Түркістан облысы: Сауран ауданы жұртшылығы Өмірхан Ибаханұлы Шөкемановты еске алуға арналған марафонда белсенділік танытты

Сауран ауданының Майдантал ауылдық округінде Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Өмірхан Ибаханұлы Шөкемановты еске алуға арналған жүгіру марафоны өтті.

Марафон Ынталы ауылының кіре берісінен басталып, Д.Қонаев көшесіне дейін жалғасып, жалпы ұзындығы 6.5 шақырымды құрады. Марафонның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамда бірлік пен отансүйгіштікке, туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, Өмірхан Ибаханұлы Шөкемановтың спорттағы жетістіктерін дәріптеу. Шара Ынталы ауылының 1988 жылғы туылған ауыл жастарының бастамасымен ұйымдастырылды. Марафонға 50-ге жуық белсенді жас қатысты.

Марафонда Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы, Ө.Шөкемановтың шәкірті Ғаппар Сәрсенбаев, Сауран аудандық мәслихаттың депутаты А.Раматуллаев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ж.Жұмабекова, ауыл ақсақалдары, Майдантал ауылдық округінің әкімі Ж.Досболов сөз сөйлеп, марафонға қатысқан жастарға алғысын айтып, жеңімпаздарды құттықтады.

Марафон қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды. Нақтырақ айтсақ, 1-орынды – Аманбек Закир, 2-орынды – Қабылбек Тұрар, 3-орынды Зұлқарнайын Фирдауси иеленді.

Оларға арнайы марапаттар мен алғыс хаттар табысталып, ауыл ақсақалдары мен қонақтар спортшылардың белсенділігін жоғары бағалады.

Сонымен қатар, ерекше номинациялар бойынша марапаттар табысталды. Ең жас қатысушы Тілеуберген Думанға алғыс хаттар табысталды.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You