
Сайрам ауданына қарасты барлық елді мекендер электр қуатымен қамтылған. Дегенмен, электр желілері мен бағаналарының тозу деңгейі 40%-ды құрайды. Осы мәселені шешу мақсатында елді мекендерде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Биыл Сайрам ауданын электр қуатымен қамту деңгейін арттыру және желілерді жаңарту мақсатында 9 нысан бойынша құрылыс жұмыстары қолға алынған. Атап айтқанда, Қарамұрт, Көлкент, Қарабұлақ, Низамабад, Қожақорған, Нұржанқорған елді мекендері мен Қожақорғанның 34 гектар аумағындағы электр желілерінің құрылысы биыл толық аяқталды. Нәтижесінде 2663 тұрғын үй сапалы және тұрақты электр қуатымен қамтылатын болады.
Құрылыс жұмысы кезінде 37 дана трансформатор орнатылып, 117,8 шақырым электр желілері тартылды, сондай-ақ 4160 дана электр бағанасы жаңадан орнатылды.
Атап өтерлігі, Түркістан облысы бүгінде қарқынды дамып келеді, бұл өз кезегінде инфрақұрылымды заманауи талаптарға сай жетілдіруді қажет етеді. Әсіресе, электр энергиясымен қамтамасыз ету саласы – өңір тұрғындары мен кәсіпкерлік субъектілері үшін маңызды бағыттардың бірі. Осыған орай Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның басшылығымен кездесу өткізіп, өңірді электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытындағы ағымдағы және перспективалық жобаларды талқылаған болатын. Кездесу барысында облыс орталығы мен облыс аумағындағы елді мекендерді үздіксіз және сапалы электр энергиясымен қамту, тозған электр желілерін жаңарту, жаңа қосалқы станциялар салу, қуаттылықты арттыру және жасанды интеллект пен автоматтандыру жүйелерін енгізу мәселелері қаралды.
Облыс әкімі бұл саладағы өзекті проблемаларды шешуде нақты шаралар қабылдау қажеттігін атап өтіп, жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар жүктеді.
«Өңір халқын сапалы инфрақұрылммен қамту – басты басымдықтарымыздың бірі. Энергия тапшылығын жойып, стандартқа сай қажеттілікті толық қамтамасыз ету керек. Аудан, қала ұсыныстарына сай тиімді жобаларды қолдап, жүзеге асырамыз», – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесу барысында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС директоры Айдар Махамбетов жоспарланған жобаларды таныстырып, өңірдегі электр энергиясымен қамту деңгейіне тоқталды. Оның мәлімдеуінше, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025-2029 жылдар аралығында 778,9 шақырым электр желілерін жаңарту, 23 қосалқы станцияны, сондай-ақ 343 трансформаторды қайта құру көзделген. Жобалар іске асырылған жағдайда, электр желілердің тозуы 52,8%-ға төмендеп, нормативтік-техникалық шығындар 14,8%-дан 12,5%-ға дейін азаяды. Сонымен қатар, энергия тапшылығы бар аудандарда қосымша 230 МВт қуат пайда болады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, Сарыағаш ауданында қуаты 220 кВ болатын «Жібек жолы» қосалқы станциясының құрылысын салу ұсынылды. Бұл қосалқы станция іске қосылған жағдайда, өңірдің оңтүстік аймақтарына қосымша 100 МВт қуат жеткізіліп, Сарыағаш, Қазығұрт, Мақтаарал және Жетісай аудандарын қажетті электр қуатымен қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Кездесу барысында Отырар, Ордабасы, Сайрам, Мақтаарал аудандарында жоспарланған жобалар да жан-жақты қаралып, тиімді жобаларды іске асыру бойынша нақты ұсыныстар талқыланды. Барлық жобалар 2026-2029 жылдар аралығында кезең-кезеңімен іске асырылып, облыстың электр желілері заманауи талаптарға сәйкес жаңартылады.
Бұл шаралар Түркістан облысының инфрақұрылымдық әлеуетін арттырып, тұрғындар мен кәсіпкерлік субъектілерінің сапалы электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етілуін қамтамасыз етеді.
Айта өтейік, «Қазақстан Коммуналдық Жүйелері» және «Оңтүстік Жарық Транзит» дамытып отырған микрогенерация өңірге бірқатар ұзақмерзімді артықшылық береді:
* желідегі жүктемені азайтады;
* резервтік қуаттарға кететін капиталдық шығындарды төмендетеді;
* көміртек ізі мен экологиялық жүктемені азайтады;
* энергожүйенің тұрақтылығын және өңірдің энергонезависимдігін арттырады.
Бұл жай күн панельдерін орнату емес — тұтынушы энергия өндірісінің белсенді қатысушысына айналатын жаңа энергетикалық мәдениет қалыптастыру.
Қазіргі даму қарқыны сақталса, 2026 жылға қарай «Оңтүстік Жарық Транзит» желісіндегі нетто-тұтынушылар саны 100-ден асып, орнатылған қуат 10 МВт-қа жақындауы мүмкін. Бұл — жылына 5 миллион кВт·сағ-тан астам таза энергия, яғни жеке бір энергия нысанымен тең көрсеткіш.
«Қазақстан Коммуналдық Жүйелері» және «Оңтүстік Жарық Транзит» тәжірибесі таратылған генерацияның энергожүйеге табиғи түрде үйлесетінін дәлелдеді: ол дәстүрлі көздерді жеңілдетеді, желінің тұрақтылығын арттырады және жалпы шығындарды азайтады.
Нетто-тұтынушылардың өсуі, миллиондаған киловатт-сағат таза энергия және 200 миллион теңгеден астам төлем — бұл жай статистика емес.
Бұл — жаңа энергетикалық мәдениеттің қалыптасуының белгісі, онда:
* тұтынушы — өндіруші қатысушыға айналады,
* желі — икемді және сенімді болады,
* өңір — қосымша энергия ресурсы мен экономикалық пайдаға ие болады.
Микрогенерация — болашақтың концепциясы емес, бүгінгі тиімді жұмыс істеп тұрған құрал.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
