Түркістан облысы: Сайрам ауданындағы Ұлы Отан соғысы ардагеріне құрмет көрсетілді

Бүгін Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылының тұрғыны, ғасыр жасаған Ұлы Отан соғысының ардагері Ахмаджан Анартаевқа құрмет көрсетілді.

Ахмаджан Анартаев 1926 жылы 10 қарашада Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Әскер қатарына шақырылғанға дейін «Жұмысшы» ұжымында еңбек етті. 1944 жылғы 5 мамырда Сайрам аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылып, 64-атқыштар полкінде қатардағы жауынгер ретінде қызмет атқарды. Майдангер Польшаны азат ету жолындағы шайқастарға және Германия аумағындағы ұрыстарға қатысқан. 1949 жылғы 10 сәуірде елге аман-есен оралып, бейбіт өмірде ұзақ жылдар еңбек етті. Зейнеткерлікке шыққанға дейін А.Науаи атындағы ұжымда жүргізуші болып жұмыс істеген. Ардагер ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен және мерейтойлық 8 медальмен марапатталған.

Бүгінде 100 жасқа таяған қария — 4 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсіріп, 35 немере, 101 шөбере және 50 шөпшек сүйіп отырған ардақты ата. Мерекелік шара барысында ардагерге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Дәурен Жұматайұлының, Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиевтің атынан алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар аудандық бюджет есебінен 5 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіліп, арнайы сыйлықтар тарту етілді. Іс-ара барысында әскери оркестр мерекелік көңіл күй сыйлап, майдангерге ерекше құрмет көрсетті.

Ғасыр жасаған ардагердің өнегелі ғұмыры мен ел үшін еткен еңбегі – кейінгі ұрпаққа тағылым. Сонымен қатар биыл Қарабұлақ ауылындағы “Ардагерлер саябағы” 9 мамыр мерекесіне орай қайта қалпына келтірілді.

Арыс қаласында Жеңіс күні қарсаңында тыл ардагерлерін мерекемен құттықтады

Бұдан бөлек Жеңіс күні мерекесіне орай, Ұлы Отан соғысы жылдары тылда еңбек еткен Арыстағы ардақты ардагерлерге құрмет көрсетілді. Қала әкімі Қайсар Маңқараев пен қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов және Арыс ауданының прокуроры Алмас Арыстанбеков еңбек майданында ерлік көрсеткен ардақты ана Анна Субботина, абыз ақсақалдарымыз Көлбай Сүгіров пен Оралбек Алдабергеновтың шаңырақтарында болып, мерекемен құттықтады.

– Еңбекке ерте араласып, «Отан үшін» ұранына үн қосып, балалық шақтың не екенін сезіне алмадық. Жастайымыздан ауылдағы егіс даласында мақта теріп, мал бағу ісінде араластық. Еңбекке жарамды ерлер майданға аттанып, елде қалған біз сияқты жас балалар ала таңнан көзді тырнап ашып, теміржолдың қатаң тәртібіне бағынып, қара жұмысқа ерте жегілдік. Қара жұмыс пен маңдай тер – адал еңбектің нанынан да дәм тарттырды, – деп ақсақалдар өткен шақты еске алды.

Қала әкімі тыл ардагерлерін 7 мамыр – ҚР Отан қорғаушы және 9 мамыр – Жеңiс күні мерекелерімен құттықтап, сый-сияпаттар табыстады. Елдің бірлігі мен ынтымағының сақталуына мұрындық болып, дәстүрлер сабақтастығын өскелең ұрпаққа насихаттап келе жатқан еңбек ардагерлерінің иығына зерлі шапан жапса, асыл әжемізге камзол кигізіп, ақ орамал ұсынды.

Сондай-ақ ақылдың кеніші болған ел ағаларына қонақтар жеміс-жидектер мен көкөністер себеттерін табыстады. Мерекелік көңілдері көтеріліп, ақжарқын әңгімелескен ардагерлер қала басшыларына ризашылық білдіріп, ақ баталарын берді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You