Түркістан облысы: Сарыағаш ауданында өсімдік майын өндіретін жаңа зауыт іске қосылды

Loading

Сарыағаш ауданының Дарбаза ауылдық округінде орналасқан индустриялық аймақта «Альбарака 077» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өсімдік майын өндіру зауыты салтанатты түрде ашылып, кәсіпорын жұмысын бастады. Жаңа нысанның ашылу рәсіміне аудан әкімі Арман Абдуллаев қатысты.

Аталған жобаның жалпы инвестициялық құны 1 миллиард теңгені құрайды. Зауыттың іске қосылуы нәтижесінде 25 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсаруына оң әсерін тигізеді. Кәсіпорынға индустриялық аймақ аумағынан жалпы көлемі 3 гектар жер телімі бөлінген. Өндіріс орнында заманауи технологиялық жабдықтар орнатылып, тәулігіне 50 тонна өсімдік майы және 65 тонна мал азығын өндіру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл көрсеткіштер өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласының дамуына да серпін береді.

Кәсіпорын басшысы Абдулбосид Мамадалиев зауыттың өндіріс барысымен таныстырып, алдағы уақытта дайын өнімді Өзбекстан мен Тәжікстан мемлекеттеріне экспорттау жоспарланып отырғанын жеткізді.

Жетісай ауданында жаңа өндіріс ошақтары ашылмақ

Өндіріс демекші, бұдан бөлек Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес тұрғындар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында Жетісай ауданында да инвестиция тарту жұмыстарын жүйелі, қарқынды жүзеге асырылып келеді. Бұл бағытта арнайы индустриялды аймақ құрылып, өндірістік парк ашу ісі қолға алынған.

Биыл аудан әкімдігі тарапынан әлеуетті жобаларды іске асыруға ынталы инвесторларымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде бүгінде индустриялды аймақта жалпы құны 31,2 миллиард теңгені құрайтын 9 жобаны, өндірістік паркте құны 210 миллион теңгені құрайтын 5 өндіріс орнын іске қосу арқылы 1200-ге жуық тұрғынды тұрақты жұмыспен қамту көзделген.

Жуырда аудан әкімі Серік Мамытовтың төрағалығымен инвестициялық штаб отырысы өтіп, күн тәртібінде осы жылы іске асырылып жатқан және іске асырылуы жоспарланған жобалардың өзекті мәселелері сөз болды.

Офлайн және онлайн форматында өткен жиында тараптар аудан аумағында жүзеге асырылуы жоспарланған инвестициялық жобалардың негізгі бағыттарына тоқталып, оларды іске асыру мүмкіндіктері мен кезең-кезеңімен атқарылатын жұмыстарды жан-жақты талқылады. Инвестиция тарту өңірдің тұрақты дамуының негізгі бағыттарының бірі екенін айтқан аудан басшысы сала басшыларына ұсынылған жобаларды жүзеге асыруға қажетті барлық қолдаулар көрсетуді жүктеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You