
Әу бастан-ақ Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу мен инвестиция тартуға басымдық берілген. Соның бір айғағы, аймақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы өте сәтті жүзеге асып келеді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданындағы аталған өндірістік паркті аралап, жүзеге асырылған және енді іске қосылатын жобалармен танысты. Жауаптыларға инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
– Біздің басым бағытымыз – өндіріс орындарын ашу. Одан басқа жол жоқ. Өндірістік парктегі әрбір ғимаратта өндіріс орындары жедел іске қосылып, жұмыс орындары ашылуы тиіс. Ал ғимаратты алып, жобаны кешіктіргендермен жұмыс жүргізіңіздер. Нысанды басқа инвесторлар мен кәсіпкерлерге ұсыну қажет. Жұмыстар жоспардан кешікпеуі керек, – деді Нұралхан Көшеров.
Алдымен облыс әкімі «AVATAR AGRICULTIRAL TECHNOLOGY DEVELOPMENT» компаниясының өндіріс орнында болды. Бұл компаниямен жыл басында ауыл шаруашылығы дрондарын шығаратын зауыт ашу бойынша келісім жасалған болатын. Жобаның болжамдық құны – 5 миллион АҚШ доллары. Қуаттылығы айына – 600 дана. Бүгінде қытайлық инвестор ғимаратты өндіріске бейімдеп, арнайы құрал-жабдықтарын жеткізе бастады. Жұмыстың басым бөлігін негізінен роботтар атқарады деп күтіліп отыр. Өңір басшысы инвестормен пікір алмасып, жобаға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Аталған зауыт ашылған соң елімізді ауыл шаруашылығы дрондарымен қамтуды көздеп отыр.
Өңір басшысы ауыл шаруашылығы техникалары мен тұрмысқа қажетті пакет шығаратын, жиһаз өндіретін және өзге де кәсіпорындарды аралап көрді. Жылу қазандықтарын құрастыру жоспары да пысықталды. Кәсіпкерлер мен инвесторлар өз кезегінде жұмысты бастауға қолайлы жағдай ұсынған облыс әкімдігіне ризашылықтарын білдірді. Алдағы уақытта өндірістік парк жаңа жобалармен толығады деп жоспарланып отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.