![]()
Түркістан өңірінде тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған игі бастамалар жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Сайрам ауданындағы Ақсу ауылында орналасқан Орталық саябақ жаңартылып, заманауи ойын-сауық алаңшасы пайдалануға берілді. Салтанатты шара 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай ұйымдастырылып, тұрғындарға ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Жаңартылған саябақ аумағында заманауи инфрақұрылым қамтылған. Атап айтқанда, орталық бөлігінде әсем субұрқақ орнатылып, оның айналасы көгалдандырылып, жасыл желекпен көмкерілген. Жаңа демалыс аймағында 20-ға жуық аттракцион орнатылып, балалар мен ересектерге арналған қауіпсіз әрі жайлы ойын-сауық мүмкіндіктері қарастырылған. Сонымен қатар келушілер үшін ыңғайлы фуд-корт аймақтары мен демалыс орындары жасақталған. Жоба инвесторлар есебінен жүзеге асырылып, оған шамамен 675 миллион теңге көлемінде қаржы тартылған.
Мерекелік шара барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жергілікті этнос өкілдері ұйымдастырған көрмені аралап, тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады. Өз сөзінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні елдегі татулық пен келісімнің символы екенін атап өткен облыс басшысы Президент тапсырмалары аясында өңірде этносаралық келісімді нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Бүгінде Сайрам ауданында 243 мыңнан астам халық өмір сүріп, олардың қатарында 39 этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Бұл – еліміздегі қоғамдық келісім мен бірліктің нақты көрінісі.
Жаңа ойын-сауық паркі Сайрам ауданының тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды демалыс орнына айналып, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға өз үлесін қосары сөзсіз.
Сөздің орайы келгенде Түркістан облысындағы таңғажайып жоба хақында да айта өтсек. Иә, Түркістан облысында туризмді дамыту бағытында жаңа әрі ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылындағы көркем тау бөктерінде заманауи капсулалық демалыс орындары алғаш рет бой көтеріп жатыр.
Қазіргі таңда «Хантау» демалыс аймағының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жоба туристерге қолайлы жағдай жасап, өңірдің тартымдылығын арттыруға бағытталған. Жалпы құны шамамен 1 миллиард теңгені құрайтын бұл бастама аймақтың туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтермек.
Жоспар бойынша демалыс аймағы бір мезетте 200-ден астам келушіні қабылдай алады. Сонымен қатар, ай сайын 20 мыңға жуық туристке қызмет көрсету көзделіп отыр. Бұл жоба ішкі туризм мен кіру туризмін дамытуға серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етеді.
Сондай-ақ, инвестор тарапынан инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән берілуде. Атап айтқанда, су үстінен көпір салынып, 6 шақырымға дейін электр желілері тартылған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта осы аумақта кәсіп бастаймын деген азаматтарға қолайлы жағдай жасап, жаңа жобалардың жүзеге асуына негіз болады. Аталған демалыс аймағы табиғат аясында сапалы демалыс ұсынатын бірегей орынға айналып, өңір туризмінің жаңа орталығы болары анық.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
