Түркістан облысы: Сарыағаш және Сауран аудандарында Жеңіс күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды

Сарыағаш ауданында Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Аудан орталығындағы Жеңіс саябағында өткен «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа өнеге» атты мерекелік жиынға ауданның зиялы қауым өкілдері, тыл ардагерлері, әскери қызметкерлер, жастар және аудан тұрғындары қатысты.

Тағылымы мол шара барысында жиналған қауым мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, Отан үшін от кешкен боздақтардың рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті. Сондай-ақ Құран бағышталып, ел тәуелсіздігі мен бейбіт өмір жолында жанын құрбан еткен қаһармандардың ерлігі ұлықталды.

Салтанатты жиынға арнайы қатысқан аудан әкімі Арман Абдуллаев пен аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы көпшілікті Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегі мен жанқияр ерлігі әрдайым ұрпақ жадында сақталатынын атап өтті.

Мерекелік іс-шара барысында аудан әкімі Арман Абдуллаев ауданның қоғамдық өміріне белсене атсалысып жүрген бірқатар азаматтарды арнайы марапаттап, алғыс білдірді.

Іс-шара соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер орындап, тағылымдық мәні зор театрландырылған қойылымдар көрерменге көңіл- күй сыйлады.

Бұдан бөлек биыл Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай Сауран ауданында да 9 мамыр — Жеңіс күні кең көлемде аталып өтті. Тағылымды іс-шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров пен облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев пен зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, әскери сынып жетекшілері мен аудан тұрғындары қатысты.

Салтанатты жиын аудан орталығындағы “Ардагерлер аллеясында” жалғасып, қатысушылар Ұлы Отан соғысында Отан үшін от кешкен майдангерлердің рухына тағзым етті. Сонымен қатар арнайы “Даңқ” мемориалына және Кеңес Одағының Батыры Қ.Рысбековтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ел тыныштығы мен бейбіт болашақ жолында құрбан болған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Іс-шара барысында ел үшін жанын қиған батырлардың ерлігі кейінгі ұрпаққа мәңгілік өнеге екені айтылып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңыздылығы ерекше атап өтілді. Жеңіс мерекесіне жиналған ардагерлер мен ақсақалдар жастарға бейбіт өмірдің қадірін түсіндіріп, ел бірлігі мен татулықтың құнын сақтау әр азаматтың парызы екенін жеткізді.

Мерекелік шара аясында Ардагерлер аллеясына шырша көшеттері отырғызылып, бұл игі бастама ерлікке тағзым мен ұрпақ сабақтастығының белгісі ретінде бағаланды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You