
Иорданияның Амман қаласында өткен бокстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Түркістан облысының Сауран ауданындағы Жүйнек ауылдық округінің тумасы, Жалил Абдуллаев атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Анвар Идрисов жүлделі ІІІ орын иеленді.
Жас спортшы байрақты бәсекеде табандылық танытып, ел намысын абыроймен қорғады. Бұл жетістікті Анвардың спортқа деген адалдығының, жылдар бойы жасаған қажырлы жаттығулары мен еңбегінің жемісі дер едік. Анвар Идрисовтың жеңісі – жеке жетістіктен бөлек, оның жаттықтырушылары, ұстаздары және отбасымен бірге туған ауыл – Жүйнек ауылы үшін де зор мақтаныш. Ауылдан шыққан жас спортшының халықаралық деңгейде топ жаруы – өскелең ұрпаққа үлгі, өңір жастарына шабыт береді.
Сауран ауданының әкімдігі Анвар Идрисовты, оның ата-анасын және бапкерін лайықты жеңісімен құттықтап, алдағы спорттық жолында сәттілік пен жаңа жетістіктер тілейді.
Иә, расында да, аталмыш бәсекеде қазақ жастары тарихи нәтиже тіркеді. Жуырда ғана Иордания астанасы Амман қаласында бокстан жасөспірімдер арасындағы, нақтырақ айтқанда, 15 жасқа дейінгі және 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты өтті. Бұл – жаңадан құрылған «World Boxing» ұйымының алғашқы құрлықтық жарысы. Міне, осы байрақты бәсекеге 18 елден 400-ден аса қатысушы жиналды және оның арасынан қазақстандық өрендер 16 мәрте алтын жүлде жеңіп алып, жалпы командалық есепте бірінші орынға жайғасты. Яғни, бізден кейін Өзбекстан құрамасы, Үндістан құрамасы, Қырғызстан, Иордания, Иран деген сияқты, міне, құрлығымыздағы барлық елдерден Қазақстан құрамасы ең жоғары нәтиже тіркеді және отандық спорт үшін тарихи жетістікке жетті.
Құрлықтық дода «World Boxing» аясында алғаш рет өтті. Онда еліміздің ұлдар және қыздар құрамалары барлығы 10 алтын медаль алды. Оның 5-еуі ұлдарға бұйырса, 5-еуі қыздардың еншісіне тиді.
Ел құрамасынан ұлдар арасында Жұмағали Нұрмахан (46 келі), Темірали Темірбаев (52 келі), Досжан Жұмахан (54 келі), Санжар Матасов (75 келі), Мұхамедали Рүстембек (80 келі) чемпиондық атаққа қол жеткізсе, Халиф Расул (50 келі) күміс жүлдегер болды.
Ал Рүстем Сапархан (48 келі), Анвар Идрисов (60 келі), Даниял Шалқарбай (66 келі) қола медаль алды. Аталған жастағы боксшыларды жарысқа аға бапкер Бағдат Оңғарбеков дайындады.
Ал қыздар құрамасында Марал Төлепберген (52 келі), Аяулым Оспанова (63 келі), Диляра Тұрсынбек (66 келі), Камила Оспанова (70 келі), Диана Надырбек (75 келі) жеңіс тұғырына көтерілсе, Фариза Тәжібаева (80 келі) күміс жүлдеге қол жеткізді.
Сондай-ақ Шұғыла Жарас (46 келі), Лашын Дәулетжан (48 келі), Балым Ғабитқызы (54 келі), Индира Қыдырмолдаева (57 келі), Айдана Әбдікерім (60 келі) және Елнура Қоңырат (80 келіден жоғары) үздік үштікті түйіндеді.
Қыздарды құрлықтық додаға аға бапкер Айбек Әбілда дайындады.
Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы топ жарды. Жас қазақстандық былғары қолғап шеберлері 44 медаль жеңіп алды: 16 алтын, 15 күміс және 13 қола. Екінші орынды 42 жүлдемен Өзбекстан иеленді (15 алтын, 15 күміс, 12 қола), ал үздік үштікті 43 медаль еншілеген Үндістан түйіндеді (15 алтын, 6 күміс, 22 қола).
Төртінші және бесінші орындарға Украина (5-7-24) мен Иран (1-5-5) құрамалары жайғасты. Азия чемпионатына барлығы 18 елдің спортшылары қатысты.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасының мүшесі Досжан Жұмахан 2025 жылғы Азия чемпионатының ең үздік боксшысы атанды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.