Түркістан облысы: Сарыағаш ауданының шаруалары қырыққабаттың алғашқы өнімін жинай бастады

Сарыағаш ауданы Жартытөбе ауылында ерте пісетін қырыққабаттың алғашқы өнімі жинала бастады. Аудан әкімі Арман Абдуллаев Жартытөбе ауылдық округіне арнайы барып, ашық егіс алқабындағы жиын-терім жұмыстарымен танысты. Шаруалардың еңбегіне табыс тілеп, ауыл шаруашылығы саласының дамуына оң бағасын берді.

Қазіргі таңда Жартытөбе ауылдық округінің диқандары әлеуметтік маңызы жоғары дақыл – қырыққабатты жинап, өнімді еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтуде. Бұл өз кезегінде ішкі нарықты ерте көкөніспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Құрама елді мекенінің тұрғыны Срайыл Бадалов – «Мухаммеджан» шаруа қожалығының иесі. Ол 0,25 гектар жерге қырыққабат егіп, жыл сайын шамамен 15 тонна өнім алуды межелеп отыр.

Сарыағаштық жас спортшылар Азия чемпионатында жүлделі орындарға ие болды

Ауданның өмірінен тағы бір жағымды жаңалықпен бөлісейік. 2026 жылғы 24-26 сәуір аралығында Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатына Сарыағаш ауданынан 22 жас спортшы қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Нақтырақ айтқанда, 5 спортшы – І орын, 7 спортшы – ІІ орын және 10 спортшы ІІІ орын иеленді. Жеңімпаз атанған жас спортшылар «Альфа» спорт клубында жүйелі түрде жаттығып келеді.

Бүгін Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында өткен Jeet Kune Do жекпе-жек өнерінен Азия чемпионатында жүлделі орындарға ие болған жас спортшыларды қабылдап, жеңістерімен құттықтады.

Кездесуде аудан басшысы спорттың жас ұрпақты тәрбиелеудегі айрықша рөліне тоқталып, әрбір жетістіктің артында табанды еңбек пен жоғары жауапкершілік жатқанын атап өтті.

– Спорт – салауатты өмір салтының негізі әрі ел абыройын асқақтататын маңызды сала. Осындай ірі халықаралық жарыстарда топ жарып, ел намысын қорғау – үлкен мәртебе. Сіздер бұл сенімді ақтап, ауданымыздың ғана емес, тұтас еліміздің беделін көтеріп отырсыздар. Бұл – үлкен мақтаныш. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра берулеріңізге тілектеспін, – деді Арман Абдуллаев.

Іс-шара барысында жеңімпаз спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына алғыс хаттар мен демеушілердің қолдауымен қаржылай сыйлықтар табысталды. Спортшылардың жаттықтырушысы Карамат Мамедов көрсетілген қолдау үшін аудан әкімдігіне ризашылығын білдіріп, шәкірттерінің алдағы уақытта да жоғары жетістіктерге жетуге күш салатынын жеткізді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You