
Бүгін аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде елге еңбегі сіңген қоғам қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Түркістан облысының Құрметті азаматы Сексенбай Тұрысбекұлының 85 жас мерейтойына арналған «Адал еңбек, арлы ғұмыр, сара жол» атты кездесу кеші өтті.
Тағылымға толы басқосу Сексенбай Тұрысбекұлының адал еңбегі мен елге деген жанашырлығына құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Кешке зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер, қоғам белсенділері, Сексенбай Тұрысбекұлымен қатар қызмет еткен әріптестері мен замандастары қатысты.
Кеш шымылдығы аудан әкімінің орынбасары Серік Сахиұлының құттықтау сөзімен ашылды. Сонымен қатар, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Аманбекұлы абзал азаматтың ел дамуына қосқан үлесі жөнінде жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Кеш барысында ауданның дамуына өзіндік үлес қосқан ел ағалары, сала ардагерлері, зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, Сексенбай Тұрысбекұлының кәсіби және қоғамдық қызметтегі мол тәжірибесі мен тағылымды тұлғасын атап өтті.
Дәстүрлі ән өнерінің өкілі, республикалық Әміре Қашаубаев атындағы байқаудың лауреаты, ауданның Құрметті азаматы Кенжебай Шалдың орындауындағы ұлттық әндер көпшілік көңілінен шықты.
Кеш аясында Сексенбай Тұрысбекұлына арналған «Теріскейдің текті түлегі» атты естелік-кітаптың тұсаукесері өтті. Жаңа туындыда – елдікке қызмет еткен ардақты азаматтың ғұмыр жолы мен еңбекке толы өмір белестері қамтылған. Кітап авторы – белгілі журналист, қаламгер Өтеш Қырғызбаев.
Іс-шара соңында мерейтой иесіне құрмет көрсетіліп, ел ағалары мен достары аталық ақ баталарын беріп, ізгі тілектерін жеткізді.
Қазақ күресінен ел чемпионаты өтті
Сонымен қатар бүгін аудан орталығында орналасқан «Орталық саябақта» Қоғам қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Түркістан облысы мен Созақ ауданының Құрметті азаматы Сексенбай Тұрысбекұлының 85 жасқа толуына орай қазақ күресінен 90+ салмақта ерлер арасында ел чемпионаты өтті.
Аталмыш додаға еліміздің барлық өңірлерінен 28 палуан қатысып, бозкілем үстінде бақтарын сынады. Бұған дейін түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарып жүрген апайтөс палуандар бұл жолы да мықтыны анықтау үшін бар шеберліктерін көрсетті.
Жарыстың финалдық белдесуінде Жамбыл облысының палуаны Ғалымжан Қырықбаев пен Түркістан облысының палуаны Әбдіғали Бибарыс күш сынасып, нәтижесінде жамбылдық балуан Ғалымжан Қырықбаев қарсыласынан басым түсіп, түйе палуан атағын жеңіп алды. Бас жүлде ретінде жеңімпазға «Changan CS55 Plus» маркалы су жаңа автокөлік табыс етілді. Сонымен қатар жүлдегерлерге де қомақты қаржылай сыйлықтар үлестірілді.
Шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов және Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов сөз сөйлеп, мерейтой иесіне ізгі тілектерін білдірді. Ұлттық спорттың ұрпақтар сабақтастығындағы орны мен маңыздылығына тоқталды.
Дүбірлі бәйге ұйымдастырылды
Қоғам қайраткері, Түркістан облысы мен Созақ ауданының Құрметті азаматы, туған ел мен жер мүддесіне адал қызмет еткен Сексенбай Тұрысбекұлының 85 жасқа толуына орай ұйымдастырылған мерейтойлық шаралар орталық ипподромда жалғасын тапты.
Ұлттық ат спортына арналған тай, құнан, тоқ бәйге және аламан бәйге сынды дәстүрлі жарыстар өтті. Тай мен құнан бәйгесіне тек Созақ ауданының тұлпарлары қатысса, тоқ бәйге мен аламан бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен келген сәйгүліктер бақ сынады.
Тай және құнан бәйгелерінің жеңімпаздарына — «Chevrolet Monza» автокөлігі, тоқ бәйге мен аламан бәйге жеңімпаздарына — «Changan CS55 Plus» маркалы жаңа темір тұлпар табысталды. Сонымен қатар, 5-ші орынға дейін қомақты қаржылай сыйлықтар үлестірілді.
Аламан бәйгенің жүлдесін облыстық мәслихат депутаты, шараны ұйымдастырушы Мағауия Тұрысбеков табыстады. Өзге жүлделерді еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Аманғали Аймұрзаев және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов табыс етті.
Мерекелік шара соңында Түркістан облысының Құрметті азаматы Сексенбай Тұрысбекұлы барша жиналған жұртшылыққа ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.