
Бүгін Түркістан қаласында балалар мен жасөспірімдер арасында «Бабалар мұрасы – ұрпаққа ұлағат» эпостық жырларды жатқа айтудан облыстық байқау өтті. Жалпы байқау ұлттық рухты жаңғыртатын, жас буынның бойында мақтаныш пен отансүйгіштік сезімін қалыптастыруға бағытталған.
Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған бұл шараға Түркістан өңірінің барлық аудан-қалаларынан 21 дарынды оқушы қатысып, «Едіге батыр» жырын жатқа айтып, көрерменге рухани азық сыйлады. «Сайысқа қатысушылар өз шеберліктерін жоғары деңгейде көрсетті» — дейді ұйымдастырушылар. Олар «Едіге» жырын жатқа айтып қана қоймай, әр сөзді ерекше сезіммен жеткізіп, тыңдаушыларды өз өнерімен баурап алды. Әрбір қатысушының орындауында терең мағына мен рухани байлық көрініс тапты.
Қатысушылардың өнерін сараптаған қазылар алқасының құрамында Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының «Мәдени демалыс жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің басшысы Мұрат Жұманов, жыршы, термеші, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Абылай Бөріханов, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының «Халық шығармашылығын қамтамасыз ету» бөлімінің «Ұлттық шығармашылық және жанрлар» маманы Аязбек Рүстемов болды. Қазылар алқасы байқауда қатысушылардың жырды жатқа айту шеберлігіне, дауыс ырғағына, сахналық мәдениетіне және эпостың мәнін дұрыс жеткізуіне баға берді.
Бұл байқау ұлттық рухты жаңғыртатын, жас буынның бойында мақтаныш пен отансүйгіштік сезімін қалыптастыратын дәстүрлі тағылымды шараның біріне айналды.
Қазылар алқасы байқауда қатысушылардың жырды жатқа айту шеберлігіне, дауыс ырғағына, сахналық мәдениетіне және эпостың мәнін дұрыс жеткізуіне мән берді. Олар тек техникалық орындауды ғана емес, әрбір қатысушының шығарманы терең түсініп, сезіммен орындауын да бағалады.
Қорытындылай келгенде, жеңімпаздар төмендегіше анықталды:
Бас жүлде:
– Бейбіт Жақсыбай (Отырар ауданы).
I ОРЫН:
– Дәурен Романқұл (Мақтаарал ауданы).
II ОРЫН:
– Айару Сембай (Түркістан қаласы);
– Пернекүл Асқар (Қазығұрт ауданы).
III ОРЫН:
– Алмаз Момиш (Түркістан қаласы);
– Шапағат Дерісбек (Отырар ауданы);
– Исахбай Әсет (Сарыағаш ауданы).
Сондай-ақ, үздік деп танылған қатысушыларға арнайы жүлделер табысталды.
Еске салайық, Едіге (1352-1419 жылдары) – XIV ғасыр мен XV ғасырдың бас кезіндегі әмірші, түменбасы. Ноғай Ордасының негізін қалаушы. Моңғолдың Маңғыт руынан шыққан (маңғыт-қазіргі қарақалпақ руы). Балтычактың баласы. Аңыз бойынша ноғай әулиесі Баба Түкті Шашты Әзиздің шөбересі болады. Әкесі мен үлкен ағасы Иса Орыс ханға қызмет еткен, ал Едіге белгісіз себептермен қашып кеткен. Орыс ханнан құтылмақшы болған жас Тоқтамыс екеуі Темірланның сарайына келіп, осы жерде әскери қызмет атқарады. Едігенің апасы Темірланның жұбайы болады. 1391 жылы Темірланның Тоқтамысқа қарсы әскери шабуыл кезінде Едіге әмірші (қолбасшы) болады. Тоқтамысты жеңгеннен кейін Едіге Темір Құтлық оғланмен және басқа Ақорда әмірі Күнші оғланмен бірге елге барып, Темірланның әскеріне адам жинаймыз деп сылтаумен кетіп қалды. Оларға сенген Темірлан елдеріне жібереді, алайда олар өз елдерінде өздерінің саясатын құра бастайды, тек Күнші оғлан ғана қайтып келді.
Зерттеушілердің көрсетуі бойынша, «Едіге батыр» жыры халық ауыз әдебиетінің шығармасынан жазылып алына бастағанына екі ғасырға жуық уақыт өткен. Эпостың қазақ, ноғай, татар, башқұрт, қарақалпақ тіліндегі нұсқалары кейде толық, енді бірде үзінді түрінде жарияланып келе жатқанына да ғасырдың жүзі болды. Ал жырдың мазмұнымен көркемдік бітімі жайында арнайы зерттеулер мен мақалалардың өзі үлкен шоғыр. «Едіге батыр» жыры өкінішке қарай қазақтың өзгеде бір сыпыра жырлары тәрізді советтік идеологияға қайшы келіп, соңғы жарты ғасыр ішінде ол туралы зерттеу түгілі қысқа жазбалар да жазылған жоқ. Тіпті Едігенің атын атаудың өзі қылмыспен барабар болған. Едігенің шежіре бойынша үрім-бұтағы болып келетін батырлар турасында да пікір қозғау мүмкін болмады. Шыңғыс Уәлиханұлының ХІХ ғасырдың қырқыншы жылдарында бірнеше қайта жаздырылып алып, кейін Шоқанның қатысуымен біріктіліп бір тұтас дүние етіп көшірілген түпнұсқа. Жыр көне араб әрпімен жазылған. Көлемі — 42 бет. Шоқан Уәлиханов қайтыс болғаннан кейін оның артында қалған мол ғылыми, әдеби мұрасын реттеп баспаға дайындау үстінде Шоқанның досы профессор П.М. Мелиоранский осы тексті кездестіреді. Мұны 1904 жылы Н.И. Веселовскийдің редакциясымен басылып шыққан Шоқан шығармаларының ішіндегі баспа бетін тұңғыш көрген орысша текстімен мұқият салыстырып зерттейді. Бертін келе қазақша түпнұсқаны еш өзгеріссіз, редакциялауысыз баспаға өзі әзірлеп береді. Санкт-Петербургта 1905 ж. жеке кітапша болып шығады. П.И. Мелиоранскийдің қолына түскенде бұл жырдың аты да, атауы да болмаған екен «… мұны «Едіге би» деп мен қойдым» — дейді ғалым.
«Едіге батыр» – батырлық жыр. Тарихта болған атақты батыр, ел билеуші Едігенің ерлік істерін жырлауға арналған.
«Едіге батыр» жыры қазақтарда ғана емес, түркі тілдес халықтардың біразында кездеседі. Жырда тарихи оқиғалар мен эпостық-ертегілік сарындағы қиял-ғажайып, әсірелеу сарындары араласа келеді. Эпоста тарихта есімдері мәлім Әмір Темір, Тоқтамыс хан жайлы да сөз болады. Жыр қазақ даласына кең тарап, халықтың сүйікті шығармасына айналған. Жырдың қазақ тілінде бірнеше нұсқасы бар. Олардың ішінде құндылары – Шоқанның әкесі Шыңғыс Уәлиұлы Уәлиханов жазып алған нұсқа. 1905 жылы ғалым П.М.Мелиоранский осы нұсқаны Санкт-Петербург қаласында жеке кітапша етіп шығарды.
Академик Қ.И.Сәтбаев жас кезінде ел аузынан жазып алған жыр нұсқасын 1927 жылы Мәскеуде «Ер Едіге» деген атпен бастырды. Ол осы жыр үшін кейін, 1950 жылы қуғынға ұшырады. «Едіге батыр» жыры жарты ғасырға жуық уақыт баспа бетін көрмеді. 1989 жылы «Қазақ халық әдебиеті» көп томдығының батырлық жырларға арналған топтамасында Мұрын жырау жырлаған «Қырымның қырық батыры» циклі бойынша «Едіге» жыры 5-томда жарияланды. Сәтбаев жариялаған жыр нұсқасы 1995 жылы «Ер Едіге» деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып жарық көрді. 1996 жылы ғалымдар Рахманқұл Бердібайдың алғы сөзімен және О.Ә.Нұрмағамбетованың құрастыруымен «Едіге батыр» жинағы басылды.
Айта кетейік, байқау ары қарай жалғасты. Жас дарындар «Қобыланды батыр» эпостық жырын жатқа айтудан сайысқа түсті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.