![]()
Түркістан облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірде мәдениет саласын қолдау және ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттыру мақсатында жаңа нысандар ел игілігіне беріліп жатыр.
Сарыағаш ауданына қарасты Тегісшіл ауылдық округінің Мәдениет ауылында кітапханасы бар 75 орындық жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Салтанатты рәсімге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа мәдениет ошағының ашылуымен құттықтады.
– Мәдениет – ұлттың рухани тірегі, елдігіміздің айнасы. Облыс құрылғаннан бері 26 мәдениет үйі мен клубтың құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Оның ішінде Сарыағаш ауданында 5 мәдениет үйі пайдалануға тапсырылды. Бүгінгі жаңа мәдениет үйі – осы жұмыстардың нақты нәтижесі. Мәдениет ауылы – ауызбіршілігі жарасқан, көркейген елді мекен. Ауыл тұрғындары Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын табысты жүзеге асырып, 2024 жылы облыстық «Үлгілі ауыл» байқауында ІІ орын алды. Сол кезде мәдениет үйін салуға қолдау көрсететінімді айтқан болатынмын. Нәтижесінде облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жаңа мәдениет үйі ел игілігіне тапсырылды. Сонымен қатар өткен жылы облыстық бюджеттен 31 миллион теңге бөлініп, балаларға арналған спорт және ойын алаңшасы салынды. Бұл мәдениет үйі – жай ғана ғимарат емес. Бұл – ауыл тұрғындарының басын қосатын, өнер мен руханиятты дәріптейтін, жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік беретін маңызды мәдени орталық. Түркістан өңірі – мәдениеті мен руханияты терең тамыр жайған қасиетті өлке. Сондықтан мәдениет ошақтарының көбеюі өңірдің рухани әлеуетін арттырып, ұлттық мұрамызды келер ұрпаққа жеткізуге қызмет етеді. Жаңа мәдениет үйі ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етіп, өнер мен руханияттың ордасына айналсын, – деді Нұралхан Көшеров.
Салтанатты рәсімнен кейін ауыл ақсақалдары мен облыс әкімі жаңа мәдениет үйінің лентасын қиып, нысанды ресми түрде ел игілігіне тапсырды.
Заманауи талаптарға сай салынған нысанда 75 орындық көрермен залы, кітапхана, шығармашылық үйірмелерге арналған кабинеттер мен қызметтік бөлмелер қарастырылған. Жаңа мәдениет үйі ауыл тұрғындарының мәдени демалысын ұйымдастыруға, түрлі іс-шаралар өткізуге және жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға кең мүмкіндік береді.
Мұнан өзге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Келес ауданына жұмыс сапары барысында да Жүзімдік ауылдық округінде жаңадан салынған 149 орындық мәдениет үйі мен кітапхананың салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі тұрғындарды жаңа мәдениет үйінің ашылуымен құттықтады.
– Бүгін Келес ауданы Жүзімдік ауылында заманауи талаптарға сай салынған 149 орындық жаңа мәдениет үйі ел игілігіне беріліп отыр. Баршаңызды осы қуанышты оқиғамен шын жүректен құттықтаймын!
Мәдениет – ұлттың рухани тірегі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес мәдениет саласын дамыту, ауылдық инфрақұрылымды жақсарту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында Түркістан облысында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, облыс құрылғаннан бері 26 мәдениет үйі мен клубтың құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Оның ішінде Келес ауданында 4 мәдениет үйі пайдалануға тапсырылды. Биыл аудандық музейдің құрылысын аяқтап, ел игілігіне беру жоспарланып отыр. Басты мақсатымыз – жастардың сапалы білім алып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды қастерлейтін, мәдениетті әрі отаншыл азамат болып қалыптасуына жағдай жасау.
Жаңа мәдениет үйінде кітапхана, конференц-зал, хореография залы және шығармашылық үйірмелер жұмыс істеп, жастардың өнері мен қабілетін дамытуға кең мүмкіндік береді.
Осы шаңырақтан ел мәдениетіне үлес қосатын талантты жастар қанат қағады деп сенемін.
Құрметті мәдениет саласының қызметкерлері!
Жаңа мәдениет үйі ауылдың рухани өмірін жандандырып, тұрғындардың игілігіне қызмет ете берсін. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін! — деді Нұралхан Көшеров.
Одан кейін өңір басшысы ауыл ақсақалдары жаңа мәдениет үйінің лентасын қиып, нысанды ресми түрде ел игілігіне тапсырды.
Салтанатты рәсімнен кейін қонақтар жаңа ғимаратты аралап көрді. Заманауи талаптарға сай салынған мәдениет үйінде 149 орындық көрермен залы, кітапхана, шығармашылық үйірмелерге арналған кабинеттер мен қызметтік бөлмелер қарастырылған. Мұнда ауыл тұрғындарының мәдени демалысын ұйымдастырумен қатар, өнер ұжымдарының жұмысын жандандыруға, жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және түрлі қоғамдық-мәдени іс-шараларды өткізуге барлық мүмкіндік жасалған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
