Түркістан облысы: Сауран ауданынан барған делегация Түркиядағы лаванда өсіру тәжірибесін көзбен көрді

Түркия Республикасы Қаратай ауданында «Karatay Lavanta Günleri 2025» мерекесі ерекше сән-салтанатпен басталды. Осы мерекелік күндердің басты ерекшелігі – Қаратай мен Сауран аудандары арасындағы ынтымақтастық аясындағы тәжірибе алмасу болды.

Арнайы меморандум шеңберінде Сауран ауданынан барған делегация Қаратай әкімдігінің шақыртуымен іс-шараға қатысып, лаванда өсіру тәжірибесін көзбен көрді.

Түркияның ең ірі біртұтас лаванда алқаптарының бірі саналатын Қаратай лаванда бақтары — туризм мен өндіріс саласындағы Конья өңірінің шоқтығы биік жобаларының бірі. Расын айту керек, аумағы 340 гектарды құрайтын бұл алқап бүгінде тек ауыл шаруашылығы емес, мәдени және әлеуметтік маңызы зор орталыққа айналған. Бұрын қоқыс төгілетін бос жатқан жерді түрлендіріп, 2020 жылы алғаш рет лаванда көшеттерін отырғызған Қаратай әкімдігі бірнеше жыл ішінде бұл орынды көздің жауын алатын гүлдер мекеніне айналдырды. Нәтижесінде, өңірге жұмыс орындары ашылып, туризм де қарыштап дамыды.

Делегация құрамында Сауран ауданы әкімінің кеңесшісі Мұхаммеджан Жұмадуллаев пен аудандық мәслихат депутаты Хуршид Шарапов, “Жасыл Сауран” коммуналдық мекемесінің директоры Нұржан Бадамбаев пен Оранғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандық, сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлер болды.

Делегация мүшелері лаванда гүлінің егу һәм күтіп-баптау, жинау әдістерімен, сондай-ақ гүлден алынатын өнімдерді өңдеп, нарыққа шығару жолдарымен егжей-тегжейлі танысты. Лавандадан жасалған эфир майы, сабын, косметикалық бұйымдар, хош иісті сулар мен түрлі естелік заттар — бұл өнімдердің бәрі туризм мен кәсіпкерлікті қатар дамытудың нақты үлгісі ретінде Сауран делегациясының назарына ұсынылды.

Сапар қорытындысына орай Сауран ауданында да осындай лаванда бақтарын салуға болатындығы жөнінде нақты ұсыныстар қарастырылып, жергілікті климат пен жер ерекшелігіне бейімделген пилоттық жобаларды қолға алу жоспарланды. Бұл, шынында да, өңіраралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаратын, екі елдің мәдени және экономикалық байланысын нығайтатын өзара тиімді тәжірибе алмасудың үлгісі болды.

«Қаратай Лаванда күндері» – тек гүлдер мерекесі емес, табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікті дәріптейтін, еңбекті ұлықтайтын және достықты нығайтатын халықаралық іс-шара. Осы ерекше алаңға Сауран делегациясының қатысуы өңіраралық байланыстың жаңа белесіне шыққанын білдіреді.

Сауран ауданының өнерпаздары Түркияда өнер көрсетті

Сонымен қатар бүгін Түркия Республикасының Қаратай ауданында «Lavanta Festivali» (Лаванда фестивалі) аясында Сауран ауданының делегациясы арнайы шақыртумен қатысып, мәдени-рухани бағдарламамен өнер көрсетті.

Фестиваль шеңберінде ұйымдастырылған мәдени іс-шара барысында Сауран ауданынан барған өнерпаздар ұлттық өнерімізді паш етіп, қазақ әні мен күй шеберлігін сахнада ұсынды. Күй «Әлқисса», «Самал тау», «Елім-ай», «Елім менің» атты туындылар көрермен жүрегінен орын тапты. Сонымен қатар, түрік тіліндегі «Allahım, neydi günahım?» әні орындалып, екі ел арасындағы рухани байланысқа ерекше рең берді.

Іс-шара барысында Сауран ауданы әкімінің орынбасары, делегация жетекшісі Мұхаммеджан Жұмадуллаев алғашқылардың бірі болып сөз сөйлеп, түбі бір түркі халықтарының бауырластығы мен мәдени сабақтастығын атап өтті.

— Бірлік бар жерде – тірлік бар, туыстық бар жерде – ырыс бар. Бұл фестиваль – рухани байланысты нығайтып, өзара тәжірибе алмасуға жол ашатын маңызды алаң, — деді делегация жетекшісі.

Сауран өнерпаздарының шеберлігі мен ұлттық нақыштағы орындаулары түрік ағайындардың жоғары бағасына ие болып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Фестиваль соңында тараптар екіжақты мәдени ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін білдіріп, бауырлас елдер арасындағы достықтың дәнекері болатын жобалар легі жалғасатынын жеткізді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You