Түркістан облысы: Сарыағаш ауданында «Балдәурен» жазғы сауықтыру орталығының жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Қабланбек ауылдық округінің Ташқұлақ елді мекенінде орналасқан «Балдәурен» балаларды жазғы сауықтыру орталығына арнайы барып, ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысын бақылады. Өңір басшысы лагерьдің тұрмыстық және санитарлық-гигиеналық жағдайы, балалардың тамақтануы мен қауіпсіздік шараларын тексерді.

Құрылыс алаңында болған аудан әкімі бірқатар ескертулер айтып, білім бөлімі мен мердігерлерге жұмысты сапалы атқаруды, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігі басты назарда екенін қатаң ескертіп, кестеге сәйкес аяқтауды тапсырды. Оған қоса, аудандық білім бөлімінің басшылығына балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, мәдени-спорттық іс-шараларды жүйелі түрде өткізу және тәрбие жұмыстарын күшейту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. «Балдаурен» балаларды сауықтыру лагері осы жылдың 5 маусымынан бастап 18 тамызға дейін 7 ауысымда балаларды қабылдайтын болады. Бір ауысымның ұзақтығы 10 күнге созылады.

Таяуда ғана 2024–2025 оқу жылы аяқталды. Енді оқушыларды асыға күткен жазғы демалыс күтуде. Түркістан облысындағы 553 мыңнан астам оқушы үшін бұл кезең – демалып қана қоймай, шығармашылық пен дамуға жол ашатын ерекше уақыт.

Жазғы демалыста балалар:

  • Түркістан облысында 41 мыңнан астам бала 31 жазғы сауықтыру лагерінде тынығады. Бұл жерде олар табиғат аясында демалып, спортпен шұғылданып, жаңа достар табады;
  • Жазғы оқыту бағдарламаларына қатысып, жаңа пәндер мен дағдыларды үйрене алады;
  • Еріктілік жобаларында белсенділік танытып, қоғамға пайдалы істермен айналысады.

Сонымен қатар, ұстаздар “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы аясында ұсынылған кітаптар тізімі бойынша кітап оқуға кеңес береді – бұл оқушылардың ой-өрісін дамытып, жазғы уақытты пайдалы өткізуге сеп болады.

Ал 9-сынып оқушылары үшін қорытынды мемлекеттік емтихандар 2025 жылғы 29 мамыр – 10 маусым аралығында өтеді.

Тұтастай алғанда, ҚР Үкіметінің отырысында сөйлеген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың сөзіне сүйенсек, республика көлемінде 2025 жылдың жазғы кезеңінде 3,2 миллион оқушыны сауықтыру, демалыс және жұмыспен қамтудың түрлі бағдарламаларымен қамту жоспарлануда. Жұмыстар тоғыз мемлекеттік органның бірлескен жоспары шеңберінде жүргізіледі.

Республикалық және өңірлік штабтар құрылып, балалар демалысын ұйымдастыру бойынша бірыңғай әдістемелік ұсынымдар әзірленді.

Өңірлермен бірлесіп барлық демалыс орталықтарының тізімі бекітілді, олардың дайындығы республикалық штаб отырыстарында қаралды. Санитарлық нормалардың, тамақ қауіпсіздігі талаптарының, сондай-ақ судағы, ормандағы және спорт нысандарындағы қауіпсіздік ережелерінің сақталуына бақылау күшейтілді.

Әлеуметтік осал санаттағы балаларға ерекше назар аударылуда. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Жаздық жолдама» жобасы аясында 10 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Басымдық көп балалы отбасылар мен ауыл балаларына беріледі.

Жазғы демалысты мазмұнды ұйымдастыру мақсатында министрлік 120 мың педагог-ұйымдастырушыны даярлады. Қосымша 12 мыңнан астам студент пен ерікті тартылатын болады.

Өңірлер жазғы демалыс мазмұны мен инфрақұрылымды дамытуда оң өзгерістер көрсетуде:

  • Түркістан облысында қамтуды кеңейту үшін 10 лагерьдің жанынан модульдік корпустар салынуда;
  • Шығыс Қазақстан облысында «Қонақжай отбасы» жобасы кеңеюде — биыл алты елді мекеннен 62 отбасы қатысып, 140 балаға арналған демалыс ұйымдастырылады;
  • Ақтөбе облысында және басқа да бірқатар өңірлерде Жұмысшы мамандықтар жылы аясында колледждер жанындағы лагерьлерде оқушылар шеберлік сыныптары мен кәсіби бағдар беру шеберлік сағаттарына қатысады.

Қорыта айтқанда, жаз мезгілінде Түркістан өңірі көлемінде 31 сауықтыру лагері қызмет көрсетеді. Оның 10-ы мемлекеттік болса, 21-і жекеменшік. 1-10-шы сыныптарда білім алатын 439 мыңнан астам оқушы арнайы демалыс аймақтарында тынығады. Көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балалары, мектепішілік және полиция есебінде тұрған оқушылар, олимпиада жүлдегерлеріне басымдық беріледі.

Осы жылы 5 мемлекеттік лагерьге 52 модульді жатақхана қойылады. Модульдер 2 асхана, 4 әжетхана мен жуынатын бөлмелермен қамтылады. Нәтижесінде 7500-ден астам қосымша орын ашуға жағдайлар жасалуда. 23 мыңнан аса оқушы аталған модульдік лагерьлерде демалады. Бұдан бөлек, 5 мемлекеттік лагерьде ағымдағы жөндеу жүргізілу үстінде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You