бәйдібек, Сайрам, Ордабасы аудандары мен Арыс, Кентау қалаларындағы лагерьлер бірінші ауысымға мыңнан аса оқушыны қабылдап үлгерді. Басқа сауықтыру орындары балаларды 10 маусымға дейін кестеге сәйкес кезең-кезеңімен қабылдайды. Биыл жекеменшік лагерьлерде көпбалалы, аз қамтылған отбасынан шыққан 12 мыңға жуық бала жазғы демалыспен тегін қамтылады.
Тағы бір жағымды жаңалық. Биыл балаларға арналған ең қуанышты жаңалықтардың бірі – Төлеби ауданында әлеуметтік қорғау жүйесінен босаған ғимараттың облыстық білім басқармасының теңгеріміне өтіп, бүгінде сол жерде «Алатау» оқу-сауықтыру орталығының ашылуы болды. Бұл – балалардың демалысын тиімді әрі мазмұнды өткізуге бағытталған нақты қамқорлықтың көрінісі. Аталған ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балалардың толыққанды демалуына жағдай жасалуда. Ең бастысы – орталықта жаңа бассейн салынуда, бұл өңірдегі мемлекеттік лагерьлер желісін жаңа деңгейге көтереді. Біз бұл жобаны – облыс әкімінің тікелей қолдауымен жүзеге асқан, балаларға деген жанашырлық пен нақты қамқорлықтың айқын көрінісі дер едік.

«Балалардың жазғы демалысын барынша қызықты етіп, қоғамдағы белең алып жатқан құқық бұзушылықтың немесе балалар арасындағы түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін ол жерде міндетті түрде жазғы кезеңдегі үйірмелер жұмыс істейді. Өнер жағынан, спорт жағынан, одан бөлек бізде тарихи жерлерге экскурсия ұйымдастырылатын болады. Балалардың барынша бос уақытын тиімді ұйымдастыруға шаралар қабылдап отырмыз» — дейді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қасымбекова.

 Бұдан бөлек Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі де жазғы маусымға дайындық жұмыстарын бастап кеткен. 2025 жылғы жаз мезгілінде еліміз бойынша 3,1 миллионнан астам бала сауықтыру, демалыс және жұмыспен қамтуға бағытталған түрлі бағдарламалармен қамтылатын болады. Оның ішінде 500 мыңнан астамы – әлеуметтік осал санаттағы балалар. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 10 мың бала жазғы демалысын тегін өткізу мүмкіндігіне ие болады.

Жазғы демалыс бағдарламасы әртүрлі бағыттарды қамтиды: еңбек және шығармашылық белсенділік, туристік және танымдық маршруттар, зияткерлік әрі білім беру іс-шаралары, сондай-ақ халықаралық жобалар мен форумдарға қатысу.
Барлық ұйымдастыру шаралары 9 мемлекеттік органның қатысуымен әзірленген бірыңғай жоспар аясында іске асырылады. Осы мақсатта республикалық және өңірлік деңгейдегі штабтар құрылып, ағымдағы жылы жұмысын бастайтын демалыс орталықтарының тізімі жасақталды.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Санитарлық талаптардың сақталуы, тағам қауіпсіздігі, сондай-ақ су айдындарында, ормандар мен спорт нысандарында сақтық шаралары қатаң бақылауда болады.

Қауіпсіз әрі белсенді жазғы демалыс мәдениетін қалыптастыру мақсатында арнайы жадынамалар, нұсқаулықтар мен гайдбуктар әзірленіп, балалар мен ата-аналарға таратылатын болады. Өңірлерде «Киелі шығыс», «Ұлы Дала кереметі», «Jas galym», «Гастро туризм», «Қонақжай отбасы» сынды бірегей жобалар іске асырылады.

Биыл жыл бойы жұмыс істейтін 16 лагерь, 188 маусымдық лагерь, 10 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерь, оның ішінде бірқатарында тамақтандыру қарастырылған, сондай-ақ 512 шатырлы және киіз үй лагерлері кезең-кезеңімен ашылады деп жоспарланған.

Айта кетейік, ағымдағы жылы Отырар ауданындағы мектеп жасындағы 1050 баланы жазғы лагерьге жіберу жоспарланып отыр. Отырар ауданының білім бөліміне қарасты балалардың жазғы сауықтыру демалыс лагеріне 31 жалпы білім беретін мектептен оқушылар қамтылады. Әр ауысымда 150 баладан демалып, лагерь 7 ауысым бойынша жұмыс істейді.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You