Түркістан облысы: Сарыағаш ауданында ғасырмен құрдас майдангерге құрмет көрсетілді

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков пен Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Ұлы Отан соғысының ардагері, ғасыр жасаған қария Эрмохан Ишхоновтың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.

Кездесу барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің арнайы құттықтау хаты мен сый-сияпаты табысталып, майдангерге зор құрмет көрсетілді. Құрметті қонақтарды ақжарқын көңілмен қарсы алған ардагер майдан даласында бастан өткерген ауыр күндерден естелік айтып, сұрапыл соғыс жылдарындағы ерліктері мен қарулас достары туралы сыр шертті. Әңгіме барысында ел тәуелсіздігі мен бейбіт өмірдің қадірін ерекше атап өтіп, жас ұрпаққа амандық пен бірлік тіледі. Сондай-ақ көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Еске салайық, Эрмохан Ишхонов 1923 жылдың 1 қаңтарында Ташкент облысының Калинин ауданында дүниеге келген. 1942 жылдың 5 мамырында әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына аттанған. Майдандағы ерлігі мен Отан алдындағы адал қызметі үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «КСРО Гвардиясы», «1941–1945 жылдардағы Отан соғысы» ордендерімен, сондай-ақ «Мінсіз қызмет атқарғаны үшін», «Украинаның 50 жылдығы», «Ерлігі үшін» сынды көптеген медальдармен марапатталған. Бүгінде ардагер — 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, 53 немере, 79 шөбере және 19 шөпшек сүйіп отырған абыз ақсақал.

Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысында Ұлы Отан соғысының көзі тірі небәрі 3 ардагері қалды. Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген адамдар – 1 462, тыл ардагерлері – 2 082. Қазіргі таңда Ұлы Отан соғысының ардагерлері өңірдің үш ауданында, атап айтқанда, Сайрам, Сарыағаш, Жетісай аудандарында тұрады. Оларға мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Биыл ардагерлерге 5 миллион теңгеден тапсырылды. Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген адамдарға, тыл ардагерлеріне, қайтыс болған соғыс мүгедектерінің әйелдеріне де заң шеңберінде бірреттік әлеуметтік көмек қарастырылған.

Қазығұрттықтар тыл ардагерлеріне құрмет көрсетті

Сонымен қатар бүгін Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов та 7 мамыр – Отан қорғаушы күні мен 9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесіне орай Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда аянбай еңбек еткен ардагерлердің шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады. Аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы елдің бейбіт өмірі мен бүгінгі тыныштығы жолында өлшеусіз еңбек сіңірген қарияларға құрмет көрсетіп, ізгі тілегін жеткізді.

Алдымен Жаңабазар ауылдық округінің тұрғыны, тыл ардагері Заузат Талипов ақсақалдың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады. Соғыс жылдарында жастайынан еңбекке араласқан Заузат ата — саналы ғұмырын білім саласына арнап, 40 жыл ұстаздық қызмет атқарған қадірлі жан.

Сонымен қатар аудан әкімі Сабыр Рақымов ауылдық округінде тұратын тыл ардагерлері – ұзақ жылдар ұстаздық еткен Саттар Иманбеков ақсақал мен аяулы ана Шырбан Арыстанбекованың үйінде болып, құрмет көрсетті. Кездесу барысында аудан басшысы тыл ардагерлеріне ел игілігі жолындағы еселі еңбегі мен өскелең ұрпаққа өнеге болар ғибратты ғұмыры үшін алғыс білдірді. Өз кезегінде қариялар ақ баталарын беріп, ел бірлігі мен тыныштығының баянды болуына тілектестік білдірді.

«Ер есімі – ел есінде» дегендей, тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық ерліктері – кейінгі ұрпаққа үлгі, ел тарихындағы өшпес өнеге екені даусыз.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You