Түркістан облысы: Ордабасы ауданының өнеркәсіп саласында ірі инвестициялық жоба іске аспақ

Мемлекет басшысының стратегиялық жоспарына сәйкес өңір басшысы жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту және өнеркәсіп саласын күшейтуді тапсырған болатын. Осы орайда Ордабасы ауданында бірнеше маңызды жобалар жүзеге аспақ.

Атап айтқанда, мал жүнін бастапқы өңдеу және қазақы нақыштағы кілем тоқу жобасы қолға алынуда. Аталған жоба үшін аудан аумағынан 1 гектар жер телімі қарастырылған.

Сонымен қатар, ауданда жүзім шаруашылығын дамыту жобасын іске асыру да жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 50 гектар жер телімі белгіленген.

Аталған жобаларды жүзеге асыруға Иран Ислам Республикасынан келген шетелдік инвестор – «Талифа» ЖШС ниетті. Бұл жобаларға Қажымұқан және Қарақұм ауыл округтері аумағынан қажетті жер телімдерін бөлу мәселесі қаралып, құжаттары Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы рәсімделмек.

Аудан әкімі Азат Оралбаев шетелдік инвесторлармен арнайы кездесу өткізіп, олардың жоспарларымен танысты. Кездесу барысында ауданның даму бағыты мен әлеуеті таныстырылып, екі тарап өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Аталған жобалар жүзеге асқанда, өңдеу өнеркәсібі саласында өнімнің жаңа түрлері өндіріледі. Бұл өз кезегінде өнеркәсіптің және аудан экономикасының дамуына серпін беретін болады.

Сонымен қатар бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға аудан әкімі аппаратының басшысы, дербес бөлімдердің жетекшілері, жауапты мекеме мамандары мен ауыл округтерінің әкімдері қатысты.

Кезекті жеке қабылдауда тұрғындар ауызсу тапшылығы, ағынсу жеткіліксіздігі, электр жарығының тұрақсыздығы, тұрғын үй мен жол мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, алдын ала тізімде болмаған азаматтар да қабылданып, олардың өтініш-тілектері мұқият тыңдалды.

Аудан басшысы әрбір мәселені жеке қарап, тиісті бөлім басшыларынан нақты атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп алды.

Сондай-ақ, аудан әкімі жауаптыларға кейбір күрделі мәселелерді тексеріп, жедел шешім қабылдауды міндеттеді. Қойылған талаптардың нақты орындалуын және олардың нәтижелілігін қамтамасыз ету тапсырылды.

Қабылдау барысында Азат Оралбаев тұрғындарға кез келген мәселе заң аясында шешілетінін айтып, айтылған өтініш-шағымдардың бәрі жеке бақылауында болатынын жеткізді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You